Оқушылардың білімін бағалау. Сабақтың тақырыбы
Сабақтың тақырыбы: Есімше
Бұл жоспар аралас сабақ түрінде ұйымдастырылып, оқушылардың тілдік білімін жүйелеуді, ойлау мен шығармашылық қабілеттерін дамытуды және ұлттық құндылықтарды танымдық мазмұнмен ұштастыруды көздейді.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға есімше, оның жасалу жолдары және түрлену ерекшеліктері туралы толық мәлімет беру.
Тәрбиелік
Қазақ халқы үшін жылқының қасиетті, текті екенін ұғындыру; тәуелсіздіктің құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу.
Дамытушылық
Ойлау, есте сақтау және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Түрі мен әдіс-тәсілдері
- Сабақ түрі: аралас сабақ
- Саралап-деңгейлеп оқыту
- Ізденіс жұмысы
- Сұрақ-жауап
Көрнекілік және байланыс
- Үлестірме қағаздар
- Дидактикалық материалдар
- Тест жинағы
- Слайдтар
- Пәнаралық байланыс: әдебиет, сурет
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың бірізді талаптарға сай болуы мен сабаққа дайындығына назар аудару; сыныптың жұмыс ырғағын қалыптастыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Өтілген тақырыпты пысықтау және негізгі ұғымдарды анықтау үшін сұрақтар қойылады.
Пысықтау сұрақтары
- Етіс дегеніміз не?
- Етістің түрлері нешеу? Жұрнақтары қандай?
- Өздік етіс дегеніміз не? Жұрнақтары қандай?
- Өзгелік етіс дегеніміз не? Оның жұрнақтары қандай?
- Ырықсыз етіс дегеніміз не? Жұрнақтары қандай?
- Ортақ етіс дегеніміз не? Жұрнақтары қандай?
Үй тапсырмасы сұралып, қорытындыланып, бағаланады.
III. Жаңа сабақ: Есімше
Есімше — етістіктің сөйлемде екі түрлі қызмет атқаратын ерекше түрі. Ол бірде жіктеліп етістік қызметін атқарады, бірде есімдерше түрленіп (септеліп, тәуелденіп, көптеліп) есімдердің қызметін де атқара алады.
Етістік мағынада жұмсалуы
- Ақылды байқап сөйлер.
- Еңбек етсең, еленерсің, еңбегіңе кенелерсің.
Есім мағынада жұмсалуы
- Іздеген жетер мұратқа.
- Ақыл — тозбайтын тон, білім — таусылмайтын кен.
Есімшенің жасалуы
Есімше етістіктің негізгі және туынды түбірлеріне, етіс пен болымсыз етістік тұлғаларына белгілі жұрнақтар жалғану арқылы жасалады.
| Түрі | Жұрнақтары | Мысалдар |
|---|---|---|
| Өткен шақ есімше | -ған, -ген, -қан, -кен | оқыған, көрмеген, жазысқан, тапқан |
| Болжамды келер шақ есімше | -ар, -ер, -р; болымсыз етістіктен кейін -с | айтар, білер, келмес |
| Мақсатты келер шақ есімше | -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек | бармақ, білмек, кездеспек |
| Ауыспалы өткен шақ есімше | -атын, -етін, -йтын, -итін | баратын, сөйлейтін, сенетін, санайтын |
Болымсыздық мағына
Есімше тұлғаларына емес, жоқ сөздері тіркесіп, болымсыздық мағына береді: көрген емес, көретін емес, көрер емес, көрмек емес.
Жоқ сөзі тек -ған/-ген/-қан/-кен тұлғалы есімшемен тіркеседі: көрген жоқ.
«Бәйге» ойыны: мақалдарды толықтыр
- Отанын сүй_____ отқа жанбайды, суға батпайды.
- Ынтымақ жүр_____ жерде, ырыс бірге жүреді.
- Ақсұңқар ұш_____ жем үшін, ер жігіт ту_____ ел үшін.
- Жақсы сөз жан сүйіндір_____, жаман сөз жан күйіндір_____.
- Қатарынан оз_____ ұл биікте жүреді, ез атанып тоз_____ ұл иықта жүреді.
- Әркімнің шық_____ тауы биік.
- Атасын сыйла_____ абыройға бөлен_____.
IV. Деңгейлік тапсырмалар (оқулықпен жұмыс)
1-деңгей
Жаттығу орындау.
2-деңгей
Жаттығу орындау.
3-деңгей
Жаттығу орындау.
Карточкалар
- №1 карточка: «Демалысын табиғат аясында өткізбек» (синтаксистік талдау)
- №2 карточка: «Білгенге маржан, білмеске арзан» (морфологиялық талдау)
- №3 карточка: «Білерім» (фонетикалық талдау)
Топтық жұмыс: «Жылқы жылы» тақырыбы
Биыл жылқы жылы екенін ескере отырып, сынып үш топқа бөлінеді. Әр топ жылқының суретін салып, төмендегі тапсырмаларды орындайды.
1-топ
Жылқы жылында Отанға және отбасына тілейтін тілектерің туралы есімшелерді қатыстырып сөйлем құрастыр.
2-топ
Жылқы жылына қойған мақсатың туралы әңгімелеп бер; мәтін ішінен есімшелерді тап.
3-топ
Жылқының адамға келтірер пайдасы туралы есімшелерді қатыстырып мәтін құрастыр.
Шығармашылық тапсырма
Тапсырмаларды қорытындылап, Қ. Мырзалиевтің жылқы туралы төрт жол өлеңінің ұйқасын табыңдар және ішінен есімшелерді анықтаңдар.
Мына тұрған арғымақ,
Мінем оған ____________________
Тістемейді, теппейді,
Бос қойсам да ____________________
V. Білімді бекіту
Тест тапсырмалары орындалады. Нәтижелер бойынша сабақ қорытындыланады.
Талқылау сұрағы
Сендердің туған жылдарың қандай?
Халықтық болжам: жылқы жылы туған адам
- Жылқы мінезді келеді.
- Аузы шапшаң болады.
- Жел көңілді, ұшқыр қиялды болады.
- Жұмысты көзді ашып жұмғанша бітіре қояды.
- Ақжарқын, ақ көңіл болады.
- Сыр жасырмайды; біреудің кемшілігін бет-жүзіне қарамай айта салады.
- Туысқұмар келеді.
- Жылқы төлін өсірсе, берекесі артып, дәулеті күн санап көбейеді.
VI. Үй тапсырмасы
- Жаттығу орындау.
- Тақырыпты оқу.
VII. Бағалау
Оқушылардың білімі тапсырмалар мен тест нәтижесіне сүйене отырып бағаланады.