Спорттық киім
Сабақ тақырыбы
Стиль, сән және костюм туралы түсінік.
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Білімділік
- Оқушыларға «сән», «киім», «стиль» ұғымдарын түсіндіру.
- Киім мәдениеті туралы ой қалыптастыру және өз мүмкіндіктерін тиімді қолдануға бағыттау.
Дамытушылық
- Тақырып бойынша ой-өрісін кеңейту.
- Эстетикалық талғамын дамыту, шығармашылығын арттыру.
Тәрбиелік
- Жастарды жас ерекшелігіне сай киінуге дағдыландыру.
- Киіну мәдениетінің қыр-сырын ұғындыратын эстетикалық тәрбие беру.
- Әсемдікке, сұлулыққа және ұйымшылдыққа баулу.
Негізгі мақсат
«Стиль», «сән», «киім-кешек» ұғымдарына тоқталып, костюмнің композициялық шешімін меңгерту.
Сабақ сипаттамасы
Түрі мен типі
- Сабақтың түрі:
- аралас сабақ
- Сабақтың типі:
- жаңа білім беру
Әдіс-тәсіл
Түсіндірмелі-тәжірибелік жұмыс, сұрақ-жауап.
Пәнаралық байланыс және көрнекілік
Пәнаралық байланыс
Әдеп, бейнелеу өнері, тарих.
Көрнекілігі
Киім үлгілерінің суреттері.
Сабақ барысы
I. Кіріспе
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың сабаққа қатысуын белгілеу, құрал-жабдықтарын түгендеу және тексеру. Зейіндерін сабаққа аудару.
2) Үй тапсырмасын тексеру (сұрақ-жауап)
- Тігін машинасымен жұмыс істегенде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек?
- Тігін машинасына арналған айлабұйымдарды ата.
- Бүрмелегіш табанды не үшін қолданады?
- Қандай тігіс түрлерін білесіңдер?
- Біріккен тігістер қандай жағдайда қолданылады?
- Шеттік тігістерді не үшін қолданады?
II. Негізгі бөлім
A) Жаңа сабаққа кіріспе: сән қалай пайда болды?
Сән адамзатпен бірге қалыптасты: ең алғашқы киімдер жапырақтан, аң терісінен және басқа да табиғи материалдардан жасалды. Бүгінде әлем халықтарының дәстүрлі ұлттық костюмдері сәнгерлер үшін шығармашылықтың сарқылмас көзі болып отыр. Қандай жағдайға арналып тігілсе де, киім сол қоғамның талғамы мен мәдениетін айқын көрсетеді.
Негізгі ұғымдар
Сән
(фр. mode, лат. modus — өлшем, әрекет тәсілі) — киіну мәдениетінде және өмірдің түрлі саласында жеке талғамның белгілі бір кезеңде үстем болуы.
Костюм
(фр. costume — киім-кешек) — белгілі бір ұлтқа, қоғамдық топқа, дәуірге тән тұрақты киім үлгісі. Киім пішіндерінің алмасуы әр кезеңнің эстетикалық идеалын және көркемдік бейнесін танытады.
Стиль
(лат. stilus) — мәнер, сипат, ерекшелік. Сондай-ақ белгілі дәуірдің мәдениетін, сұлулық туралы түсінігін және қоршаған ортаға қарым-қатынасын білдіретін айқын «дәуір тілі».
Қазіргі кезде кез келген адам өз талғамына сай сәнді киіне алады. Тіге білетін әрі сәнге қызығатын адам өзіне ыңғайлы, жарасымды бұйымды өзі дайындап киюіне мүмкіндік бар.
Киімдегі стиль түрлері
Киімде кең тараған стильдер: классикалық, іскерлік, спорттық, романтикалық, фольклорлық (этникалық).
Классикалық стиль
Қатаң, іскер, жинақы әрі салыстырмалы түрде тұрақты стиль. Сәндегі жиі өзгерістерге көп тәуелді емес.
Ерлер
Костюм-шалбар, шалбар, жакет, ағылшын пальтосы.
Әйелдер
Жеңді көйлек (жакетпен), белдемше.
Соңғы жылдары классикалық киім аясы кеңейіп, трикотаж күртешелердің еркін үлгілері қосылды. Әйел гардеробына ерлер костюмі, жейдесі, шалбары толық енді.
Іскерлік стиль
- Қимылға кедергі келтірмейді, ыңғайлы.
- Матасы: нәзік реңкті немесе ұсақ өрнекті, сапалы.
- Түстері: тым ашық емес, жұмсақ әрі тынық.
- Аксессуар мен әшекей: ұстамды.
- Аяқ киім: орташа өкшелі немесе өкшесіз, жайпақ.
Спорттық стиль
Демалысқа, спортпен шұғылдануға, саяхатқа ыңғайлы киімдер. Ассортименті: күртеше, жейде, әртүрлі ұзындықтағы және әрлеуі әртүрлі белдемшелер, комбинезон, джинсы киімдері.
Бұл стиль түйме, батырма, сыдырма сияқты бөлшектердің, сондай-ақ әрлеу тігістерінің дәл әрі тартымды орналасуымен ерекшеленеді.
Романтикалық стиль
Нәзіктік пен сүйкімділікті айқындайды, әдемілікке ерекше екпін береді. Ерекшелігі: қатпар, желбіреуіш, шілтер, бант, желбіршек сияқты сәндік элементтердің мол қолданылуы.
Фольклорлық стиль (этникалық)
Ұлттық сипаттағы заманауи киімдер. Мұнда ұлттық ою-өрнек, кесте, қолөнер элементтері кең қолданылып, олар жоғары технологиялық тәсілдермен үйлеседі. Фольклорлық стильді жиі кантри стилі деп те атайды.
Киім түрлері (арналуына қарай)
Киім арналуына қарай бірнеше топқа бөлінеді: күнделікті киім, үй киімі, спорттық киім, өндірістік киім, әртүрлі салтанаттарға арналған сәнді киім.
1) Күнделікті тұрмыстық киім
- Қызметтік киім
- Серуендік киім
- Арнаулы жұмыс киімі
- Ведомстволық (формалық) киім
2) Үй киімі
- Демалыс күндері киетін киім
- Үй шаруасына арналған киім
- Сәнді үй киімі
3) Спорттық киім
Қимылға ыңғайлы, төзімді материалдан тігілетін, жаттығу мен демалысқа лайық киімдер.
4) Өндірістік киім
Қауіпсіздік пен функционалдық талаптарға сай арнайы киімдер.
5) Сәнді киім
- Салтанатты кештерге арналған киім
- Жас ерекшелігіне қарай: жастар (18–20 жас), орта жас (30–44 жас), егде (45 жастан жоғары), қарт адамдар
III. Сарамандық жұмыс
Оқушылар өз талғамына сай киім эскиздерін жасайды.
IV. Қорытынды (бекіту сұрақтары)
- «Сән» сөзінің мағынасы қандай?
- «Стиль» ұғымы нені білдіреді? Стильдің қандай түрлерін білесіңдер?
- Классикалық стиль мен фольклорлық стильдің айырмашылығы неде?
- Романтикалық стиль мен спорттық стильдің ерекшелігі қандай?
- Оқушылардың білімін бағалау.
V. Үй тапсырмасы
- Сән үлгілері бойынша буклет жасау.
- Тақырыпты оқып келу.