Айгүл мен Марат қандай балалар

Сабақтың тақырыбы және мақсаты

Сабақтың тақырыбы: «Кел, балалар, оқылық!» және заттың қимылын білдіретін сөздер.

Негізгі мақсаттар

  1. Оқушылардың заттың қимылын білдіретін сөздер туралы түсінігін кеңейту.
  2. Өлеңді мәнерлеп, түсініп оқуға дағдыландыру; сөйлеу тілін, логикалық ойлауын, сөздік қорын дамыту; инновациялық технологияларды қолдану арқылы танымдық қабілетін арттыру.
  3. Білімсүйгіштікке және адамгершілікке тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Психологиялық дайындық

Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпенен біз.

Ұранымыз:
Таудай талап — талабым,
Оқып білім аламын.

2) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың зейінін сабаққа аудару, сыныптағы жұмыс ырғағын біріздендіру.

3) Үй тапсырмасын тексеру

  • «Қайдан келдің, Бауырсақ?» өлеңін оқыту.
  • Нанның дастарқанға қалай келетіні туралы әңгімелесу.
  • «Нан еңбекпен табылады» деген ойдың мәнін талқылау.

4) Қызығушылықты ояту

Өзектілігі

  • Өткен тақырып пен жаңа білімді байланыстыру.
  • Оқушының белсенділігін арттыру.
  • Сұраққа жауап беретін сөздерді ажырата білуге үйрету.
  • Өздігінен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру.

Оқушылар тақтадағы суреттерді анықтап, «кім?» сұрағына жауап беретін сөздерді бір бөлек, «не?» сұрағына жауап беретін сөздерді бір бөлек топтастырып жазады.

Ереже: Заттың атын білдіретін сөздерге кім? кімдер? не? нелер? сұрақтары қойылады.

Осы сәтте ертегі әлемінен Алдар Көседен хат келеді. Оқушылар хатты мұқият тыңдап, тапсырманы орындауға кіріседі.

Алдар Көсенің хаты (үзінді)

Сәлеметсіңдер ме, 1-сынып оқушылары! Сабақтарыңды жақсы оқып жүрсіңдер ме? Мен бір қиындыққа тап болдым. Бар үмітім — сендерде. Мен Шығайбай деген баймен бәске түстім. Ол маған: бір параққа жазылған хаттан жылқының және тазы иттің атын тапсам, жіберілген қатені тауып, түзетсем — сол жылқы мен итті сыйлаймын деді. Бірақ қатені таба алмай дал болып отырмын. Маған көмектесіңдерші! Менің Ақтөс деген итім және Құлагер деген атым бар. Екеуі өте тату. Айтқанымды бұлжытпай орындайды.

Ереже: Үй хайуанаттары мен жануарларға қойылған аттар бас әріптен басталып жазылады: Ақтөс, Құлагер.

5) Сергіту сәті

Қуан, шаттан! Қуан, шаттан!
Қуанатын күн бүгін.
Қайырлы күн, қайырлы таң,
Күліп шықты күн бүгін.

6) Жаңа сабақ

  • 246-жаттығу: өлеңді мәнерлеп оқу.
  • Өлең мазмұны бойынша сұрақтар:
    • Өлең не туралы?
    • Автор туралы не білесің?
    • Оқу не үшін қажет?

Ыбырай Алтынсарин — Қостанай облысында дүниеге келген ағартушы, педагог, жазушы. Ол «Қазақ хрестоматиясын» жазған.

7) Сөздік жұмысы

Ықылас
ынта, көңіл.
Сиса
мата түрі.
Ықыласпен тоқу
көңілге түю, ықыласпен орындау.

8) Дәптермен жұмыс

247-жаттығу: мақал-мәтелді жатқа жазу (өзіндік жұмыс).

Жол жолға жалғасады,
Ел елге жалғасады.

Тапсырма: қимылды білдіретін сөздердің астын сызу.

Ертегі арқылы бекіту

Ертеде «Балалар әлемі» деген үлкен шаһар болыпты. Ол қалада үлкен-кішілі балалар өмір сүріпті. Олар жыл мезгіліне қарай гүл отырғызды, көбелек ұстады, сары жапырақ жинады, аққала соқты. Бір күні аю қонжығын ертіп осы қалаға келеді. Балалар ойынға беріліп кеткен екен. Аю да қонжығымен бірге ойнады, секірді, мәре-сәре болды. Кеш батып, барлығы тарады.

Тапсырма: осы мәтіннен заттың қимылын білдіретін сөздерді тауып, сызбаға түсіру арқылы ойды жинақтау.

9) Оқулықтан тыс тапсырма (шығармашылық жұмыс)

Оқушыларға сюжетті сурет беріледі. Мұғалім сұрақ қояды, жауаптар арқылы шағын мәтін құрастырылады.

Сұрақтар

  • Марат не істеп жатыр?
  • Айгүл не істеп тұр?
  • Айгүл мен Марат қандай балалар?

Үлгі мәтін

Марат талдың түбін аударып жатыр, Айгүл ағашты ұстап тұр. Айгүл мен Марат — еңбекқор балалар.

10) Сабақты қорыту

Сәйкестендіру тесті арқылы жаңа тақырып бекітіледі.

11) Үй тапсырмасы

«Кел, балалар, оқылық!» өлеңін жаттау.

12) Бағалау

Оқушылардың тапсырмаларға қатысу белсенділігі, мәнерлеп оқуы, өздігінен жұмысты орындауы және жауаптарының дәлдігі бойынша бағаланады.