Нұсқаушы немесе меңзерді экранда басқару пернелері

Сабақ туралы мәлімет

Пәні және сыныбы

Информатика, 5-сынып

Тақырып: Пернетақта

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Түсіндіру, талқылау, тәжірибелік жұмыс

Әдіс-тәсілдер және технология

  • Топтық жұмыс
  • Венн диаграммасы
  • АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар)

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды пернетақтаның атқаратын қызметімен толық таныстыру және пернелердің міндетін тәжірибе арқылы меңгерту.

Білімділік

Пернетақта пернелерінің әрқайсысының қызметін түсіндіру, топтарға бөлінуін меңгерту.

Дамытушылық

Оқушылардың ой-өрісін кеңейту, ақпаратпен жұмыс істеу дағдысын дамыту.

Тәрбиелік

Информатика пәніне қызығушылықты арттыру, ұқыптылық пен жауапкершілікті тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар

  • Оқулық
  • Компьютер
  • Жұмыс дәптері
  • Интерактивті тақта
  • Слайдтар

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу
  • Оқушыларды түгендеу
  • Психологиялық дайындық (сынып болып қайталау)

Ұран-шумақ

Болашақтың ұрпағымыз білімді,
Информатикадан алған ілімді,
Өмірде пайдаланамыз тиімді.

Үй тапсырмасын тексеру

Алдыңғы тақырып бойынша сұрақ-жауап жүргізіліп, негізгі ұғымдар қысқаша қайталанады. Оқушылардың жауаптары толықтырылып, қателері түзетіледі.

Бағалау критерийлері: дұрыстығы, түсіндіруі, терминдерді қолдануы.

Жаңа тақырып: Пернетақта

Пернетақта — компьютерге ақпарат енгізуге арналған құрылғы. Ол әріптік және цифрлық пернелер арқылы компьютерге кез келген ақпаратты енгізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі компьютер пернетақталарында әдетте 101 немесе 105 перне болады. Қосымша енгізілген 3 перне операциялық жүйенің кейбір мүмкіндіктерін іске асыру үшін қолданылады.

Пернелер топтары

1) Символдық пернелер

Пернетақтаның ортасында орналасқан және оның негізгі бөлігін құрайды. Бұл пернелер арқылы әріптерді, цифрларды, тыныс белгілерін және басқа да таңбаларды енгізуге болады (латын, орыс, қазақ әліпбиі және т.б.).

2) Функционалдық пернелер

Символдық пернелердің үстіңгі қатарында орналасады және F1–F12 ретінде белгіленген. Компьютердегі кейбір күрделі амалдарды тез орындауға көмектеседі.

3) Меңзерді басқару пернелері

Меңзер — экранда сызықша түрінде жыпылықтап тұратын белгі; ол енгізілетін таңбаның қай жерде пайда болатынын көрсетеді. Бұл топтағы пернелер символдық пернелердің төменгі оң жағында орналасады, бетінде бағдаршалар бар және меңзерді экранда жылжытуға арналған.

4) Цифрлық пернелер (қосымша пернетақта)

Пернетақтаның оң жағында орналасады және негізінен 10 цифрдан тұрады. Цифрлық ақпаратты енгізуге, сондай-ақ кей жағдайларда меңзерді басқаруға қолданылады.

Num Lock пернесі осы қосымша бөліктің режимін ауыстырады: қосулы болса — цифрлар енгізіледі, сөнулі болса — навигациялық функциялар белсендірек болады.

Маңызды пернелер

Enter (Енгізу) пернесі

Ең маңызды пернелердің бірі. Әдетте белгілі бір әрекеттің аяқталғанын білдіреді және компьютерге енгізілген команданы орындауды немесе деректі өңдеуді бастауға сигнал береді.

Бос орын (Space) пернесі

Пернетақтадағы ең ұзын перне. Мәтінде сөздер мен символдарды бір-бірінен ажыратып жазу үшін қолданылады.