Балалар сендер қаншама құстың дауысын естіп тұрсыңдар

Сабақ туралы мәлімет

Әлеуметтік орта · Қоршаған орта

Табиғатты аялайық, қорғайық

Мақсаты

Балаларға табиғаттың адамзаттың өмір сүріп, еңбек ететін ортасы екенін түсіндіру; табиғатқа қамқор болып, аялап қорғауға тәрбиелеу. Табиғаттың әрбір бөлшегі — адамзат үшін асқан байлық, қазына; адам өмірінің қорғаушысы әрі денсаулықтың кепілі екенін кеңінен ұғындыру.

Көрнекілігі

  • Слайд көрсету.
  • «Жер-ана» бейнесі: адамның қолынан азып-тозған табиғат және әсем табиғат көріністері.

Әдіс-тәсілдері

Сұрақ-жауап Түсіндіру Жұмбақтар Ойын әрекеттері

Ұйымдастыру кезеңі

«Сәлем — сөздің анасы. Амандасу — адамгершіліктің, әдептіліктің белгісі. Сондықтан алдымен қонақтармен амандасып алайық.»

Балалардың сәлемдесуі

Қайырлы күн, досым. Қайырлы күн!

Қайырлы күн! Күліп шықты күн бүгін.

Сәлематсыздар ма, қонақтар!

Тәрбиешінің өлеңі

Қазақстан — туған өлкем, жер көп сендей көркем.
Көрсін деп күллі әлемге, жалауыңды желге желпем.

Көз алдыңда көгілдір тау мұнартып,
Аспанымда аққудың әні қалқып.
Құшақтап бір өзіңді, туған далам,
Жатамын көк шалғында жаным балқып.

Тасып жатқан өзендер жағасынан,
Сары белге сағымдар арасынан.
Тарайды дән жұпары бар әлемге —
Қазақтың қасиетті даласынан.

Табиғат — адам баласын дүниеге әкеліп, бойындағы мейірімі мен махаббатының шуағын жүрегімізге ұялатқан аяулы ана. Ендеше, табиғат жайлы балалардың ойынан байқайық.

1-бала: Ата-бабамыз жерді бізге аманат етті. Қиын кезеңдерді бастан өткерген. Біз Отанымыздың табиғатын қорғаймыз.

2-бала: Өзім тұратын туған жерімнің тазалығын сақтаймын.

3-бала: Мен ағаш еккенді ұнатамын, жасыл желектерді күтемін.

4-бала: Табиғат аясында демалғанды, суға шомылғанды ұнатамын.

5-бала: Табиғаттың әсемдігі мен сұлулығын суретке түсіргенді ұнатамын.

Адам мен табиғат: ажырамас байланыс

Адам мен табиғат — егіз ұғым. Табиғат — асыраушы, қамқоршы. Ата-бабамыздың «Жер — қазына, су — алтын, мал — байлық» деуі тегін емес.

Табиғаттың сыйы — күнделікті өміріміз

  • Ішіп-жейтін тағам
  • Киім-кешек
  • Кітап пен қағаз
  • Көлік пен тұрмыстық қажет
  • Дәрі-дәрмек
  • Таза ауа мен тұщы су

Сондықтан табиғатты аялап, қорғау — әрқайсымыздың міндетіміз.

Құстар әлеміне саяхат

Музыка әуені естіледі. «Қорғаңдар, дүние! Қауіпте қалған құстарды қорғаңдар! Табиғат — анаң. Анаңды қоса дертке шалдықтырма!»

Балалар, қазір көзімізді жұмып, табиғаттағы құстар әлеміне саяхат жасайық. (Үнтаспадан құстардың дауысы естіледі.)

Құстардың түрі өте көп. Олар табиғатқа сән беріп қана қоймай, ағаштар мен өсімдіктерді зиянкестерден қорғайды.

Жұмбақтар (сұрақ-жауап)

1) Құстың негізгі баспанасы не?
Ұя.
2) Қандай құс «хат тасушы» атанған?
Көгершін.
3) Қай құста ұя болмайды?
Көкек.
4) Адам қай құсты аң аулауға пайдаланған?
Бүркіт.

Ей, табиғат! Шеберсің-ау, шеберсің…

Көрмегенді көрсетерсің, берерсің.
Ұлан-ғайыр байлығыңды мін етпей,
Ашкөзденген адамдарға не дерсің?

Сурет бойынша әңгіме

Табиғаттың азып-тозған бейнесі

Ағаш өсіру үшін қаншама жыл қажет. Ал кейбір бұзық балалар гүлдерді жұлып, құстардың ұясын бұзады. Осындай жағымсыз қылықтардан аулақ болуымыз керек.

Табиғатты сүйе білмеген адам елін де, туған жерін де шын сүйе алмайды.

Әсем табиғат көрінісі

Әсем табиғат — жанға тыныштық, көңілге қуат. Оны сақтау үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек: қоқысты жерге тастамау, ағаш отырғызу, құстарға қамқор болу, су көздерін ластамау.

Балалардың хормен айтатын сөзі: «Табиғаттың панасымыз,
Түйіп айтар сөзіміз.
Табиғаттың панасы —
Біздің мына өзіміз.»

Адам табиғатсыз тіршілік ете алмайды. Ендеше, табиғат байлығын қорғап, оны аялай білейік.