Оқушыларға бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша туралы жан - жақты түсінік беру

Сабақ туралы мәлімет

Өңірі
СҚО, Аққайың ауданы, Смирнов ауылы
Пән мұғалімі
Исмакова Ғалия Серікқызы (қазақ тілі мен әдебиеті)
Сабақтың тақырыбы
Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша
Сабақ түрі
Жаңа сабақ
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, түсіндіру, ой қозғау
Көрнекілігі
Интербелсенді тақта, кеспе қағаздар, плакаттар

Мақсаты мен міндеттері

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың білімін тереңдету арқылы ойлау белсенділігін арттыру; ауызша және жазбаша жүйелі сөйлеу тілін дамыту; топта жұмыс жасауға дағдыландыру; өз ойын еркін әрі ашық жеткізуге үйрету; алған білімін тәжірибеде қолдану және шығармашылық қабілеттерін шыңдау.

1) Білімділік

Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша туралы жан-жақты түсінік беру.

2) Дамытушылық

Сөздік қорды молайту; ойлау қабілетін дамыту; өз ойын жүйелі жеткізуге, жеке және топпен жұмыс істеуге үйрету.

3) Тәрбиелік

Дүниетанымдық көзқарасты кеңейту; рухани-адамгершілік дағдыларды қалыптастыру; қазақ тіліне қызығушылықты арттыру.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу
  • Кезекшімен сұхбат
  • «Шаттық шеңбері»

Мейірімді жүрекпен,
Ақпейілді тілекпен,
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық!

Қуан, шаттан, қуан, шаттан!
Қуанатын күн бүгін.
Қайырлы күн, қайырлы күн —
Күліп шықты күн бүгін.

Бағалау тәсілі: әрбір дұрыс жауап үшін оқушыға жұлдызша беріледі. Сабақ «ертегі-сабақ» түрінде өтеді: ертеде кемпір мен шал болыпты. Кемпір: «Шал менің сұрағыма дұрыс жауап берсең, саған бауырсақ пісіріп беремін», — депті.

II. Үй жұмысын тексеру

Әр сұраққа жауап берген оқушы бір жұлдызшадан алады. Өткен сабақта меңгерген тақырыптарды еске түсіреміз:

  1. Баяндауыш дегеніміз не? Қандай сұрақтарға жауап береді?
  2. Баяндауыш құрылысына қарай неше түрге бөлінеді?
  3. Үйірлі баяндауышқа мысал келтір.
  4. Баяндауыш болатын сөз таптарын ата.

Алдыңғы сабақта «Мемлекеттік тілді игеру — әрбір азаматтың ізгілікті борышы» тақырыбында шағын шығарма жазу тапсырылған. Әр топтан бір оқушы ортаға шығып, шығармасын оқиды (бағалау жүргізіледі).

Ертегі желісі бойынша: кемпір қап түбіндегі ұнға қаймақ қосып, бауырсақ илейді; пісіріп, суытуға қояды. Жата-жата іші пысқан бауырсақ домалап қашып кетеді.

III. Жаңа сабақ

Тақырып: Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша

Оқушылар дәптерлерін ашып, күнді жазады. Жаңа тақырып бойынша мысалдарды дәптерге көшіреді.

Мысалдар

  1. Бұл – үлкен қуаныш. Ол – қазір театр директоры.
  2. Қыздардың үлкені – Жадыра.
  3. Тыңдау – мәдениеттіліктің белгісі.
  4. Бес жерде бес – жиырма бес.
  5. Жүз – жиырма беске бөлінбейді. Жүз жиырма – беске бөлінбейді.

Ертегі желісі (оқу әрекетіне кіріктіру)

Бауырсақ қоянға кездеседі. Қоян: «Менің тапсырмамды орындамасаң, жеп қоямын», — дейді. Оқушылар тапсырма орындау арқылы бауырсақты құтқарады.

Тапсырма 1

Төмендегі сөйлемдерде қажет жеріне сызықша қойып, дұрыс нұсқасын жазыңдар:

  • Бұл Марқакөл ауданының орталығы.
  • Жамбылдың түнгі серігі тәтті қиялы.
  • Қой бағу қиын кәсіп.
  • Жақсы ісімен жақсы.
  • Жүз жиырма беске бөлінбейді.
  • Көкпардың серті сол.
  • Ол біздің молда.
  • Солтүстік Қазақстанның облыс орталығы Петропавл.

Ертегі желісі бойынша: бауырсақ қояннан құтылып келе жатып, қасқырға кездеседі. Қасқыр: «Егер менің тапсырмамды орындасаң ғана жіберемін», — дейді.

Тапсырма 2 (топтық жұмыс)

Оқушылар 4 топқа бөлінеді. Әр топ үйден дайындап келген материалын плакатқа түсіріп, сынып алдында қорғайды. Қалған топтар бағалайды, соңында бақылаушылардың пікірі тыңдалады.

I топ

Үндістан мемлекетін таныстырады.

II топ

Өзбекстан мемлекетін таныстырады.

III топ

Қытай мемлекетін таныстырады.

IV топ

Ресей мемлекетін таныстырады.

Бақылаушылар: Фариза, Руслан, Гүлмира.

Ертегі желісі бойынша: бауырсақ домалап келе жатып, аюға кездеседі. Аю: «Мен әлем елдерін көргім келеді. Егер сен менімен бірге барсаң, мен сені жемеймін», — дейді.

Қорытынды және рефлексия

  • Бүгінгі сабақ маған несімен ұнады?
  • Бүгінгі сабақтағы көңіл күйіңді сурет арқылы көрсет.
  • Сабақ барысында қандай қиындықтар болды?

Үй тапсырмасы

1) Салыстыру

Екі елді салыстырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын Венн диаграммасы арқылы жазып кел.

2) Теория

Ережені жаттау.

Бағалау

Әр топ өз жұлдызшаларын санап, нәтижесін мұғалімге хабарлайды.