Достары жайында әңгімелету
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, №32 мектеп-гимназия
Бастауыш сынып мұғалімі: Матаева Жанар Махамбетияровна
Пән
Дүниетану (1-сынып)
Тақырып
Мектебім – қуанышым
Сабақ түрі
Дәстүрлі, аралас сабақ
Сабақтың мақсаты
1) Білімдік
Оқушыларға мектеп, оның жұмысы және мектептегі үйірмелер туралы түсінік беру. Достары туралы әңгімелету.
2) Дамытушылық
Ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту, мектепке деген сағыныш пен жылы сезімді ояту.
3) Тәрбиелік
Өздері білім алып жүрген білім ордасын құрметтеуге, адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды сабаққа ұйымдастыру, назарын сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- «Мектептегі нәрсенің бәрі біздікі» екенін дәлелдеңдер.
- Оқушылар мектепке не үшін келеді?
- «Мектеп – білім ордасы» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Суреттер бойынша әңгімелеу.
- «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегенді қалай түсінесіңдер?
III. Жаңа сабақ
Мектеп – балаларға білім беретін мекеме. Онда басшылық құрамы, мұғалімдер және әртүрлі қызметкерлер жұмыс істейді. Балалардың сауатты болып өсуіне, ел болашағына қызмет ететін білімнің маңызын алғаш түсіндіріп, қазақ даласында тұңғыш мектеп ашқан ағартушы – Ыбырай Алтынсарин.
Сұрақ-жауап
- Ыбырай Алтынсариннің қандай өлеңдерін жатқа білеміз? (Жатқа сұрау)
- Біздің білім алып жатқан мектебіміз қалай аталады? (Слайдтан мектеп суреті көрсетіледі)
- Мектепке келерде қандай көңіл күйде боласыңдар?
Мәтінмен жұмыс: «Мектебім – қуанышым»
Мәтінді мұғалім оқиды, кейін оқушылар кезекпен оқып, мазмұны талқыланады.
- Мектептің сыртқы көрінісі туралы не делінген?
- Достары туралы не айтылады?
- Өз достарың туралы не айтар едің?
- Мектеп кімнің атында? (Өз мектебіміз туралы әңгімелеу)
Сергіту сәті
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз,
Барша жанды құрметтеп,
Бас иеміз біз.
Мектебің – мынау класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың.
Бала құқығы туралы (Конвенция және Конституция)
Балалар, дүниеге келген әр баланың өз құқығы бар. Баланың құқықтарын мемлекеттің негізгі заңы – Конституция қорғайды. (Слайд арқылы таныстыру)
Мектеп ережелері
- Гимназия шәкірттері мектептің ішкі тәртіп ережелеріне бағынуға және оның талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.
- Гимназия шәкірттері мектеп ережесіне сай бірыңғай мектеп формасын киюге міндетті.
- Өзі білім мен тәрбие алып жүрген білім ордасының намысын қорғауға міндетті.
- Әрбір оқушы салауатты өмір салтын сақтауға және таңғы дене жаттығуларын үзбеуге міндетті.
- Сабақтан себепсіз қалмауға, сабаққа кешікпей келуге міндетті.
- Мектепте және мектептен тыс уақытта гимназия шәкірті деген атқа лайық болып, ана тілін шұбарламай, таза әрі көркем сөйлеуге тиіс.
Ойын: «Мен жақсы оқушымын»
Әр оқушы «Мен жақсы оқушымын, себебі…» деп бастап, өз ойын жалғастырып айтады.
Мысалы: «Мен жақсы оқушымын, себебі сабаққа кешікпеймін, мұғалімді мұқият тыңдаймын, үй тапсырмасын уақытында орындаймын».
Мақал-мәтелдер (оқу-білім туралы)
- «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады».
- Оқу мен білімнің адам өміріндегі маңызы туралы басқа мақалдарды да айтқызу.
IV. Сабақты бекіту (қайталайық)
Бүгінгі сабағымыз не туралы болды?
Мектеп не үшін қажет?
Бала құқығын не қорғайды?
Конституция дегенді қалай түсінеміз?
Мектептің қандай ережелерін білдік?
Оқушы қандай болуы керек?
Музыкалық бөлім: М. Мақатаевтың «Мектебім» әні
Мектебім — айтар әнім,
Сан рет қайталадым.
Өзіңнен алғанымды,
Өзіңе қайтарамын.
Мектебім, қия алмаймын,
Көп нәрсе қиялдаймын.
Мәңгілік оқушың боп,
Қалуға ұялмаймын.
V. Үй тапсырмасы
«Мектебім – қуанышым» тақырыбына шағын әңгіме жазу.
VI. Бағалау
Оқушыларды бағалау және мадақтау.