Тамақ және ауру
Сабақ тақырыбы
Тамақтану мәдениеті мен тамақ әзірлеу технологиясы.
Сабақтың мақсаты
II тарау бойынша білімдерін жинақтау және жүйелеу.
Оқу нәтижелері
- Білімділік: тамақ әзірлеу және қамыр түрлерінен өнімдер даярлау технологиясы бойынша білімді жүйелеу және тереңдету.
- Дамытушылық: қиялдау, елестету, еңбек ету, өз бетінше жұмыс жасау, өзін-өзі тексеру және тапсырманы шығармашылықпен орындау дағдыларын дамыту.
- Тәрбиелік: пәнге қызығушылықты арттыру, жеке және топта жұмыс істеуге үйрету, қарым-қатынас мәдениетін және өз күшіне сенімділікті қалыптастыру.
Ұйымдастыру
- Сабақ түрі
- Өтілген материалды жалпы қайталау және жүйелеу сабағы.
- Пәнаралық байланыс
- Биология, химия, әдебиет.
- Көрнекілік
- Интерактивті тақта, слайдтар.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
- Оқушылардың сабаққа дайындығын бақылау.
Бүгін біз «Тамақтану мәдениеті мен тамақ әзірлеу технологиясы» тарауы бойынша қорытынды сабақты өткіземіз. Туған күнді еске түсіріп көріңдер: үй іші жайнап, жаңа піскен күлшелердің иісі аңқып, көңілге жылылық сыйлайды.
Әрине, күлше мен бәлішті дүкеннен де сатып алуға болады. Бірақ бұл дәмді тағамдарды әзірлеуді үйрену соншалықты қиын емес. Сендердің көп нәрсеге қабілетті екендеріңе бүгін бірге көз жеткіземіз.
Осыны анықтау үшін сабағымыз топтар арасындағы жарыс-ойын форматында өтеді.
II. Жарыс-ойын кезеңдері
- 1) Таныстыру
- 2) «Сұрақ — бізден, жауап — сізден»
- 3) Үй тапсырмасы
- 4) «Біліммен шықтық жарысқа»
- 5) «Ойлан, тап»
- 6) Мақал-мәтелдер сайысы
- 7) Капитандар сайысы
- 8) Қорытынды
Ойын ережесі және бағалау
Негізгі ереже
Ойын топтар арасында жарыс түрінде өтеді. Әр тапсырма баллмен бағаланады. Жеңімпаз — ең көп ұпай жинаған топ.
Бағалау критерийлері
- Тапсырманы дұрыс әрі толық орындау
- Шешімнің өзіндік ерекшелігі
- Берілген уақыт ішінде орындау
Мадақтау ұпайлары
- Қосымша жауап +3
- Уақытынан бұрын берілген жауап +2
Айып ұпайлары
- Дәптер қолдану −2
- Мұғалімнің көмегіне жүгіну −2
- Қате талдау жасау −2
Топтар
1) Таныстыру
Әр топтың басшысы өз тобының мүшелерін таныстырады.
2) «Сұрақ — бізден, жауап — сізден»
| № | Сұрақ | Жауап |
|---|---|---|
| 1 | Ішек жұқпалы аурулары қалай жұғады? | Қайнатылмаған су ішкенде, жуылмаған немесе тазартылмаған жеміс-жидек жегенде және т.б. |
| 2 | Алдын алу қалай жүзеге асырылады? | Жеке бас гигиенасын қатаң сақтау. |
| 3 | Сальмонеллезге адам қалай шалдығады? | Пісірілмеген сүтті, етті, сапасыз салаттарды және т.б. пайдаланғанда. |
| 4 | Ботулинус микробы қайда тез көбейеді? | Тұрып қалған балықта, дұрыс стерилизацияланбаған консервілерде. |
| 5 | Ет құрамындағы май мөлшері қанша? | 2%–37%. |
| 6 | Ет құрамында қандай витаминдер болады? | A, D, PP, B тобы. |
| 7 | Балық құрамында қандай минералдық заттар бар? | Фосфор, натрий, кальций, калий. |
| 8 | Икра балықтың қай түрінен алынады? | Бекіре тұқымдас балықтардан. |
| 9 | Қой ұшасы қалай бөлінеді? | Басы, жамбас, ортан жілік, асықты жілік, жауырын, тоқпан жілік, кәрі жілік, төс, белдеме, сүбе, қабырға, бұғана, бел омыртқа, құйымшақ, мойын. |
| 10 | Төсті кімге тартады? | Күйеу балаға. |
| 11 | Шала фабрикат дегеніміз не? | Өндірістік және жеке тұтынуға жарамды, бірақ дайын өнімге айналуы үшін әлі бір немесе бірнеше өңдеуді қажет ететін өнім. |
| 12 | Шала фабрикат дайындауда қандай тәсілдер қолданылады? | Турау, жаншу, аунату, дәмдендіру, шала тұздықтау. |
3) Үй тапсырмасы
Әр топ алдын ала дайындаған тағам өнімдерін таныстырып, жасалу технологиясын түсіндіреді.
4) «Біліммен шықтық жарысқа»
Ойын шарты
- 1 Ойынға екі топ қатысады.
- 2 Бірінші кезек жеребе арқылы анықталады. Кейін топ өзі таңдаған сұрақты атайды. Одан әрі қай топ капитаны қолын бірінші көтерсе, сол топ жалғастырады.
- 3 Дұрыс жауап үшін сұрақ құны ұпай болып қосылады; қате жауапта ұпай берілмейді.
Тақырыптар мен ұпайлар
- Жұмбақтар 10 · 20 · 30 · 40 · 50
- Аспаздық әліппесі 10 · 20 · 30 · 40 · 50
- Ұлттық тағам 10 · 20 · 30 · 40 · 50
- Тамақ және ауру 10 · 20 · 30 · 40 · 50
Жұмбақтар
- 10 ұпай
- Қыр басында әрқилы, сары теңіз толқиды. (Бидай)
- 20 ұпай
- Қар емес, қатты. Мұз емес, тәтті. (Қант)
- 30 ұпай
- Айналада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау. (Жұмыртқа)
- 40 ұпай
- Қалың киімді ұнатады, шешіндірсең жылатады. (Пияз)
- 50 ұпай
- Аспай піскен, қайнамай түскен. (Жеміс)
Аспаздық әліппесі
- 10 ұпай
- Шала фабрикаттарды дайындау тәсілдері. (Турау, жаншу, аунату, дәмдендіру, шала тұздықтау)
- 20 ұпай
- Қайнап жатқан ет сорпасына үстемелеп су құю дұрыс па? (Жоқ)
- 30 ұпай
- Картопты қайнату уақыты шамамен қанша? (20–30 минут)
- 40 ұпай
- Ет қайнатқанда тұзды қашан салады? (Қайнағаннан кейін 15 минуттан соң)
- 50 ұпай
- Көп май құйып қуыру қалай аталады? (Фритюр)
Ұлттық тағам
- 10 ұпай
- Ең дәмді спагетти қай елде дайындалады? (Италияда)
- 20 ұпай
- Палау қай елде ерекше дәмді? (Өзбекстанда)
- 30 ұпай
- Қонаққа берілетін дәстүрлі тағам. (Ет асу)
- 40 ұпай
- Суши қай елдің тағамы? (Жапония)
- 50 ұпай
- Шипалы, емдік қасиеті жоғары ұлттық сусын. (Қымыз)
Тамақ және ауру
5) «Ойлан, тап»
Берілген сипаттама бойынша өнім атауын табыңдар.
1. Ұн
Қамырдың барлық түрін әзірлеудегі негізгі шикізат. Тағамдық құндылығы дән сапасына байланысты. Қамырды әзірлеу алдында жылы жерге қойса, пісіргенде жақсы көтеріледі. Електен өткізіледі, құрғақ жерде сақталады.
2. Крахмал
Ақ түсті, иіссіз әрі дәмсіз ұнтақ. Картоптан, жүгеріден, күріштен және бидайдан жасалады. Суық суда ерімейді, ыстық суда желімтек күйге айналады. Құрғақ жерде, өткір иісті өнімдерден бөлек сақталады.
3. Май
Ең қолайлы азық-түліктің бірі. Пісірілген өнімдердің калориясын арттырады және үгітілуін күшейтеді.
4. Жұмыртқа
Ағы жақсы көбіктенеді, көтеріліп, бірнеше есе ұлғаяды. Қамырды жұмсартуға және крем әзірлеуге қолданылады. Сарысы қамыр илеуге және өнімнің сыртына жағуға пайдаланылады.
5. Құмшекер
Кристалды, ақ түсті, иіссіз, тәтті өнім. Тағам құндылығын арттырып, дәм мен қажетті ылғалдылық береді.
6. Бал
Тағамдық сапасы жоғары, татымы ерекше әрі хош иісті өнім.
7. Жеміс-жидектер
Таза, өңделген және құрғақ түрінде (повидло, джем, тосап) тәтті тағам ретінде пайдаланылады. Пюре әзірленеді, кондитер өнімдерін әшекейлеуге қолданылады.
8. Жаңғақ
Бағалы әрі тәтті өнім. Құрамында 40–70% май және ақуыз болады. Кондитер бұйымдарына дәм мен хош иіс береді.
9. Ас содасы
Ақ түсті химиялық қопсытқыш. Суда тез ериді, қамырды жұмсартып, қопсытады.
10. Ванилин
Өте жағымды, күшті иісі бар ақ түсті кристалды ұнтақ. Қамырға өте аз мөлшерде ерітінді түрінде немесе қантпен араластырылған күйде қосылады.
6) Мақал-мәтелдер сайысы
Ас үстінен аттама, астан үлкен емессің.
Ашта жеген құйқаны, тоқта ұмытпа.
Ас тұрған жерде, ауру тұрмайды.
Құр аяққа бата жүрмес.
Ас — адамның арқауы.
Ас иесімен тәтті, тамағымен жақсы.
Ет дегенде — бет бар ма.
Ет етке, сорпа бетке.
Ертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама.
Қазаныңа не салсаң, шөмішіңе сол ілінер.
Ас біреудікі болғанымен, асқазан өзіңдікі.
Арықтың сорпасында дәм болмайды, ақылсыздың сөзінде мән болмайды.
Жиен ел болмас, желке ас болмас.
Нан — тамақтың атасы, ынтымақ — көптің батасы.
Піскен астың күйігі жаман, пасықтың көңілінің биігі жаман.
Қонақ берсең етіңді жейді, бермесең бетіңді жейді.
7) Капитандар сайысы
«Мені түсін»
Капитандар берілген сөздерді іс-қимыл арқылы түсіндіреді: тұз, оқтау, торт, банан, пышақ, елек, ожау.
8) Қорытынды
Ұпайлар есептеліп, жеңімпаз топ анықталады.
Бүгінгі сабақта сендер тамақ әзірлеу технологиясын жақсы меңгергендеріңді дәлелдедіңдер. Әр топ мүшесіне «КӨМЕКШІ» атағы беріледі.