Ересектер тобы

Мақсат пен міндет

Бұл ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті балалардың әуенді тыңдау арқылы оның көңіл күйін, екпінін ажырата білуін және әуенді қимыл-қозғалыспен дәл жеткізуін жетілдіруге бағытталған. Сонымен бірге үннің дауыс ырғағын тануда шығармашылық белсенділікті арттыру, берілген бейне (кескін) туралы ойын анық әрі еркін жеткізу арқылы сөйлеу қабілетін дамыту көзделеді.

Үнтаспада орындалған күйді жақын сезініп, соған сай іс-әрекет жасауда баланың арман-қиялын кеңейту, музыкалық қабілетін жан-жақты дамыта отырып сахна мәдениетін бойына сіңіру және жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал ету — негізгі міндеттердің бірі. Сондай-ақ осы уақытқа дейін алынған білім мен біліктілікті тиянақтап, бекіту мақсаты қойылады.

Іс-әрекет форматы

  • Түрі: дәстүрлі емес, сайыс
  • Типі: жинақтау, бекіту

Алдын ала жұмыстар

Күннің екінші жартысында балалардың қалауы бойынша түрлі ән, би, әуенді қимыл-қозғалыс және ойындар ұйымдастыру.

Сөздік жұмыс

Ұяшық.

Көрнекіліктер

Аңдар суреттері мен бетперделер, аспаптар және аспап суреттері, презентация, ұяшықтар, ойыншықтар, эмблема, түрлі-түсті асықтар, үнтаспалар, бөлме безендірілуі.

Өнер байқауына кіріспе

II-кіші топ бүлдіршіндерінің орындауындағы «Біз көңілдіміз» биімен шара ашылады.

Құрметті апайлар, қымбатты әріптестер және сүйкімді бүлдіршіндер! Арайлап атқан күн қуаныш әкелсін!

Өнер десем ойыма жыр келеді, ақ көңілдің кірі арылып, нұрланады.

Өнер десем көмейім ән салады — жүректің аңсағаны орындалады.

Өнер — ұлылық ұялаған қасиет, қарапайым дарынды адамға қонған ырыс.

Өнер — мың бұралған биші, шебердің саусақтарындағы сыр.

Өнер адам рухын түсірмей, ұлылар тағдырын мүсіндеген өнеге.

Бүгін — ерекше күн. Балабақшада тәрбиеленіп жатқан балғын бүлдіршіндердің бойына халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, өнегелі қасиеттерін сіңіре отырып, әдемілікке, әдептілікке, инабаттылыққа, имандылыққа және өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, музыкалық сезімін ояту мақсатында өтетін «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма!» атты өнер байқауына қош келдіңіздер!

Өлең жолдары

Асыл сөздің ұстасы — ақын болар ұрпақпыз.

Өнер, білім, еңбекке жақын болар ұрпақпыз.

Он саусағы майысқан — шебер болар ұрпақпыз.

Тұла бойы тұнған бір өнер болар ұрпақпыз.

Қатысушылар

Байқауға Ересектер тобы, Ортаңғы «А» және Ортаңғы «Б» тобы қатысады.

  • Әр топтан: 1 ұл, 1 қыз және тәрбиеші қатысады.
  • Әр бөлім шағын ансамбль орындаған күйлермен белгіленеді.

Әділқазылар алқасы

  • Төрайым: балабақша меңгерушісі — Б. Б. Шарапқызы
  • Мүше: балабақша әдіскері — Р. С. Қалжанова
  • Мүше: балабақша психологы — А. С. Қожамұратова

Қатысушы топтарды шақыру

Құрметті жанкүйерлер! Қошеметтеріңізбен қатысушы талапкерлерді ортаға шақырамыз: Ортаңғы «А», Ортаңғы «Б», Ересектер.

Байқау барысы

Реттік санды анықтау

Қатысушылардың реттік саны асық ойыны арқылы белгіленеді. Әр топтың ұл балалары ортаға шығып, өздеріне тиесілі асығын алады.

  • Қызыл — Ортаңғы «Б»
  • Сары — Ортаңғы «А»
  • Жасыл — Ересектер тобы

Бөлімдер тізімі

  1. IТаныстыру
  2. II«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй»
  3. III«Ән көкпар — көңілашар»
  4. IVМузыка тілімен сөйлеу
  5. V«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»
  6. VIОйлан, тап

I бөлім: Таныстыру

Сәлемдесу — ата салтың, ол дағы. Қолдағы асылды көрсете біл. Өнеріңмен қатар тәрбиең жүрмесе, өнерсіз қалу да қиын емес.

Мақсаты

Кейіпкер қимылын дұрыс көрсету, таныстыру мазмұнын көпшілікке анық әрі мәнерлі жеткізу.

Шарты және тақырыптар

Әр топ таныстыруды ертегі кейіпкері арқылы немесе тосын сый түрінде ұсынады:

  • Ересектер тобы — тауық және балапандары
  • Ортаңғы «Б» тобы — «Қызыл телпек»
  • Ортаңғы «А» тобы — мысық және тышқандар

Күй орындалады.

II бөлім: «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй»

Абай атамыз айтқандай: «Көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең менше сүй». Бұл бөлім — әуен тыңдау арқылы ойды тілмен дәл жеткізуге арналған.

Мақсаты

Таңдалған ұяшықтағы әуенді мұқият тыңдап, сөз бен ойды байланыстыра сөйлеу.

Шарты

Жасырылған әуенге өз бетінше сөйлем құрастырып, ойын еркін жеткізу.

II-кіші топ бүлдіршіндерінің орындауында «Менің ойыншықтарым» әнін қабыл алыңыздар.

III бөлім: «Ән көкпар — көңілашар»

Мақсаты

Есте сақтау қабілетін дамытып, берілген әуеннің сөзін жылдам еске түсіру.

Шарты

Ұяшықты ашып, жасырылған өлеңнің сөзін және авторын толық табу; топ мүшелерімен бірге аспап сүйемелдеуі арқылы нақышына келтіріп орындау.

Орындау реті

  • Ересектер тобы — «Достық әні»
  • Ортаңғы «Б» тобы — «Домбырасыз сән қайда»
  • Ортаңғы «А» тобы — «Доп» әні

IV бөлім: Музыка тілімен сөйлеу

Мақсаты

Тапсырмаларды ұқыпты әрі тиянақты орындауға үйрету, шығармашылық белсенділікті дамыту.

Шарты

Сұраққа байланысты музыканың көңіл күйін, суреттегі бейненің қимылын және дауыс ырғағын ажыратып айту.

«Ауылдың алты ауызы» бар: бүгін бізге қандай тарту әкелдіңдер, қандай өнер көрсетесіңдер?

Би түрлері

  • Ересектер тобы — өзбек биі
  • Ортаңғы «Б» тобы — қазақ биі
  • Ортаңғы «А» тобы — орыс биі

V бөлім: «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»

Мақсаты

Таныс суреттерге балалар тіліне жеңіл әрі тартымды шумақ ойлап шығару және оны орындау.

Шарты

Өздері шығарған шумақты таныс әуенге салып орындап беру.

VI бөлім: Ойлан, тап

Мақсаты

Ойынға қызығушылықты арттыра отырып, көрнекіліктер арқылы логикалық ойлауды және іс-әрекетті байланыстыра орындауды дамыту.

Шарты

  • Шарда жасырылған бейнені көз алдына елестетіп, оның жүрісін қимылмен көрсету.
  • Суретте жасырылған музыкалық аспаптың атауын айтып, қалай ойналатынын көрсету.

Күй орындалады.

Қорытынды бөлім

Құрметті апайлар, әріптестер және кішкентай бүлдіршіндер! Балалардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, музыкалық сезімін ояту мақсатында өткен «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма!» атты өнер байқауының шешуші кезеңіне де келіп жеттік.

Әділқазылар алқасы қатысушылардың білімін, тапқырлығын, ой шеберлігі мен ептілігін, сондай-ақ өнерпаздығын бағалап, қорытынды жасағанға дейін, қатысушы өнерпаздарымыздың орындауында «Әніміз бар тамаша» әнін қабыл алыңыздар.

Түйін сөз

Жерге шыбық қадамасаң — тал болмас. Өрісіне қарамасаң — мал болмас.

Түлік төлден өседі. Аққу көлден өседі. Жеміс жерден өседі. Өнерлі елден өседі.

Асыл — тастан, өнер — жастан.

Көрдіңіздер бүлдіршіндер өнерін — ән салып, би билеген өренін.

Қалай ғана тамсанбасқа болады? Мен болашақ жұлдыздарын көремін.