Сөзді оқы
Сауат ашу • 1-сынып
Сабақтың тақырыбы: Э э дыбысы мен әрпі
Бұл сабақта оқушылар Э э дыбысы мен әрпін танып, сөздерді дұрыс оқып-жазуға, дыбыс пен әріпті ажыратуға, буынға бөліп талдауға үйренеді.
Сабақтың мақсаты
Білімділігі
- Э э дыбысы мен әрпін таныстыру.
- Сөздерге дыбыстық талдау жасау.
- Дыбыс пен әріпті ажырата білуге үйрету.
- Берілген сөздерді дұрыс оқып, жазуға дағдыландыру.
Дамытушылығы
- Э дыбысы бар жаңа сөздер арқылы сөздік қорын молайту.
- Танымдық қабілетін дамыту.
- Оқуға қызығушылығын арттыру.
Тәрбиелігі
- Бірлікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
- Техника қауіпсіздігін сақтауға баулу.
- Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақ туралы мәлімет
Көрнекіліктер
Кеспе әріптер, суреттер, жұмбақтар, кесте, интерактивті тақта.
Сабақтың сипаттамасы
- Типі:
- Жаңа білімді меңгерту.
- Түрі:
- Аралас сабақ.
- Әдісі:
- Сұрақ-жауап, көрнекілік, түсіндіру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
- Психологиялық дайындық жүргізу.
II. Өткен сабақты еске түсіру және пысықтау
- Өткен сабақта қай әріппен таныстық?
- Ё қандай дыбыс?
- Ё қандай екі дыбыстан тұрады?
- «Шахтёр» өлеңін мәнерлеп оқыту.
III. Жаңа сабақ
а) Сурет бойынша жұмыс
Интерактивті тақтадан электр шамы, элеватор, экскаватор, экспресс, эскалатор суреттерін көрсетіп, сөздердің мағынасын түсіндіру.
Электр
Қуат күшінен алынатын жарық (энергия).
Элеватор
Астықты қабылдап, тазалап, кептіріп, сақтауға арналған қойма.
Экспресс
Ірі стансаларға қатынайтын жүрдек пойыз, кеме немесе автобус.
Экскаватор
Құрылыста және кен өндірісінде жер қазып, топырақ не кен тиейтін машина.
Эскалатор
Жылжымалы баспалдақ.
Техника қауіпсіздігі
Электр құрылғыларын дұрыс пайдалану, қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы түсіндіру.
Сұрақ-жауап
- — Электр шамы бізге не үшін керек? Жарық береді.
- — Оқу бізге не үшін керек? Білімді боламыз.
- — Білімді болсақ, болашағымыз қандай болады? Жарық болады.
«Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні кәріп» деген мақалдың мәні де осында.
ә) Жұмбақ шешу
Темір жол тірегі,
Аспанға керіліп,
Сымды ұстап жүреді.
Жауабы: Электровоз
Жіппен келеді,
Үзсең сөнеді.
Жауабы: Электр шамы
Диқаншының еңбегін
Қысы-жазы ақтайды,
Астықты тазалап,
Қай жерде сақтайды?
Жауабы: Элеватор
Жылжымалы баспалдақ,
Сатыларын бассаң нақ.
Не жоғары, не төмен
Сырғимын да жетем мен,
Көзді жұмып ашқанша-ақ.
Жауабы: Эскалатор
Жаңа сөздердің барлығы қай дыбыстан басталады? — Э. Бүгінгі тақырыбымыз: Э э дыбысы мен әрпі.
б) Э дыбысының ерекшелігін анықтау
Экскурсия ұнайды,
Бар адамға «тамаша!».
Әнмен серуен құрғанда,
Қуанады балаша.
- Хормен айтқызу: «э-э-э».
-
Оқулықтағы жаңа сөздерді оқып, буынға бөлу:
Э-лектр
э-ле-ва-тор
экс-ка-ва-тор
Э-ки-паж
э-ко-ло-ги-я
эс-ка-ла-тор
- Қорытынды: Э — дауысты дыбыс, көбіне сөздің бірінші буынында кездеседі.
- Дәлелдеу: дыбысты айтқанда ауа еркін шығады, созып айтуға болады; оқулықта дауыстылар қызыл түспен берілген; буын құрайды.
- Э әрпінің баспа және жазба, бас және кіші түрлерімен таныстыру. Кіші және бас әрпін ауада жазып көрсету, оқушыларға қайталату.
в) Дыбыстық талдау
Кестемен жұмыс: «Экскурсия»
- Сөз
- Экскурсия
- Буынға бөлу
- Экс-кур-си-я (4 буын)
- Әріп саны
- 9 әріп
- Дыбыс саны
- 10 дыбыс
- Дауысты дыбыс
- 4
- Дауыссыз дыбыс
- 5
«Экран» сөзіне талдау
- э — дауысты, жіңішке
- к — дауыссыз
- р — дауыссыз
- а — дауысты, жуан
- н — дауыссыз
Қорытынды: Экран — 2 буын, 5 әріп, 5 дыбыс.
г) Ережені еске түсіру
Әріп деген не?
Әріпті жазамыз және көреміз.
Дыбыс деген не?
Дыбысты айтамыз және естиміз.
Буын деген не?
Сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады.
IV. Дәптермен жұмыс
- Жазу дәптерінде Э э әрпінің бас және кіші түрін көркем жазу.
- Оқулықтағы сөйлемдерді дәптерге көшіріп жазу:
Электр бізге жарық береді.
Элеватор астық сақтайды.
V. Оқулықпен жұмыс
«Электр» өлеңін оқып, мазмұнын түсіндіру. Іштей оқыту, кейін жеке-жеке дауыстап, мәнерлеп оқыту.
Электр
Жай оттан жаралдым,
Найзағайдан нәр алдым.
Ә дегенше шарқ ұрып,
Кең әлемге таралдым.
Қызмет етем адамға,
Қолғанатпын маманға.
Бойым толған күш-қуат,
Тау құлатам табанда.
Б. Ысқақов
VI. Сергіту сәті
Ұзын мойын, экскаватор —
Алып машина,
Жер қазып жатыр.
Қимылмен көрсету, оқушылардың қайталауы.
VII. Тақтамен жұмыс
«Балық аулау» ойыны
Ауланған «балықтың» артындағы сөздерді қатесіз, сауатты оқып, тақтаға жазу.
VIII. Сабақты қорытындылау
- Э қандай дыбыс?
- Э дыбысы сөздің қай бөлігінде кездеседі?
IX. Бағалау
Оқушылардың оқу, жазу, талдау жұмыстарын негізге ала отырып бағалау.
X. Үй тапсырмасы
«Электр» өлеңін мәнерлеп оқу.