Оқытушы сөзі

Сабақ жоспары

Түркістан қаласы және зат есімнің жалғаулары

Бұл сабақта оқушылар Түркістан қаласының тарихи маңызын танып, мәтінмен жұмыс арқылы түсінігін кеңейтеді. Сонымен қатар зат есімнің жалғауларын жүйелеп, практикалық тапсырмалар арқылы бекітеді.

Ұйымдастыру кезеңі

Амандасу, сыныптың назарын сабаққа шоғырландыру. Оқытушы: «Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгінгі сабақ ерекше, себебі сабаққа қонақ оқытушылар қатысып отыр.»

Тақырыпты анықтау (сөзжұмбақ)

  1. Оңтүстікте орналасқан қала
  2. «Отлично» сөзінің қазақша баламасы
  3. Батыс Қазақстанда орналасқан қала
  4. «Жаңа» сөзінің антонимі
  5. «Успеваемость» сөзінің қазақша баламасы
  6. «Столица» сөзінің қазақша баламасы
  7. «Гора» сөзінің қазақша баламасы
  8. «Дұшпан» сөзінің синонимі
  9. «Ас атасы»

Сабақтың өзегі

Сөзжұмбақ шешімі арқылы сабақтың тақырыбы ашылады: Қазақстанның көне қалаларының бірі — Түркістан. Қаланың сыртқы көрінісі интерактивті материалдар арқылы көрсетіледі.

Мәтінмен жұмыс

  • а) Оқытушы мәтінді мәнерлеп оқиды.
  • ә) Оқушылар кезектесіп оқиды.

Түркістан туралы мәтін

Түркістан — Қазақстан Республикасындағы тарихи қала. Ол Сырдарияның оң жағалауында, Қаратау жотасының етегінде орналасқан. Қаланың іргетасы біздің заманымыздың I мыңжылдығының орта шенінде қаланған.

Түркістанның ежелгі аты — Иассы. XIV ғасырда Ахмет Ясауи кесенесінің салынуына байланысты Иассы қаласының аумағы батысқа және оңтүстікке қарай тез кеңейіп, аймақтың саяси орталығына айналды.

Жазба деректерде қала жаңа атаумен — «Хазірети Түркістан» деп атала бастады. XVI ғасырдан бастап «Түркістан» атауы қалаға берік орнықты.

Мәтін бойынша сұрақтар

  1. Түркістан қандай қала?
  2. Түркістан қай жерде орналасқан?
  3. Қаланың іргетасы қашан қаланған?
  4. Түркістанның ежелгі аты қандай?
  5. Жазба деректерде қалай аталды?

Грамматика: зат есімнің жалғаулары

Зат есім дегеніміз не?

Зат есім — заттың, ұғымның, құбылыстың атын білдіретін сөз табы.

Сұрақтары

Кім? Не? Кімдер? Нелер?

Жалғаулардың қызметі

Жалғаулар сөздерді өзара байланыстырады. Зат есімнің жалғауларының 4 түрі бар:

  1. Көптік жалғауы
  2. Тәуелдік жалғауы
  3. Септік жалғауы
  4. Жіктік жалғауы

Жаттығулар

№1. Көптік жалғауын жалға

Қала, кесене, жота, ана, әже, бала, оқушы, аға, терезе, айна, алма, қабырға, апта, әңгіме, кітап, гүл, тақта, парта, дала, кесе.

№2. Сөйлем құра

Ерекшеленген сөздермен сөйлем құрастырыңыз: қала, кесене, Түркістан, Ахмет Ясауи.

№3. Түбірін тап

Қоныс, қону, қонбау, қонақ, қонды, қонады, атақоныс, қоныңдар, қоныңыздар, қонған, қонбақшы; қалалық, қалашық.

Топтық жұмыс

№1 топ

Ғаламтордан Түркістан қаласы туралы қазақша мәлімет табыңыздар. Материалды принтерден шығарып, сынып алдында оқып беріңіздер.

№2 топ

Мәтінді оқып, мазмұнын түсініңіздер. Мәтіннен зат есімдерді теріп жазып шығыңыздар.

Мәтін: Тайқазан

Түркістан қаласында Ахмет Ясауи кесенесі бар. Осы ғажайып кесененің ішінде алып қазан — Тайқазан орналасқан.

Қазан 1399 жылы Атабай деген жерде жасалған. Ол жеті металдың қоспасынан құйылған. Құрамында темір, мырыш, қорғасын, мыс, күміс, алтын бар.

Бұл алып қазанға 60 шелек су сыяды. Қазанның салмағы — 2 тонна, диаметрі — шамамен 2,5 метр. Қазанның 12 құлағы бар.

Бұрын қазанға қант қосылған су құйып, жұма намазынан кейін емдік қасиеті бар су ретінде жұртқа таратқан.

1935 жылы Тайқазан Ленинградқа көрмеге апарылып, 1989 жылға дейін сонда сақталған. Кейін қазан өз орнына қайта оралды.

Шығармашылық тапсырма: «Бес жол» ойыны

Үлгі

  • Зат есім: Түркістан
  • Сын есім: ғажайып
  • Етістік (тіркес): Түркістанға саяхатқа бару
  • Сөйлем: Түркістан — Қазақстан Республикасының тарихи қаласы.
  • Синоним: қала, шаһар

Өлең жаттау

Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңіндегі:

«Түркістан — екі дүние есігі ғой.
Түркістан — ер түріктің бесігі ғой.»

Бұл жолдар оқушыны өткен тарихқа жетелеп, ертеде Тұран аталған өңірді мекендеген ата-бабалар өмірін көз алдына елестетеді.

Білімді тексеру: тест

  1. Қазақстан Республикасының ежелгі қаласы:
    A) Астана B) Түркістан C) Қостанай
  2. Түркістан қай жерде орналасқан?
    A) Қаратау жотасының етегінде B) Ақмола облысында C) Қарағанды облысында
  3. Түркістан қаласының ежелгі атауы:
    A) Отырар B) Түркістан C) Иассы
  4. Түркістан қаласында кімнің кесенесі бар?
    A) Әл-Фараби B) Ахмет Ясауи C) Абылай хан
  5. Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде не бар?
    A) Тайқазан B) Бөлме C) Гүл

Бекіту сұрақтары

Түркістан туралы

  1. Түркістан қандай қала?
  2. Түркістан қай жерде орналасқан?
  3. Түркістанның ежелгі аты қандай?
  4. Жазба деректерде қалай аталды?

Тайқазан туралы

  1. Тайқазан қай қалада орналасқан?
  2. Ол неден жасалған?
  3. Тайқазанның салмағы қанша?

Үй тапсырмасы

  1. Түркістан қаласы жөнінде қосымша ақпарат жинастыру.

Қорытынды

Сабақ соңында оқушылардың жұмысы қорытындыланып, сабақ Роза Рымбаеваның орындауындағы «Түркістан» әнімен аяқталады.

Ескерту: Бұл материал сабақ жоспарын ықшам әрі оқылымы жеңіл форматқа келтіріп ұсыну мақсатында редакцияланды.