Билік сөздер туындысы

Сахналық қойылымға негізделген қосымша сабақ

Тақырып: «Билік сөздер туындысы. Сөз қадірін білмесе, биден билік көшкені…»

Мақсаты

  • Оқушыларға сөз мағынасын терең түсініп, көркем оймен, дәл әрі әсерлі сөйлеуді меңгерту.
  • Шешендік өнер туындыларын зерделетіп, асыл сөздің тәрбиелік мәнін ұғындыру.
  • Тіл байлығын арттыру арқылы жас ұрпақты ата-бабамыздың от ауыз, орақ тілді шешендік дәстүріне баулу және жетілдіру.

Көрнекіліктер мен ресурстар

Нақыл сөздер

  • «Шешеннің сөзі мерген, шебердің ісі мерген.»
  • «Өнер алды – қызыл тіл.»
  • «Жақсы сөз – жарым ырыс.»
  • «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар.»

Құрал-жабдық

  • Экран, бейнетаспа, суреттер
  • Шешендік өнер туралы кітап көрмесі
  • Үнтаспа
  • «Көшпенділер» фильмінен үзінді

Сабақ барысы

I. Психологиялық дайындық

Өнер алды – қызыл тіл,
Шешен – сөз бастар,
Батыр – қол бастар.

Көп сөз – күміс,
Аз сөз – алтын.

Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.

Оқушылар шешендік өнер туындыларына негізделген «Маржан сөз» қосымша сабағына ой мен тілдің жауапкершілігін сезініп кіріседі.

Абайдың отыз бірінші қара сөзінен ой түю

Естілген нәрсені ұмытпауға төрт түрлі себеп бар:

  1. Әуелі – көкірегі байлаулы, берік болмақ керек.
  2. Екінші – естігенде не көргенде ғибраттанып, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғыну керек.
  3. Үшінші – сол нәрсені бірнеше уақыт іштен қайталап, ойланып, көңілге бекіту керек.
  4. Төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек; ой кез болып қалса, салынбау керек.

Ой кеселдері: уайымсыздық, салғырттық, ойын-күлкішілдік, бір қайғыға берілу, бір нәрсеге шамадан тыс құмарлық.

Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын кесел.

II. Топқа бөлу

I топ

Төле би ауылы

II топ

Қазыбек би ауылы

III топ

Әйтеке би ауылы

1-слайд

Үй тапсырмасын тексеру.

2-слайд

Кіріспе: экраннан би-шешендердің нақыл сөздері тізбектей көрсетіледі.

  • Өнер алды – қызыл тіл.
  • Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар.
  • Көп сөз – күміс, аз сөз – алтын.

3-слайд. Жаңа сабақ: «Билік сөздер туындысы»

«Сөз қадірін білмеген — биден билік көшкені.»

Сахналық қойылым арқылы шешендік сөздің салмағы мен биліктің әділет өлшемі танытылады.

Қойылым бөлімдері

  1. Елдің құты — биінде.
  2. Ата өсиеті.
  3. Жәнібек ханның өсиеті.
  4. «Аздым» деп ұрлыққа барма.
  5. Билік сөздер туындысы.

Үш биден үлгі

Әйтеке би

Асқар тау, сенде бір мін бар — асу бермейсің.
Тасқын су, сенде бір мін бар — өткел бермейсің.
Билер, сендерде бір мін бар — басқаға сөз бермейсің.

Қазыбек би

Адал болса — досың жақын,
Еркелейтін немерең жақын,
Өз ұрпағың — шөберең жақын,
Туып-өскен елің жақын.

Төле би

Атың жақсы болса — ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса — жан мен тәннің шырағы.

Сөздікпен жұмыс

Мыңғырған мал
Малдың көптігі.
Бірлік
Татулық.
Құт
Береке, байлық.
Сағыңды сындыру
Ренжіту, көңілін қалдыру.

4-слайд. Даналар сөзі — ақылдың көзі

Шешендік толғау

Жер деген не?
Ел деген не?
Жер сәні деген не?
Ел сәні деген не?

Жер деген — байлық.
Ел деген — халық.
Жер сәні — мыңғырған мал, ағылған аң,
аққан су, жайқалған ну.
Ел сәні — атаға қарап өскен ұл,
анаға қарап өскен қыз.

Үлкен алдында иіліп сөйле,
кіші алдында сызылып сөйле.

Ақылы жоқты аға тұтпа,
қасиеті жоқты қадір тұтпа.
Ақылы жоқты аға тұтсаң,
кішілігіңді кемшілік деп көрер.

5-слайд. Ой толғаныс

I топ — Төле би ауылы

Мәтін құрау: «Күз — береке, күз — мереке».

II топ — Әйтеке би ауылы

Сурет бойынша мазмұнды мақал-мәтел сайысы.

III топ — Қазыбек би ауылы

Өлең құрау (тақырыптық тірек: «Қызғалдақ теріп…»).

6-слайд. «Сөйле де сөйле, қызыл тіл»

1) Ата кәсіп

Тіл мәдениеті мен дәстүр сабақтастығын талқылау.

2) Қасиетті қара шаңырақ — киіз үй

Ұлттық құндылықтың тілдегі, ойдағы көрінісін пайымдау.

7-слайд. Қорытынды

Үш би

Үш бидің толып жатыр өсиеті,
Үлгі боп елге істеген әділеті.
Болса да талай ғасыр өткеніне,
Қалған жоқ ел аузынан қасиеті.

Сабақтың түйіні — сөздің қадірін тану, ойды жинақтап айту, әділет пен бірлікті биік қою. Шешендік сөз — тәрбие құралы ғана емес, ұлттың рухани өзегі.