Word мәтіндік редакторында тапсырма дайындау
Тақырыптар
Білімділік мақсаты
Оқушыларға тізімдерді маркерлеу мен нөмірлеу, парақ параметрлерін баптау және құжатты басып шығару туралы түсінік беру.
Дамытушылық мақсаты
Теориялық білімді практикалық тапсырмалар орындауда тиімді қолдану дағдысын дамыту.
Тәрбиелік мақсаты
Компьютерлік сауаттылыққа, ұқыптылыққа және икемділікке тәрбиелеу.
Сабақ сипаттамасы
- Сабақтың түрі
- Қайталау сабағы
- Сабақтың типі
- Ертегі-сабақ
- Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ–жауап, ойын элементтері
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- Оқушылармен амандасу.
- Сабаққа дайындығын тексеру.
II. Үй тапсырмасын тексеру (сұрақтар)
- Word мәтіндік редакторының қызметі қандай?
- Microsoft Word бағдарламасын іске қосу ретін түсіндіріп, іске қосыңдар.
- Мәтіндік құжатты қалай сақтаймыз?
- Word терезесінің негізгі элементтерін атаңдар.
- Бет параметрлерін орнату үшін қандай бұйрықты орындаймыз?
- «Бағандар» бұйрығы мәзірдің қай бөлімінде орналасқан?
- «Алдын ала қарау» бұйрығы не үшін қажет?
- Құжатты басып шығару үшін қағаздың қандай өлшемін қолданамыз?
III. Практикалық жұмыс: «Ханзада мен ханшайым» ертегісі
Ерте-ерте, ертеде байлығы бір-бірінен асқан, ынтымағы жарасқан екі хандық болыпты. Үлкен көлдің екі жағасында орналасқан екі хандықтың бірінде ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу ханшайым өмір сүрсе, екіншісінде бесаспап, екі иығына екі арыстан мінгендей айбарлы ханзада өмір сүріпті.
Күндердің күнінде ханзада ханшайымға ғашық болып, онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түседі. Ендеше, достар, ханзаданы ханшайымға «Жолыңыз болсын!» деп шығарып салайық.
1-саты: Сыйлық дайындауға көмектесейік
Word тапсырмаларыТапсырма №1
«Наурыз» мәтінін теріңдер және оны тағы 2 рет көшіріңдер. Қаріпті Times New Roman, өлшемін 14 етіп қойыңдар. Тақырыпты жуан және асты сызылған етіңдер, ал мәтінді курсивпен жазыңдар.
Наурыз
«Наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл — ежелгі түркі халықтарының жаңа жыл мерекесі. Парсы тілінен аударғанда да осы ұғымды береді. Наурыз мерекесін түркі халықтары: қазақтар, қырғыздар, өзбектер, тәжіктер және т.б. атап өтеді. Бұл мереке күн мен түннің теңелетін уақытына сәйкес келеді және 22 наурыз күні тойланады.
Тапсырма №2
Берілген мәтінді теріп, оған жиектеме (border) қойыңдар.
Бесікке салу
Кең жайлау — жас балаға арналған жалғыз бесік. Бесік баланың ұйықтауына, тазалықты сақтауға өте қолайлы. Бесікке баланы ауылдың өнегелі, ұрпағы өсіп-өнген, ел құрметіне бөленген бәйбішесіне (кәрісіне) салғызады. Бесік жырын айта отырып бөлейді. Бала бөлегеннен кейін қарияға бесікке салу құрметіне сыйлық беріледі.
2-саты: Өзеннен өтуге кеме жасайық
Суретпен жұмыс«Суретті кірістіру» (Insert Picture) мүмкіндігін пайдаланып, құжатқа кеме суретін әкелу және оны орналастырып безендіру.
3-саты: Хан сарайындағы тапсырмалар
Мәтін енгізу1) Мақал-мәтелдердің жалғасын табу
Берілген мақалдардың жалғасын тауып, компьютерде теріп жазыңдар:
- Күш — білімде, білім — кітапта.
- Қына тасқа бітеді, білім басқа бітеді.
- Білегі күшті бірді жығады, білімі күшті мыңды жығады.
- Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.
- Бірлік болмай, тірлік болмайды.
- Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
- Алтын алма, білім ал.
- Ғылым — теңіз, білім — қайық.
2) Әзіл-оспақты жұмбақтар
Жұмбақтарды шешіп, жауаптарын жазып шығыңдар:
Адам есектен неге құлайды?
Жауабы: Адам есектен жерге құлайды.
Шайға қант салғанда, қандай жағдайда қант құрғақ болады?
Жауабы: Құрғақ шайдың үстіне салғанда.
Тауық бір аяғымен тұрса 3 кг, екі аяғымен тұрса қанша кг?
Жауабы: 3 кг.
Бір кісі найзағай жарқылдаған сайын шашын тарайды екен. Неге?
Жауабы: Фотоға түсіп жатырмын деп ойлайды.
Елімізде талдармен жасалған қорған қай қалада?
Жауабы: Талдықорғанда.
Есікті ашу үшін не қажет?
Жауабы: Есіктің жабық болуы қажет.
Теңіздің ортасында не бар?
Жауабы: «ң» әрпі.
Жүзе алмайтын адам суға түссе, қалай шығады?
Жауабы: Үсті су болып шығады.
Бір кісі төсегінің айналасында жүгіріп жүр екен. Себебі не?
Жауабы: Ұйқысы қашып кетіп, соны қуалап жүр.
4-саты: Сезімді сөзбен жеткізу
Бағандар
Іздеп келем, іздеп келем,
Жүгіріп келем, жүгіріп келем.
Ханшайымды көруге
Жүрегімді қолыма алып келем.
Құжатты екі бағанға бөліңдер: 1-бағанға ханзада аттарын, 2-бағанға ханшайым аттарын жазыңдар.
IV. Үйге тапсырма
Келесі тақырыптарды қайталау: Бағандар, Беттің параметрлері, Жиек, Алдын ала қарау, Құжатты басып шығару.
V. Бағалау
Оқушылардың белсенділігі, тапсырмаларды орындау дәлдігі және құжатты форматтау талаптарын сақтау деңгейі бойынша бағалау.