Боз бие
Сабақ тақырыбы: «Боз бие» (26–27-жаттығулар)
Бұл сабақта оқушылар Қастек Баянбайдың «Боз бие» өлеңімен танысып, жылқы туралы білімдерін кеңейтеді. Сонымен бірге әліпби ретімен сөздерді орналастыру, ұлттық ойын атауларын ажырату және сауатты жазу дағдылары бекітіледі.
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
- Әліпби туралы түсінікті тереңдету.
- Жылқының пайдасын түсіндіру, бие туралы ұғым қалыптастыру.
- Бие сүтінің атауларымен таныстыру: саумал, қымыз.
2) Дамытушылық
- Жылқы түстеріне қатысты сөздер арқылы тілін, ой-өрісін дамыту.
- Есте сақтау қабілетін, қиялын жетілдіру.
3) Дағдылық
- Сауатты, көркем, таза жазуға машықтандыру.
- Сұрақтарға толық әрі нақты жауап беруге дағдыландыру.
4) Тәрбиелік
- Қымыз бен саумалдың пайдасын түсіндіре отырып, салауатты өмір салтын насихаттау.
- Қайырымдылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер, әдістер және байланыстар
Көрнекіліктер
Сюжетті суреттер, бие суреті, тест тапсырмалары, оқулық, интерактивті тақта, кестелер.
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Ой қозғау
- Ассоциация
- Түртіп алу
- Болжау
- RAFT
Пәнаралық байланыс
Музыка, дүниетану, еңбек, математика, дене шынықтыру.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың зейінін сабаққа аудару, жағымды көңіл күй қалыптастыру.
5 болсын алар бағамыз,
Білімнен бақыт табамыз.
Өнерменен өрістеп,
Өсе берсін санамыз.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Үй жұмысы: әліпбиді жаттау, «Жылқы» мәтінін түсініп оқу, 25-жаттығуды орындау.
- Дәптерлерді ашып, орындалуын тексеру.
- Сөздерді кезекпен жеке оқыту.
- 2 оқушыға әліпбиді жатқа айтқызу.
- 2–3 оқушыға «Жылқы» мәтіні бойынша әңгімелету.
«Сиқырлы қарлар» тапсырмалары
- Әліпбиде неше әріп бар?
- Әліпбидегі әріптер қалай орналасқан?
- Атқа қажет құрал-жабдықтарды атаңдар.
- Жылқы қандай жануар?
Электронды оқулықпен жұмыс және сәйкестендіру тесті орындалады.
3) Жаңа тақырыпқа кіріспе
Жылқы туралы слайд көрсетіледі. Оқушылар жылқының құлындайтын түрі қалай аталатынын еске түсіреді: бие.
Ой қозғау
«Бие туралы не білеміз?» — оқушылар өз ойларын ортаға салады. Осыдан кейін сабақтың негізгі мазмұны бие туралы болатыны қорытындыланады.
Бүгінгі сабақта Қастек Баянбайдың «Боз бие» өлеңімен танысамыз.
Автор туралы қысқаша мәлімет слайд арқылы беріледі.
4) Өлеңмен жұмыс
Өлең экраннан оқылып, оқулықпен жұмыс жалғасады: хормен оқу, кейін шумақтап жеке оқыту.
Түсініксіз сөздер
- Суалмай-ақ келеді
- Сүті тартылған жоқ, тоқтамай молая береді деген мағынада.
- Саба
- Қымыз пісетін ыдыс.
Негізгі ой
Өлеңде бие, оның сүті және қымыз туралы айтылады. Жаңа сауылған, ашытылмаған бие сүті — саумал, ал ашытылып, күбіге пісілгені — қымыз.
Саумал мен қымыздың емдік қасиеті сөз етіледі: адамға қуат беріп, денсаулықты жақсартатыны түсіндіріледі.
Жарнама жасау (талқылау)
Дүкен сусындарына қарағанда, ұлттық сусын — қымыздың пайдасы көбірек екені туралы ой бөлісу.
5) Дәптермен жұмыс: 26-жаттығу
Сөздерді оқып, әліпби ретімен жазу.
Жылқы түстерінің мағынасы қысқаша түсіндіріліп өтеді (слайд арқылы).
6) Сергіту сәті
«Төлдер» әнін орындау.
7) Оқулықпен жұмыс: 27-жаттығу
Сөздерді әліпби ретімен оқу.
Аударыспақ
Бәйге
Жарыс
Көкпар
Теңге ілу
Талқылау
- Бұл сөздердің барлығы — ұлттық ойын түрлері.
- «Көкпар» ойынын қайда және қашан тамашалаймыз?
- Биенің төлі қалай аталады? — құлын.
Шығармашылық тапсырма
«Өзіңді бір сәт құлынның орнына қойып көр. Адам баласына қандай арман-тілек айтар едің?» — оқушылар ойларын ауызша жеткізеді.
(Мысалы, Мансұр, Дулат, Қайсар сияқты оқушыларға кезек беріледі.)
8) Қорытынды: «ББҮ» әдісі
Сабақты жинақтау үшін «Білемін — Білгім келеді — Үйрендім» кестесі толтырылады.
Білемін
- Жылқы мен бие — төрт түлікке жатады.
- Жылқы жүйрік, жорға болады.
- Жылқының төлі — құлын.
- «Жылқы — ер қанаты».
Білгім келеді
- Ауылымызда қанша үйде жылқы бар екенін.
- Жылқының қандай түрлері бар екенін.
Үйрендім
- Жаңа сауылған бие сүті — саумал.
- Ашытылған бие сүті — қымыз.
- Ұлттық ойын түрлерін ажырата аламын.
9) Үй тапсырмасы
- «Боз бие» өлеңін түсініп, мәнерлеп оқып келу.
- Жылқы туралы мақал-мәтелдер жазып келу, суреттер әкелу.
10) Бағалау
Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды «төлдер» суреттерін тарату арқылы бағалау.