Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөзбен әсем әуенді ғана естиді

«Бақыт құшағында» (7-сынып)

Құндылық

Ақиқат

Қасиеттер

Имандылық, игілік, бақыттылық

Мақсаты

Оқушыларға бақытты болу үшін не істеу керектігі туралы ойландыру арқылы «ақиқат» құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері

  • Адамның бақытты болуы үшін игілік қасиеттерінің маңызын ашу.
  • «Өмірде бақытқа қалай жетуге болады?» деген сұраққа жауап іздету арқылы өмірдің мәнін түсінуге ықпал ету.
  • Имандылыққа тәрбиелеу.

Ресурстар

Оқу құралдары, қосымша мәліметтер, музыка (пианино және скрипка).

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сабаққа қажетті оқу құралдарын еске салу.
  • «5Т» ережесін еске түсіру.

2) Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Музыка: пианино және скрипка

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен біртіндеп ашылып келеді. Балғын әрі таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді тазалап, жүрегіңіздің жұмсақтығын оятады.

Нұр сәулесінің бойыңызға ақырын тарағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түседі. Осы нұрды оймен қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарасын: аяқтарыңыз да нұр шашады. Олар сізді жақсылық жасауға жетелейтін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббаттың құралына айналады.

Енді нұр аузыңызға, тіліңізге тарасын: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөздерді айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз: құлақтарыңыз жақсы сөзді, әсем әуенді ғана естиді.

Нұр көздеріңізге де жетсін: көзіңіз тек жақсыны көріп, әр нәрседен жақсылықты аңғарады. Басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, санаңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте қарқындап, шұғылаға айналады. Ол сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз — олардың да жүрегі нұрға толсын.

Нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілікке таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр жіберіңіз.

Ойша айтыңыз: «Мен нұрдың ішіндемін. Нұр менің ішімде. Мен — Нұрмын».

Осы тыныштық күйінде сәл отырыңыз. Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем сіздің жүрегіңізде. Осы әсем күйді сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.

3) Сұрақ-жауап

  • Бақытты болу дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Өмірдегі әр қуанышты сәттің мәні неде?
  • Бақытқа жету үшін адам не істеуі керек деп ойлайсыңдар?
  • Қандай адамды «басына бақ қонған» деп айтуға болады?

4) Әңгімелеу

Қ. Толыбаева — «Бақытқа барар жол»

Шәкірттер ұстаздан қандай тақырыпта әңгіме айтып беруді өтінді?
Ұстаз бақыт туралы қандай ой айтты?
Сендер бақытты қалай түсінесіңдер?
Бақытқа жету үшін не істеу керек деп ойлайсыңдар?
Бұл ойларды өз өмірлеріңде қаншалықты ұстанасыңдар?

5) Дәйексөзбен жұмыс

«Бақыттың мәні — парасаттылықта, әр кісінің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде. Ол мақсат кездейсоқ рақат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында; адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында».
Әл-Фараби
«Ізгілікті мақсат қоя білу» дегенді қалай түсінесіңдер?
«Кездейсоқ рақат үшін емес» деген ой нені меңзейді?
«Шынайы игілік» дегеніміз не?
«Мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттау» дегенді қалай түсінесіңдер?
«Кімде-кім ниетін имандылыққа, тазалыққа, тілін шындыққа, өзін тыныштыққа, мінезін туралыққа, құлағын тыңдаушыға, көзін өнегелі бақылаушыға айналдырған болса, демек ол — бақытты».
Құран Кәрімнен

6) Шығармашылық топтық жұмыс

1-топ

«Ата-ана бақыты» тақырыбына ой-толғау жазу.

2-топ

«Бала бақыты» тақырыбына өлең құрастыру.

3-топ

«Адам үшін бақыт — ол…» тақырыбына постер жасау.

7) Үй тапсырмасы

36–37-бет: «Бақыт деген — бақ құсы» (Ж. Калжанова) өлеңін оқу.

38–39-бет: «Бақыт дегеніміз» (Б. Момышұлы) әңгімесін оқып, өлеңмен салыстыру.

8) Ән айту

«Алдымнан шық» — «Жүректен жүрекке»

Махаббат қайда деме — жүрегіңде,
Шапағат қайда деме — тілегіңде.
Берекем қайда деме — отбасында,
Мерекем қайда деме — көп қасында.

Ай, күнім қайда деме — аспаныңда,
Байлығым қайда деме — бас жағыңда.
Қайғы, мұң қайда деме — қас қағымда,
Тірлігім қайда деме — таң атқанда.

Ырзығым қайда деме — Жаратқанда.

Мектеп және мұғалім

Білім беру ұйымы

Ш. Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты

Мұғалім

Молдасарина Г. К.