Сахнада Ратай Сара Туған жер әні
Концерттік бағдарлама: «Мақтанышым – Тәуелсіз Қазақстан»
Мақсаты
- Қазақ елінің жүріп өткен жолын, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін таныта отырып, оны мәңгі есте сақтау қажеттігін түсіндіру.
- Оқушыларды Отанды сүюге, туған жерге сүйіспеншілігін арттыруға, саналылыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Форматы мен көрнекіліктер
Түрі: әдеби-музыкалық монтаж.
Көрнекіліктер: нақыл сөздер, жалаулар, суреттер, рәміздер, слайдтар.
Өту барысы (қысқаша)
Кеш басталар алдында сахна экранынан Қазақстан туралы слайд көрсетіледі. Слайд аяқталған соң фанфар ойнап, ортаға екі жүргізуші шығады.
Кіріспе сөз
1-жүргізуші
Қазақ елі тәуелсіздігін алғанына биыл 21 жыл толды. Өз алдына егемен ел болып, тәуелсіз мемлекет атану — қазақ халқы үшін үлкен қуаныш. Өз елін, кіндік қаны тамған туған жерін, ана сүтімен дарыған туған тілін қадірлемейтін жан жоқ. Біздің туған еліміз — Қазақстан! Даласы — көз жетпейтін кең, таулары — айбатты, халқы — мерейлі ғажайып өлке.
2-жүргізуші
Еркіндік пен азаттық — халқымыздың ежелгі арманы. Атажұрт үшін, азаттық үшін жан беріп, жан алысқан сұрапыл шайқастар өтті. Сол қақтығыстарда талай арыстың қаны төгіліп, жаны қиылды. Тамыры тереңге байланған алып бәйтеректей қазақ халқы талай боздағынан айырылды, талай тозақты көрді, талай теңселді, бірақ құламады. Бүгінде біз — тәуелсіздіктің берік тұғырына қонған егемен елміз.
Жүргізушілер бірге: Қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Бүгінгі салтанатты кешімізді ашу үшін сөз мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Оразқұлова Ділбархан апайға беріледі.
Мемлекеттік Гимн
2-жүргізуші:
Әнұраным — жанұраным,
Айтар әнім — сөйлер сөзім.
Туған жерім — сағынарым,
Мәңгі бақи шырқалады
Республикам әнұраны!
Желтоқсан: тарихи сәт және тағзым
Сұрақ
2-жүргізуші: Сонымен, Желтоқсан оқиғасы не себептен болды, оған кімдер қатысты, сол кезде бұл оқиғаға қандай баға берілді?
1-жүргізуші: Иә, ол күн — тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың 16 желтоқсаны еді. Таңертеңгі сағат 10:00-де бар-жоғы 18 минуттың ішінде 26 жыл бойы республиканы басқарған Дінмұхамет Қонаев қызметінен босатылып, оның орнына Колбин ешкімнің пікірінсіз ұсынылды.
Өлең жолдары
2-жүргізуші:
Келді осылай аңсаған күніміз де,
Көптен күткен тәуелсіздік келді бізге.
Қайта оралды сан ғасырлық қиындықтан,
Қасиетті тіліміз бен дініміз де.
1-жүргізуші:
Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өрендер ақталады.
Ел намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктері мәңгілік сақталады.
Еске алу
Құрметті қонақтар, Желтоқсан құрбандарын еске алайық.
1 минут үнсіздік — тағзым мен құрметтің белгісі.
Желтоқсан — қасірет пен қайсарлық
1-жүргізуші: 1986 жыл, 16 желтоқсан — ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жақын, әрі қаралы күн еді.
Мұз жастанып азаттықтың жолында,
Тәуелсіздік туы тұрды қолында.
Сойыл-таяқ ойнаса да жанында,
Отан үшін жанын қиды ұлдарың,
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың.
Ұмытылмас ызғар
2-жүргізуші:
Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде Желтоқсанның ызғарын.
Желтоқсан-ау, ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке.
Егемендік тиді бүгін еншіме,
Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке.
1-жүргізуші: Кезекті Желтоқсан оқиғасына арналған көрініске кезек берейік.
1-жүргізуші: Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ, туымызды бізге ешкім сыйлаған жоқ. Ел тізгінін қолына алу жолында талай қазақтың қыршын кеткен ерлері болды.
2-жүргізуші: 16 желтоқсан — қазақ ұлты үшін ерекше қастерлі күн. Бұл дата Қазақстанның мемлекеттік егемендігін жариялаған күні ретінде ғана емес, халықтың тоталитарлық режимге қарсы бас көтерген Желтоқсан көтерілісінің символы ретінде де айрықша мәнге ие. 1986 жылы Алматыдағы Республика алаңында басталған оқиғалар қазақ тарихындағы Кенесары Қасымұлы, Исатай мен Махамбет, Сырым Датұлы секілді ұлт тұлғаларының күресімен рухтас.
1-жүргізуші: Ендеше Әбдіірбек ағамыз бен Майра апайымыздың орындауындағы «Желтоқсан желі» әнін экраннан тамашалайық!
Өнер бағдарламасы: ән, күй, жыр
Ән
2-жүргізуші:
Сенен артық қасиет жоқ, жер тегі,
Сен — ұрпақтың күліп атар ертеңі.
Тағдырыңды тапсыр маған, туған жер,
Көркейтуге міндеттімін мен сені!
Орынтаев Балғын — «Жеңіс туы желбіреп»
Отан туралы ой
1-жүргізуші: Отан. Атамекен. Атажұрт. Тарих. Бұл — әр құлаққа асқақ естілетін асыл ұғымдар. Адам ес жиып, етек жая бастаған сәттен-ақ Отанының тарихына ден қояды.
2-жүргізуші: Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Табиғат байлығымен ғана емес, сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен де танылды. Қазақстан — өңірлік деңгейде ғана емес, әлемдік мәселелерді талқылап, шешуде ықпалы бар ел.
Тарихи шолу
1-жүргізуші: Ендеше, еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылдық тарихына үңілейік. Экранға назар аударайық!
1-жүргізуші:
Думан қызсын, көрсетсін ел өнерін,
Жатыр небір айтылып сөз де керім.
Ән бұлағы қайнарынан қанып ішкен,
Көрсетсін оқушылар өз өнерін.
Ән
Ратай Сара — «Туған жер»
Ой-толғау (экран)
2-жүргізуші:
Тәуелсізбін, тәуелсізбін мен бүгін,
Келді, міне азаттығым, теңдігім.
Бостандықта байлығым мен ендігім,
Шешіл енді, шемен болған шерлі үнім.
Жас ақын
1-жүргізуші: Аудандық «Жас ақындар жырлайды» мүшайрасына қатысып, алғыс хатпен оралған 5-сынып оқушысы Зинабдуллаев Бекнұрды «Тәуелсіз Қазақстан» өлеңімен қарсы алайық!
1-жүргізуші:
Желтоқсан айы, естесің,
Дауыл боп бұрқан-сепкенсің.
Азаттық күні қашаннан
Көкейін елдің тескенсің.
9 «Ә» сынып оқушылары Қайырханова Зағира мен Рысқұлбек Бағдат — «Сәлем саған, туған ел»
Елорда туралы бөлім
1-жүргізуші: Сарыарқа даласында, Есіл өзенінің жағасында әлемді өзіне қаратқан жаңа қала бой көтерді. Ол — біздің Елордамыз. Астана — тәуелсіздігіміздің айқын белгісі емес пе?
2-жүргізуші: Достық пейіл — татулықтың тірегі. Біздің халық бейбіт өмір сүреді. Бар әлемді бір өзіне қаратқан Елордамыз — Еуразия жүрегі!
Жүргізушілер: Жаңа елорда — Қазақстанның жаңа болашағына бастар жарқын беташар.
Рсалиев Мадияр — «Астана – Азияның ару қызы»
Әлімбек Жадыра — «Астана»
Датай Дидар — «Бәйтерек»
Ән
2-жүргізуші: Сахнада Сейдалиев Нұрболат — «Өз елім». Қошеметпен қарсы алайық!
Ән
2-жүргізуші: Сахнада Құдайберген Досжан — «Жаса, қазақ». Қошеметпен қарсы алайық!
Күй
2-жүргізуші: Сүлейменов Біржанның орындауында Құрманғазының «Адай» күйі.
Хор
1-жүргізуші: 5-сынып оқушыларының орындауында «Атамекен» хоры.
Қорытынды тілек
1-жүргізуші:
Осындай еркіндікті ел тілесін,
Бақыт құсы басымызға еркін келсін.
Ал енді тәуелсіздік құтты болып,
Көк байрақ мәңгі бақи желбіресін!
2-жүргізуші:
Намысты от-жалынға шыңдайық біз,
Қайраттың ерлігіне лайықпыз.
Желтоқсанға 20 жыл толған екен,
Әумин, қабыл болсын жыр-әніміз!
1-жүргізуші: Осымен бүгінгі концерттік бағдарламамыз өз мәресіне жетті. Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!