Жуан дауысты дыбыстарды айт

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

Оқушылардың сауат ашу пәні барысында алған білімдерін тиянақтау; өнерлерін ата-аналарға көрсету; белсенділігін арттыру және ұжымшылдықты күшейту.

2) Дамытушылық

Тапсырмалар орындау кезінде өз ойын еркін жеткізуге, толық жауап беруге дағдыландыру; қабылдауын, зейінін және есте сақтауын дамыту.

3) Тәрбиелік

Адамгершілікке, ұқыптылыққа, бірін-бірі сыйлауға, мерекеде өзін дұрыс ұстауға тәрбиелеу; ана тілін сүюге, қастерлеуге және эстетикалық талғамын дамытуға бағыттау.

Безендірілуі

  • «Әліппе, саған мың алғыс!» деген жазуы бар плакат
  • Суреттер, шарлар, жалаушалар
  • Суретті әріптер
  • Нақыл сөздер жазылған плакаттар

Сабақтың барысы

Сахналық көрініс

Сахнаның бір бұрышы орман бейнесінде безендіріледі. Сол бұрышта сиқыршы қыз ертегі кейіпкерлерімен билеп жүреді.

Сиқыршы қыз

Ой, бүгін күн қандай тамаша! Табиғат-ана өз жылуын жердегі адамзатқа төгіп тұрғандай! Қараңдаршы, қандай әдемі, қандай көрікті! Бүгін менің сиқырлы таяғым бір ғажайып көрсете ме екен? Қане, сиқырлы таяғым, маған не көрсетесің?

(Осы сәтте шар жарылып, сиқыршы оқушылардың ортасына келеді.)

Сиқыршы

Ой, мен қайда келіп қалдым?

Мұғалім

Армысыз, кішкентай сиқыршы!

Сиқыршы

Сәлеметсіз бе?! Мен сізді танымадым. Мен, өзі, қайда келіп тұрмын?

Мұғалім

Кішкентай сиқыршы, сіз біздің мектебіміздесіз. Бүгін мектебімізде ерекше той өтпек: 1 «К» сынып оқушылары Әліппемен қоштасқалы отыр. Бұл тойдың қадірлі қонағы бол!

Сиқыршы

Рахмет! Мен де сізге көмектесіп тұра аламын ба?

Мұғалім

Әрине болады. Әзірге балалармен бірге отыра тұр.

Құттықтау сөз

Мұғалім

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін қуанышымызға шек жоқ. Сіздер 1-сынып оқушыларының «Әліппемен қоштасу» ертеңгілігіне келіп отырсыздар.

Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда қызғалдақтай құлпырған,
Біз — алаңсыз балғын шақты балалар.

Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Хош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға.

Тойымыздың тойбастары ретінде Дильнара мен Асылдың орындауында «Ертегілер» әнін қабыл алыңыздар.

Өсті міне бойларың, өсті ақыл-ойларың.
Қуанышқа ортақпын, құтты болсын тойларың!

Сұрақ-жауап

Балалар, сендерге сұрақ қоямын. Тез әрі нақты жауап беріңдер.

Мұғалім: Іші толы әріпке, білімдегі жарық не?

Хормен: Болашаққа жол ашқан, ол — сүйікті Әліппе!

Мұғалім: Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық!

Хормен: Әліппе! Әліппе!

Әліппенің сахнаға шығуы

Әліппе

Менің атым — Әліппе,
Мені анаңдай дәріпте.
Мені оқып ержеткен,
Ағаң менен әпкең де.

Армысыңдар, жас достар! Армысыңдар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар Әліппең келді ортаға.

Мерекелеріңмен құттықтаймын, бүлдіршіндер, балғындар!
Не үйреніп, не білдік — кәне, ортаға салайық.

«Біз қандаймыз?»

  • Талабы биік таудаймыз.
  • Мың бұралған бишіміз.
  • Біз шеберміз.
  • Ақылдымыз.
  • Үлкенге ізеттіміз, кішіге қамқормыз.
  • Көп оқимыз.

Барлығы: Біз — қазақ елінің болашағымыз!

Музыкалық нөмір

«Бөбектер әні» — орындаушылар: Сабина, Нұрасыл, Амина.

Бүгінгі шара ойын түрінде өтеді және бірнеше айналымнан тұрады.

Ойын бөлімі

I айналым: «Ұшқыр ой»

5 ұпай

Әр балаға «Әліппе» пәнінен бір сұрақ қойылады. Жауап: тез, жылдам, нақты.

«Сұңқар» тобына сұрақтар

  1. Сөйлемдегі бірінші сөздің бірінші әрпі қандай әріппен жазылады?
  2. «Бесінші» сөзі қандай сұраққа жауап береді? (Нешінші?)
  3. Сұраулы сөйлемнің соңына қандай тыныс белгісі қойылады? (Сұрақ белгісі)
  4. Дауысты дыбыстар неше топқа бөлінеді? (2: жуан, жіңішке)
  5. Адамның аты қалай жазылады? (Үлкен әріппен)
  6. Жуан дауысты дыбыстарды ата. (а, о, ұ, ы)
  7. Кейде дауысты, кейде дауыссыз болатын дыбыс. (у)
  8. Жіңішке дауысты дыбыстарды ата.

Әліппе туралы тақпақтар

Барлық сұрақтарға жауап бердіңдер. Енді Әліппе туралы жаттаған тақпақтарыңды тыңдайық.

Дильнара

Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызыға қарай бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін алып берді.

Нұрасыл

Үйретіп бізге алғаш Әліппені,
Ұстазым ғылымға жол салып берді.
Адамның ой-арманы, мақсаттары,
Оқудың сәулесімен жарық көрді.

Асыл

Жақсы кітап — Әліппе,
Үйретеді әріпке.
Қуыршақпен қоштастым,
Әріптермен достастым.

Амина

Өмірге жол бір өзіңнен бастадым,
Алфавитті алғаш сенен жаттадым.
Ұстаз-ана естен кетпес мәңгілік,
Мейіріммен жауырыннан қаққаның.

Серік

Жүзің жылы, құшағың кең,
Сенен түлеп ұшамын мен.
Өзің берген біліміңмен,
Биіктерге шығамын мен.

Малика

Әліппе, Әліппе — алғашқы әріппен «Ана» деп,
Қазір біз жазуға әзірміз.

Сабина

Әліппе, Әліппе — екінші әріппен «Бала» деп,
Қазір біз жазуға әзірміз.