Лексикалық мағынасы - заттың атына берілген атау
Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор кенті • Абай орта мектебі
Мұқанова Гауһар Жолдасқалиқызы
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Зат есімнің септелу жүйесін және септік жалғауларының емлесін меңгерту.
Дамытушылық
Оқушылардың сауатты жазу дағдыларын жетілдіру, байланыстырып сөйлеу дағдысын одан әрі дамыту.
Тәрбиелік
Оқушыларды тапқырлыққа, еңбекқорлыққа, ана тілін қадірлеуге тәрбиелеу.
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Сабақтың түрі
- Аралас сабақ
- Көрнекілігі
- Сызбалар, кестелер, перфокарта
- Қажетті құралдар
- Мультимедиа, интерактивті тақта
- Әдістері
- Түсіндіру, жаттығу жұмысы
Негізгі идея
Септік жалғаулары зат есімге жалғанып, оған нақты грамматикалық мағына үстейді және сөйлемде басқа сөздермен байланысын күшейтеді. Қазақ тілінде 7 септік бар.
Сабақтың жүру барысы
1) Ұйымдастыру
- Оқушылармен амандасу.
- Оқушыларды түгендеу.
2) Үй тапсырмасын тексеру
- Үйге берілген 38-жаттығуды тексеру.
- «Кітап» сөзін талдап келу тапсырмасын тыңдау.
3) Жаңа сабақ
Қызығушылықты ояту
Тақтаға Жетіген аспабының суреті ілінеді. Оқушыларға қысқа ертегі ұсынылады:
Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, зат есім жерінде, қазақ тілі елінде Септік деген шал болыпты. Елде жұт болып, ашаршылық жайлапты. Бұл ашаршылық Септік шалдың үйіне де келіпті.
Атау атты ұлы қайтыс болғанда, шал ағашқа аттың қылын керіп, тиектің орнына қойып, үнсіз егіліпті. Ай өткен соң Ілік деген ұлы өлгенде, тағы бір ішек тағып: «Ненің зияны, кімнің көзі тиді екен?» — деп еңірейді.
Ай өткен соң Барыс атты ұлы дүниеден өтеді. Сонда шал үшінші ішекті тағып: «Кімге айтып жылайын, неге ғана өлді екен?» — деп жоқтау айтады.
Табыс атты ұлы өлгенде: «Нені айтып, кімді ғана қарғайын?» — дейді. Жатыс ұлы да аштықтан өлгенде, бесінші ішек тағылып: «Неде, кімде екен себебі?» — деп жылайды.
Шығыс ұлы да қайтыс болады. Алтыншы ішек тағылып: «Неден қайтыс болдың, кімнен сені сұраймын?» — деп егіледі. Көмектес те сол ашаршылықтан көз жұмғанда: «Кіммен өмір сүрмекпін, немен енді шұғылданамын?» — деп жоқтау айтып егіледі.
Сөйтіп, 7 ішек пен 7 тиек тағылып, жетіген аспабы пайда болыпты. Осы аспап арқылы шал мұңын халыққа жеткізген деседі.
Тапсырма: Мәтіндегі қою қаріппен берілген сөздерге назар аударыңыздар.
Септіктер және сұрақтары
- Атау кім? не?
- Ілік кімнің? ненің?
- Барыс кімге? неге?
- Табыс кімді? нені?
- Жатыс кімде? неде?
- Шығыс кімнен? неден?
- Көмектес кіммен? немен?
Мағынаны тану
Септік жалғауы зат есімге жалғанғанда, оған белгілі бір грамматикалық мағына үстеп, сөйлемде оны басқа сөздермен байланысқа түсіреді. Қазақ тілінде 7 септік бар.
Зат есім көптік, тәуелдік жалғауда тұрып та септеле береді. Көптік жалғаулы зат есімнің септелуі жекеше түрдегі септелуімен бірдей.
Көптік жалғаулы зат есімнің септелуі (мысал: «ыдыс»)
| Септік | Жекеше | Көптік жалғаулы |
|---|---|---|
| Атау | ыдыс | ыдыстар |
| Ілік | ыдыстың | ыдыстардың |
| Барыс | ыдысқа | ыдыстарға |
| Табыс | ыдысты | ыдыстарды |
| Жатыс | ыдыста | ыдыстарда |
| Шығыс | ыдыстан | ыдыстардан |
| Көмектес | ыдыспен | ыдыстармен |
Тәуелденген зат есімнің септелуі (мысал: «кітап»)
| Септік | Жай септеу | І жақ | ІІ жақ | ІІІ жақ |
|---|---|---|---|---|
| Атау | кітап | кітабым | кітабың | кітабы |
| Ілік | кітаптың | кітабымның | кітабыңның | кітабының |
| Барыс | кітапқа | кітабыма | кітабыңа | кітабына |
| Табыс | кітапты | кітабымды | кітабыңды | кітабын |
| Жатыс | кітапта | кітабымда | кітабыңда | кітабында |
| Шығыс | кітаптан | кітабымнан | кітабыңнан | кітабынан |
| Көмектес | кітаппен | кітабыммен | кітабыңмен | кітабымен |
Септіктердің сұрақтары мен жалғаулары
| Септік | Сұрақтары | Жалғаулары |
|---|---|---|
| Атау | кім? не? | нөлдік тұлға (0) |
| Ілік | кімнің? ненің? | -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің |
| Барыс | кімге? неге? қайда? | -ға, -ге, -қа, -ке, -а, -е, -на, -не |
| Табыс | кімді? нені? | -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті, -н |
| Жатыс | кімде? неде? қайда? | -да, -де, -та, -те, -нда, -нде |
| Шығыс | кімнен? неден? қайдан? қашаннан? | -нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен |
| Көмектес | кіммен? немен? қалай? | -мен, -бен, -пен |
Интерактивті тақта: сөздерді талдау үлгісі
Мысал 1: «кітап»
- Құрамы: кітап.
- Тұлғасына қарай: негізгі түбір.
- Құрылысына қарай: дара.
- Лексикалық мағынасы: заттың атауы.
- Грамматикалық мағынасы: зат есім; атау септік (нөлдік тұлға) — атауыштық мағына.
- Сұрағы: не?
Мысал 2: «кітаптың»
- Құрамы: кітап + -тың.
- Тұлғасына қарай: негізгі түбір + септік жалғауы.
- Құрылысына қарай: дара.
- Грамматикалық мағынасы: ілік септік — иелік мағына.
- Сұрағы: ненің?
Мысал 3: «кітапты»
- Құрамы: кітап + -ты.
- Тұлғасына қарай: негізгі түбір + септік жалғауы.
- Құрылысына қарай: дара.
- Грамматикалық мағынасы: табыс септік — тура объектілік мағына.
- Сұрағы: нені?
Еске салу: Зат есім — кім? не? кімдер? нелер? т.б. сұрақтарға жауап беріп, заттың, нәрсенің атын білдіретін сөз табы.
IV) Сабақты бекіту
Жаттығумен жұмыс
- 39-жаттығу: өлең мәтінін рөлге бөліп оқып, әр септіктің сұрақтары мен жалғауларын еске түсіру.
- 41-жаттығу: берілген сөздерді ауызша септеу (Отан, баласы, әжесі, ат, ел).
Сергіту сәті: «Поэзия минуты»
Тіл туралы өлеңдер оқу. Ішінен зат есімдерді тауып, талдау.
Өлең үлгісі
Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен сәтімнен-ақ,
Құлағыма сіңірген таныс үнін.
Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
Сөздерді дұрыс септікке орналастыру
Берілген сөздерді тиісті септікке бөліп жазыңыз:
Атау
Ілік
Барыс
Табыс
Жатыс
Шығыс
Көмектес
V) Сабақты қорыту: өзін-өзі бақылау (тест)
1) «Әке» сөзі қай септікте тұр?
- A) Атау септік
- B) Ілік септік
- C) Барыс септік
- D) Жатыс септік
2) Ілік септігінде тұрған сөзді белгілеңіз.
- A) оқушы
- B) оқушыға
- C) оқушының
- D) оқушыға
3) Барыс септігінің сұрағын белгілеңіз.
- A) кімге? неге? қайда?
- B) кімдерге? кімді? нені?
- C) кімге? кімді? нені?
- D) кіммен? немен?
4) Табыс септігінің жалғауын белгілеңіз.
- A) -ны, -ні, -қы, -кі, -ғы, -гі
- B) -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті
- C) -ны, -ні, -шы, -ші, -ды, -ді
- D) -нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен
5) Жатыс септігінде тұрған сөзді белгілеңіз.
- A) көктемде
- B) далаға
- C) мектеппен
- D) мектептен
6) Шығыс септігінде тұрған сөзді табыңыз.
- A) сабаққа
- B) сабақты
- C) сабақтан
- D) сабақпен
7) Көмектес септігінің сұрақтарын атаңыз.
- A) кімде? неде?
- B) кімге? неге?
- C) кімнен? неден?
- D) кіммен? немен?
Дұрыс жауаптары
1) A • 2) C • 3) A • 4) B • 5) A • 6) C • 7) D
VI) Бағалау
Оқушылардың тапсырмаларды орындауы, жаттығу жұмысы және тест нәтижелері бойынша бағалау жүргізіледі.
VII) Үй тапсырмасы
- 43-жаттығуды орындап келу.
- «Күрек» сөзін талдап келу.