Жалпақ балуанмен Ергенекке барған кім
Маңғыстау облысы • Бейнеу ауданы • Күйкен орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Салтанат Байманова
Пәні: Қазақ әдебиеті • Сыныбы: 7
Сабақ тақырыбы
Ғ. Мүсірепов — «Ананың анасы» әңгімесі
Сабақтың мақсаты
Білімдік
«Сөз зергері» атанған Ғ. Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығы туралы оқушылардың таным көкжиегін кеңейту, әңгіме мазмұнын ұғындыру.
Тәрбиелік
Мейірімділікке, ананы сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу; жақсылық атаулының күн нұрынан, ананың мейірімінен тарайтынын сезіндіру.
Дамытушылық
Оқушының өз бетінше салыстыру, зерттеу, қорытынды және тұжырым жасау дағдыларын дамыту; ой-өрісін, сөздік қорын, сөйлеу мәдениетін арттыру.
Сабақ форматы мен ресурстар
Түрі
Аралас сабақ
Әдістер
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Іздену
- «Бес жолды өлең»
- Топтастыру
Көрнекіліктер
Суреттер, үнтаспа, кеспе қағаздар, плакат.
Пәнаралық байланыс
География, тарих, ән, қазақ тілі.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
- Оқу құралдарын тексеру, сынып тазалығына көңіл бөлу.
- Топқа бөлу, зейінді сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын пысықтау
1) Мазмұндама бойынша
Бағаларды тексеру, қателер мен мазмұндау сапасына қысқаша талдау жасау.
2) С. Мұқанов «Саятшы Ораз» әңгімесі бойынша сұрақтар
- Жазушы Оразды қандай адам етіп суреттейді?
- Ораздың отбасы мүшелері кімдер?
- Ораз қандай құстарды баптады?
- Намыс пен борыш туралы кімнің сөзінде айтылады?
- Әңгіме тақырыбы не туралы?
- Мұқан не себепті күйеу баласының ауылына барады?
III. Қызығушылықты ояту
Ананың махаббаты
- Баланы ерекше жақсы көру
- Нәзік сезім
- Жүрек жылуы
Ананың тілі
- Жылы сөз
- Еркелету
- Мейіріммен сөйлеу
Ой қозғайтын сұрақтар
- Дүниеде не қымбат?
- Ананы қай кезден бастап іздейсің?
- Ананың махаббаты қандай?
- Сенің ең жақын досың, ұстазың кім?
- Алысқа кеткенде ең алдымен кімді сағынасың?
IV. Жаңа сабақты түсіндіру
«Ана, сен бақыттысың, жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!»— Мұқағали Мақатаев
Бүгінгі сабақта Ғ. Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесі қарастырылады.
Ғ. Мүсірепов туралы қысқаша дерек
Ғабит Мүсірепов 1902 жылы 22 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Тоғыз жасқа дейін ауылында хат танып, 1916–1921 жылдары қазақ-орыс мектептерінде білім алған.
- жазушы
- драматург
- әдебиеттанушы
- киносценарист
- қоғам қайраткері
- академик
«Ананың анасы» әңгімесінің мазмұны
Әңгіме соқыр қарт Әйтілестің естелігі ретінде өрбиді. Жалпақ балуан Бала бидің батыры ретінде Ергенекті елін шабуға аттанады. Ол Ергенекті елінің өздеріне екі рет шапқыншылық жасағанын айтады: бірінде өзі тоналған, екіншісінде қалыңдығы тартып алынған.
Жорық үстінде Жалпақ балуан жылқысын айдап келе жатып, бота көзді, тезек теріп жүрген жас қызды көріп, «сауға» деп атына өңгеріп алып кетеді. Қыздың әкесі «аттарды алғаның алған, жылқышының қызында нең бар?» деп тоқтау айтады. Осы тұста Жалпақ балуан Кейкіге ым жасап, күш көрсеткісі келеді.
Аралдың басындағы бір төбеден бір әйел бәрін тоқтатып, өзін «әйелмін» деп таныстырады. Қыз шешесіне қарай ұмтылады. Әйел басынан өткенін баяндайды: арбакеш Сонардың қызы екенін, Байсары байға, одан өздері шапқан Сары байдың қолына түскенін, бәйгіге тігіліп қор болғанын айтады. Ол қызының тағдыры өз өмірін қайталамауын тілеп, Жалпақ балуанның ар-ұятына әсер етеді. Ана сөзінен кейін Жалпақ балуан жібіп, екеуіне бостандық береді.
Қарт сөзінің соңында Жанай балуанның жиі айтатын бағасын келтіреді: «Шіркін, әйелдің де — әйелі еді…»
Кейіпкерлер
Әйтілес, Жанай балуан, Жалпақ балуан, Бала би, Кейкі, Ана, қыз, Сонар, Байсары, Күлтеке, Сары, Қайрақ.
V. Шығарманың композициялық құрылысы
- Басталуы
- Соқыр қарт Әйтілестің әңгімесі.
- Байланысуы
- Жалпақ балуанның Ергенекті елін шабуға аттануы.
- Шиеленісуі
- Барымта. Тезек теріп жүрген жас қыздың олжалануы.
- Шарықтау шегі
- Ананың құдіреті, Кейкінің үкімі.
- Шешімі
- Жалпақ балуанның Ана мен қызына бостандық беруі.
VI. Топтық жұмыс: тілдік ерекшеліктер
I топ — «Әйтілес» тобы: портрет
Портрет — әдеби кейіпкердің сыртқы бітімін, кескін-келбетін, бой-тұлғасын, жүріс-тұрысын суреттеу.
- Әйтілес — аппақ, ақ қарбас, соқыр, балуан бармақты.
- Ана — боз көйлегі жырым-жырым; қолдары қарғаның тұяғындай қап-қара; ерні қырық тілінген, жарық-жарық; түйілген қабағы мен от жанған көзінен қайсарлық сезіледі.
- Жалпақ балуан — жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, сыртынан қарағанда құйған пештей.
Тапсырма: Ананың портретін тауып, мәнерлеп оқу.
II топ — «Бала би» тобы: пейзаж, метафора, эпитет
Пейзаж — көркем әдебиеттегі табиғат суреті.
«Жалпақ жаз, сай-салада сағым ойнаған саршаның тамызы. Саяз жайлаудың жан-жануары көлге тығылып қана сая табады. Күннің көзі өзі де күнұзаққа көлге шомылып жанын сақтайтындай…»
Метафора: «қара таңба», «бір қара көрінді».
Эпитет: кең өмір, сарғылт көңіл, жалпақ жаз, ескі күндер, қалың жылқы, найза бойы, шаңқай түс.
Талқылау: Табиғат дегеніміз не?
III топ — «Жалпақ балуан» тобы: теңеу, тұрақты тіркес
Теңеу — затты не құбылысты екінші бір зат/құбылыспен салыстыру.
Теңеулер
іркіт сабасындай; жауырыны қақпақтай; жұдырығы тоқпақтай; оқтаудай; ұршықтай; етектей сақал.
Тұрақты тіркестер
ат құлағында ойнау; болат жүрек; көз салу; тірегі сынбау; қанаттан қан жау (тіркес ретінде).
Географиялық атаулар
Үркер, Шолпан.
IV топ — «Байсары» тобы: антоним, дисфемизм, көнерген сөз
Антонимдер
оң — сол; өлі — тірі; ашу — жұму.
Дисфемизм
жағымды ұғымды әдейі жағымсыз реңкпен айту: «қар қатын», «байым өліп…»
Көнерген сөздер
жабағы, күпі, тоқым, құл, күң, барымта.
VII. Шығармашылық жұмыс
I топ: «Табиғат ана» топтастыру
Дүниеде екі ана бар: бірі — табиғат ана, екіншісі — адамның анасы. Табиғаттың құдіретін ана ұғымымен қатар айтуымыздың себебі неде?
- Жер — Ана
- Су — Ана
- Ауа — Ана
- Отан — Ана
II топ: «Бес жолды өлең»
- Зат есім: Ана
- Сын есім (екі сөз): мейірімді, қамқор
- Етістік (үш сөз): мәпелейді, өсіреді, тәрбиелейді
- Сөйлем (төрт сөз): шырылдап жерге түскен кезде
- Түйін (бес сөз): Ана — ақылшың, ұстазың, досың, қамқоршың
III топ: Ана туралы мақал-мәтелдер
- Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.
- Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді.
- Ақ шашты ана: «Жастығым — балам» дейді. Ақылды бала: «Ай-күнім — анам» дейді.
- Ана алдында — құрмет, ата алдында — қызмет. Ақ жаулығы ананың — ақ көрпесі баланың.
- Ағайын — алтау, ана — біреу.
- Ана алақанының аясы — ақ шынардың саясы.
- Анаңа ауыр сөз айтпа! Атыңа ауыр жүк артпа!
- Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.
IV топ: ой-толғау
Тақырып: «Әлемдегі асыл жан». Ана бейнесі, мейірім, парыз, құрмет ұғымдарын байланыстыра отырып шағын ой-толғау жазу.
VIII. Сабақты бекіту: сөзжұмбаққа арналған сұрақтар
Сөзжұмбақ шешімі табылғанда, әңгімедегі кейіпкердің есімі шығады.
- Ана өзін Жалпақ балуанға кім деп таныстырды?
- «Әйелдің де — әйелі» деп баға берген кім?
- Сары байға әйелді бәйгіге берген кім?
- Жалпақ балуанмен Ергенекке барған кім?
- Ергенек еліне бара жатқанда Жалпақ балуан мен Кейкі қайда түнейді?
- Әйел Жалпақ балуанға қай елге сәлем айт деді?
- Әйелдің әкесінің есімі кім?
Қорытынды ой
Қай заманда да ананың бейнеті ауыр. Түн ұйқысын төрт бөліп, бағып-қағып өсірген ата-ананы жалғыз қалдыру немесе қарттар үйіне тапсыру — қазақы танымға жат. Осындай келеңсіз жағдайлардан аулақ болып, аналарыңның өлшеусіз еңбегін бағалап, өмір бойы қамқор болыңдар.
«Ана керек, о адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық па дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ, сыйлау үшін ананы.»— Т. Айбергенов
Демек, ананы құрметтеу — тек сөз емес, күнделікті әрекет пен мінезден көрінетін өмірлік ұстаным.
IX. Үй тапсырмасы
- «Ананың анасы» әңгімесінің мазмұнын әңгімелеп беру.
- «Ананың ұлы махаббаты» тақырыбында қазіргі кезеңмен байланыстыра отырып ой-толғау жазу.
X. Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен сабаққа белсенді қатысуына қарай білімдері бағаланады.