Қандай ыдыстар
Кіріктірілген ашық оқу іс-әрекеті: «Қуыршақ қонаққа келді. Тостаған»
Білім беру салалары
Қатынас, Шығармашылық
Оқу іс-әрекеті
Сөйлеуді дамыту, сурет салу
Орны
Атырау қаласы, №25 «Еркемай» балабақшасы
Мажиева Динара Бауыржанқызы
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
- Балаларға тағамдар мен ыдыстардың атауларын үйрету, оларды ажыратуға жаттықтыру.
- Ыдыстың не үшін қажет екенін түсіндіру.
Міндеттері
- Қазақтың ою-өрнектері туралы түсінігін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
- Тазалыққа, салт-дәстүрді құрметтеуге, адамгершілікке, достыққа және қонақжайлылыққа тәрбиелеу.
- Қонақ күту ережелерімен таныстыру; ойын, өлең жаттау арқылы ой-өрісін және сөздік қорын дамыту.
- Бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттыру: зат пішініне, құрылымына, өрнек элементтерінің орналасуына мән беруді үйрету.
Әдіс-тәсілдер
Әңгімелеу, көрсету, түсіндіру, «ғажайып сәт», дидактикалық ойын, тақпақ, тақтамен жұмыс, слайд, сурет салу, сұрақ-жауап, қорытындылау.
Көрнекіліктер
Слайд, қуыршақ, әртүрлі ыдыстар.
Қажет құралдар
Акварель, ақ қағаз, сүлгі.
Тілдік мақсаттар
Сөздік жұмыс
Балалар сөздерді тәрбиешімен бірге қайталап, мағынасын нақтылайды.
Билингвальды компонент
- Қонақ
- гость
- Ыдыс
- посуда
Сабақ барысы
Шаттық шеңбер
Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де.
Қуанамыз, достарым,
Арайлап атқан күнге!
Балалар тәрбиешімен бірге қимыл-қозғалыс жасап, шаттық шеңберін орындайды.
Жетелеуші сұрақтар:
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Күн қандай болады?
Ғажайып сәт: қуыршақ қонаққа келді
Тәрбиеші біреу есік қаққандай болғанын айтып, қонаққа қуыршақ Әсем келгенін хабарлайды.
Қазақ халқы — қонақжай халық. Қонақты қарсы алу мен шығарып салуға ерекше мән беріледі: үй иесі есікті өзі ашып, қонақты үйге енгізіп, соңынан өзі шығарып салады.
Бүгін біз қуыршақ Әсемге қонақжайлылығымызды көрсетіп, дастархан жаюды үйренеміз.
Түсіндіру: ыдыс-аяқ деген не?
Ыдыс-аяқ — күнделікті ас дайындау, тамақ ішу және сақтау барысында пайдаланылатын тұрмыстық заттар жиынтығы.
Тамақ дайындауға
Кастрөл, таба, қазан, ожау.
Тамақ қабылдауға
Тәрелке, табақ, қасық, шанышқы, кесе, стақан.
Тамақ сақтауға
Әртүрлі сақтау ыдыстары.
Сұрақ-жауап: дастарқан мәдениеті
Мысал сұрақтар
- Мынау — шай құятын шайнек. Ал мынау — кішкентай қасық. Қасық не үшін керек?
- Мынау — саптыаяқ. Онымен не істейміз?
- Дастарқан басында өзіңді қалай ұстауың керек?
- Кастрөл не үшін керек? Ал таба ше?
Дастарқан жаю реті
- 1Дастарқанды жайып, үстіне әзірленген тағамдарды қоямыз.
- 2Қасықтар мен шанышқыларды орналастырамыз.
- 3Шай ішетін ыдыстарды (кесе, саптыаяқ, т.б.) қоямыз.
Дидактикалық ойын: «Қуыршақты тамақтандырамыз»
Балалар ойын арқылы қонақ күтуге қатысты сыпайы сөздерді қолданады және ыдыстарды орнымен пайдалануды бекітеді.
Қуыршақ Әсем балалардың қонақжай әрі сыпайы екенін айтып, риза болады.
Тақпақтар
Апам маған дүкеннен,
Бір қуыршақ әкелді.
Ерегіспес үлкенмен,
Мазақтамас бөпемді.
Ойнатамын оны мен,
Жылатпаймын түртіп те.
Ең жақсысы — менімен
Таласпайды кәмпитке.
Бізде бар қуыршақ,
Бұзау, қозы, құлыншақ.
Ойыншықтар тыңдайды,
Әмір беріп бұйырсақ.
Сергіту сәті
Аяқпенен топ-топ,
Ал қолменен хлоп-хлоп.
Бір оңға, бір солға,
Айналамыз кел мұнда.
Қолымызды сермейміз,
Басымызды шайқаймыз.
Бір оңға, бір солға,
Айналамыз кел мұнда.
Сыйлық идеясы және жаңа білім
Үйге келген қонаққа сыйлық беру — ізеттіліктің белгісі. Біз қуыршақ Әсемге сүт құйып ішетін ыдыс — тостаған сыйлаймыз.
Слайд арқылы түсіндіру
Ыдыстардың түрлері және олардың қандай материалдан жасалатыны туралы мағлұмат беріледі.
Сурет салу тапсырмасы
Балалар сүт, көже құйып ішуге ыңғайлы болғандықтан тостағанның суретін салады.
Тәрбиеші ТРИЗ әдісі бойынша әшекейлеуді көрсетеді: саусақты бояуға батырып, тостаған бейнесінің үстінен із қалдырып өрнектейді.
Ойын: «Көлеңкесін тап»
Балалар ыдыстардың көлеңкесін тауып, сәйкес суреттердің үстіне орналастырады. Ойын зейінділік пен салыстыру дағдысын дамытады.
Қорытындылау
Қайталау сұрақтары
- Бүгін бізге кім қонаққа келді?
- Әсемге не сыйладық?
- Дастарқанға нелер қойдық?
- Қандай ыдыстарды білдік?
- Тостаған қандай материалдан жасалуы мүмкін?
Балалар қуыршақ Әсеммен қоштасады. Тәрбиеші сабаққа белсенді қатысқан балаларды мадақтайды.
Нәтиже: балалар тағамдар мен ыдыстардың атауларын ажыратады, дастарқан мәдениетінің негізгі ережелерін біледі, тостағанды өрнектеп сурет сала алады.