Құрмалас сөйлемдердің тыныс белгілері
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Сабақтың тақырыбы
- Құрмалас сөйлемдердің тыныс белгілерін қайталау
- Сабақтың түрі
- Қорытынды-іздендіру сабағы
- Сабақтың әдістері
- СТО, талдау, салыстыру, іздендіру, шығармашылық жұмыс
- Көрнекіліктер
- Мәтін жазылған парақшалар, семантикалық карта, билет сұрақтары, интерактивті тақта
- Пәнаралық байланыс
- Әдебиет
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- Құрмалас сөйлем туралы білімді тереңдету, оның түрлерін ажырата білуге баулу.
- Тыныс белгілерінің қойылу орындарын меңгерту.
- Оқушылардың теориялық білімін жүйелеу және дамыту.
Дамытушылық
- Ізденімпаздық қабілетті қалыптастыру, шығармашылықпен жұмыс істеуге жетелеу.
- Құрмалас сөйлемдердің ойды жеткізудегі рөлін практикалық тұрғыда дәлелдету.
- Ойды ауызша және жазбаша түрде сауатты жеткізуге төселдіру.
Тәрбиелік
- Үнемі оқуға ынталандыру, оқығанын зерделеп, қорытынды жасай білуге бағыттау.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Жағымды көңіл күй қалыптастыру.
- Жеміс таңдау арқылы 4 топқа бөлу.
- Топ басшысын сайлау.
- Топ ережесін құрастыру.
2) Қызығушылықты ояту
Тыныс белгілеріне байланысты жұмбақтар шешіледі. Нәтижесінде сабақтың тақырыбы айқындалады: құрмалас сөйлемдердің тыныс белгілері.
Ойдың аяқталуын күтпейді,
Оны қойсаң, сөйлем бітпейді.
Сырғалы құлақ бір,
Үн-түнсіз сұрап тұр.
Қадалды бір ине
Нүктедей түймеге.
3) 1-тапсырма: «Құпия сандар сыры»
Оқушылар түрлі түсті парақшаларға жазылған 2, 3, 6, 1 сандарын таңдап алады. Әр санның құрмалас сөйлем тақырыбына қатысын дәлелдейді, ал көрші топ жауапты толықтырып отырады.
1
Талғаулы және кезектес салаластың жасалу жолы — 1.
2
Салалас құрмаластың 2 түрі бар: жалғаулықты және жалғаулықсыз.
Көп бағыныңқылы сабақтастың да 2 түрі бар: сатылы және жарыспалы.
3
Құрмалас сөйлем 3 түрге бөлінеді: салалас, сабақтас, аралас.
6
Салаластың да, сабақтастың да 6 түрі бар.
4) 2-тапсырма: Топтық жұмыс
Берілген тыныс белгілеріне (үтір, сызықша, қос нүкте, сондай-ақ тыныс белгісі қойылмайтын орындар) сүйене отырып, олардың қай құрмалас түрлерінде қолданылатыны дәлелденеді.
5) 3-тапсырма: Мәтінмен жұмыс
- Әр топқа мәтін беріледі.
- Мәтіндегі қажетті жерлерге тыныс белгілері қойылады.
- Мәтіндер көрші топтармен алмастырылып, өзара тексеріледі.
- Интерактивті тақтадағы дұрыс нұсқамен салыстырылып, қорытынды жасалады.
Әр тапсырманың нәтижесі түрлі түсті стикерлер арқылы бағаланады.
6) 4-тапсырма: «Билет» арқылы талдау
Әр топ билет суыру арқылы құрмалас сөйлем алады да, сөйлем мүшелері бойынша талдайды.
1-топ
Манағы даурыққан айғай-шу мен берекесіз абыржулар басылып, ұйымшыл бір тәртіп орнады да, әр топ өздерінің арнаулы тапсырмаларын орындауға жұмылды.
2-топ
Ерасыл да найзаны бар күшімен сермеді, оған ағындап келе жатқан қабанның екпіні қосылып, ұңғысына дейін еніп кетті.
3-топ
Бір күні ауданнан қос ат жеккен шана келді — Мыңбұлақтың сақшысындай болып тұрған Байшынарға қарай беттеді.
4-топ
Мен солардың бәрін өз мақтаным үшін жазғаным жоқ: мақтан үшін жазылған, айтылған сөздің құны болмайтынын жақсы білемін.
7) 5-тапсырма: Семантикалық карта
Тапсырма 4 топқа бөлініп орындалады: әр топ берілген байланысу түрлері бойынша сөйлемдер құрастырады.
1-топ
Себеп-салдар, ыңғайлас салалас, қимыл-сын бағыныңқы сабақтас құрастыру.
- Бұл хабарды Гүлнар қуанышпен қарсы алды, өйткені оның үйі Сарысу құятын жерден алыс орналасқан.
- Бұл хабарды Гүлнар қуанышпен қарсы алды және оның келуіне қарай үлкен дайындыққа кірісті.
- Бұл хабарды Гүлнар қуанышпен қарсы алып, оларды күтіп алуға көлік жіберді.
2-топ
Себеп-салдар, түсіндірмелі салалас, қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрастыру.
- Маған мына кітап қатты ұнады, сол себепті оны тағы бір рет оқып шығайын дедім.
- Маған мына кітап қатты ұнағанмен, оны тағы бір рет оқып шығуға уақытым болмай жүр.
- Маған мына кітаптың ұнағаны соншалық — уақыттың қалай өткенін байқамай қалдым.
3-топ
Себеп, мақсат, қимыл-сын бағыныңқы сабақтас құрастыру.
- Қатарында бөгде кісілер болғандықтан, Жанат Қуанышқа айтам деген сөзін әлі бастаған жоқ.
- Оның ойын анықтап алу үшін, Жанат Қуанышқа айтам деген сөзін әлі бастаған жоқ.
- Оның ойға шомған күйін байқаған күйі, Жанат Қуанышқа айтам деген сөзін әлі бастаған жоқ.
4-топ
Қарсылықты, себеп бағыныңқы, түсіндірмелі салалас құрастыру.
- Таң алдында бір сағат мызғығаны болмаса, Күләш бұл түнді ұйқысыз өткізді.
- Баласының тағдырын уайымдағандықтан, Күләш бұл түнді ұйқысыз өткізді.
- Айнаш сөзінің ойландырып тастағаны сондай — Күләш бұл түнді ұйқысыз өткізді.
Бағалау
Кері байланыс форматы: «Екі жұлдыз, бір тілек». Оқушылар екі жағымды тұсты атап, бір ұсыныс білдіреді.
Үй тапсырмасы
«Ұқсастық пен даралық» стратегиясы бойынша жұмыс: себеп бағыныңқы, қарсылықты бағыныңқы, шартты бағыныңқы түрлерін салыстыру.
Сонымен бірге салалас пен сабақтасқа қатысты көркем әдебиеттен мысалдар теріп, дәлелдеп келу.
Рефлексия
Сабақ соңында оқушылар өз жұмысына талдау жасап, қандай тұстарды меңгергенін және нені қайталау қажет екенін қысқаша қорытындылайды.