Денсаулығын қадірлеуге тәрбиелеу
Сабақтың өзегі
Денсаулық — өмірдің іргетасы. Бұл сабақта оқушылар денсаулықтың құндылық ретіндегі маңызын түсініп, оны күтуге қатысты күнделікті дағдыларын нығайтады.
Сабақ мақсаты
Оқушылардың денсаулық құндылығы туралы түсінігін кеңейту, денсаулықты қадірлеуге бағыттау және күнделікті өмірде қолданылатын пайдалы әдеттерді қалыптастыру.
Міндеттер
- Денсаулықтың адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
- Денсаулықты күту іскерліктерін дамыту.
- Денсаулықты қадірлеуге тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен сәлемдесу, жағымды көңіл күй қалыптастыру, сабаққа ынта мен зейін шоғырландыру.
2) Тыныштық сәті (тыныс алу жаттығуы)
Оқушыларға аяқ-қолды айқастырмай, түзу отыру ұсынылады. Тыныс алуға зейін қойған кезде ақылымыз тынығады: ауаны ішке жұтқанда — тыныштық пен қуанышты қабылдаймыз, демді сыртқа шығарғанда — мазасыздықты босатамыз.
Қысқа нұсқау
- Көзді жұмып, арқаны тіктейміз.
- Қолды тізеге қоюға болады.
- Терең дем аламыз… баяу дем шығарамыз.
3) Үй тапсырмасын тексеру
«Алтын балық» ертегісінің мазмұны бойынша оқушылар өз ойларын айтып, талқылауға қатысады.
4) Дәйексөз және мағынасы
«Күн тәртібі мен еңбек — денсаулық кепілі».
Халық даналығы
Деніміз сау болуы үшін уақытты дұрыс жоспарлау және еңбек ету маңызды. Таңғы жаттығу жасау, оқу, үй шаруасына көмектесу, айналаға пайдалы істер атқару, спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану — мұның бәрі жан мен тән саулығын нығайтады.
5) Әңгімелеу және сұхбат
Сұрақтар
- «Денсаулық — өмір негізі» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Денсаулықтың адам өміріндегі маңызы қандай?
- Неліктен «Басты байлық — денсаулық» деп айтылады?
Қорытынды ой
Денсаулық адамға шаршамай жүру, білім алу, тәбеттің және көңіл күйдің жақсы болуы, бақытты өмір сүру үшін қажет. Адам табиғат берген мүмкіндіктерді орынды пайдаланып, гигиеналық тәртіпті сақтаса және денсаулығына зиян келтірмей өмір сүрсе, ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешеді. Денсаулықты сақтау — әр адамның өз қолында.
Мәтінмен жұмыс
Ә. Табылдиевтің «Аппақ бала» әңгімесі оқылып, төмендегі сұрақтар бойынша талқыланады:
- Анасы Асанға тазалықты қалай түсіндірді?
- «Тазалық — денсаулық кепілі» дегенді қалай түсінесіңдер?
6) Шығармашылық және топтық жұмыс
«Егер… онда… Сол үшін…» жаттығуы
- Егер біз ерте тұрмасақ, онда күні бойы үлгерім төмендеп, шаршау артады. Сол үшін ерте тұруымыз керек.
- Егер қоршаған ортаның тазалығын сақтамасақ, онда денсаулыққа зиян келетін жағдайлар көбейеді. Сол үшін ортаны таза ұстауымыз керек.
- Егер Жер-Ананы аяламаcақ, онда табиғат тепе-теңдігі бұзылады. Сол үшін жерді күтіп-баптау керек.
- Егер денемізді шынықтырмасақ, онда төзімділік төмендеп, ауруға бейімділік артады. Сол үшін денені шынықтыру керек.
- Егер тазалық сақтамасақ, онда денсаулыққа қауіп төнуі мүмкін. Сол үшін таза жүру керек.
Жағдаяттарды шешу және дәптермен жұмыс
Оқулықтағы 154-бетте берілген жағдаяттар топтарға бөлініп, талқылау арқылы шешіледі.
Дәптерге әр оқушы өзінің жеке күн тәртібін жазады: ұйқы, оқу, демалыс, қозғалыс, тамақтану уақыты.
Негізгі ой: жүйелі күн тәртібі — денсаулықты сақтаудың қарапайым әрі тиімді жолы.
7) Топпен ән оқу
Ж. Тұрбековтің «Бақытты балалық шақ» өлеңі (ән мәтіні) бірге оқылады.
8) Үй тапсырмасы
- Оқулықтың 153-бетіндегі «Данышпан атаның өсиеттерін» жаттау.
- Күн тәртібін жазып келу.
9) Соңғы тыныштық сәті
Оқушылар денесін түзу ұстап, басын жоғары көтеріп, ыңғайланып отырады. Көзін жұмса да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныстайды.
Әркім айналадағы тіршілік иелеріне қамқор болу сезімін ойша күшейтіп, бойында өмірге сүйіспеншіліктің арта түскенін байқайды. Денсаулықты сақтау жолдары туралы ойланып, өзіне пайдалы әдеттерді бекітуге ниеттенеді.
Автор туралы мәлімет
Өзін-өзі тану пәні мұғалімі: Оспанбекова Айжан Жапарқұлқызы
Мойынқұм ауданы, Ә. Молдағұлова атындағы мектеп.