Мақалдан шылауды тап

6

Қазақ тілі • Сабақ жоспары

Тақырып: Шылау

Бұл материал 6-сыныпқа арналған. Мақсат — шылаудың мәнін, қызметін және түрлерін практикалық тапсырмалар арқылы жүйелеу, бекіту.

ойын сұрақ-жауап тест интерактивті тақта сөзжұмбақ

Жаңа сабаққа кіріспе

Бұған дейін біз одағай сөздерді қарастырған едік. Одағай — толық мағынасы жоқ, затты не құбылысты нақты атамай, адамның түрлі көңіл күйі мен сезімін білдіретін, кейде жан-жануарға айтылатын сөздер.

Одағайға мысал

  • Қап, мына затымды ұмытып кетіппін.
  • Япыр-ай, қайда сол күндер!

Енді бүгінгі тақырыбымыз — шылау. Шылау — толық лексикалық мағынасы жоқ, бірақ сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын немесе сөзге қосымша мән үстейтін көмекші сөз.

Мысалдар

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Жомарт қазіргісі мен келешегін салыстырып тұр.

Бұл сөйлемдерде үшін, мен сөздері дербес мағына бермейді, бірақ сөйлемде байланыстырушы қызмет атқарып, қосымша реңк үстейді.

Сөз таптарын қайталау

Ережені жақсы меңгеру үшін сөз таптарын атап, әрқайсысына мысал келтірейік. Бұл әрі еске түсіреді, әрі есте сақтауға көмектеседі.

1) Зат есім

Кім? не? — адам, оқушы, кітап.

2) Сын есім

Қандай? қай? — қызыл, әдемі, таза.

3) Сан есім

Қанша? неше? — бір, екеу, үшінші.

4) Есімдік

Жіктеу, сілтеу т.б. — мен, сен, ол.

5) Етістік

Не істеді? не қылды? қайтті? — барды, келді.

6) Үстеу

Қимылдың амалын, мезгілін, мекенін білдіреді — ертең, биыл.

7) Еліктеуіш сөздер

Дыбысқа еліктеу — тарс-тұрс.

8) Одағай

Көңіл күйді білдіреді — япыр-ай, қап.

9) Шылау

Байланыстырады, қосымша мән үстейді — үшін, мен, ғана, ғой, да.

Шылаудың негізгі ерекшеліктері

  1. 1 Шылаудың толық лексикалық мағынасы болмайды.
  2. 2 Сөйлем ішінде шылау сөйлем мүшесі бола алмайды.
  3. 3 Сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырады.
  4. 4 Шылаулар түрленбейді.

Шылаудың түрлері

Шылау сөздер білдіретін мәні мен сөйлемдегі қызметіне қарай үшке бөлінеді: септеулік шылау, жалғаулық шылау, демеулік шылау.

Кітаппен жұмыс

323-жаттығу: мәтіннен шылауларды тауып, олардың сипатын анықтаңдар.

Үлгі: пен шылауы «тыныштық» және «ойнақы сағым» деген бірыңғай мүшелерді байланыстырып тұр.

Тірек сөздер: пен, мен, ма, әйтуір, соң, -ақ, да, қана, сайын.

Сергіту сәті

Балалар, шаршаған сияқтысыңдар. Олай болса, «Елім менің» әнінің бір шумағын бәріміз қосылып орындайық. Сөздері тақтада берілген.

«Елім менің» (шумақ)

Ұрпақ үшін, ел үшін,
Атамекен жер үшін.
Берекең мен бірлігің,
Таса берсін ырысың!

Тапсырма: шылауларды табыңдар үшін мен

Сұрақ 1

Ән не туралы?

Сұрақ 2

«Отан» сөзін қалай түсінеміз?

Отан — жер, ана, туған дала, кең өлке.

Тест тапсырмалары

1) Шылаудың басқа сөз таптарынан қандай айырмашылығы бар?

  • A) Сөйлем мүшесі бола алмайды.
  • B) Көңіл күйді білдіреді.
  • C) Заттың атын білдіреді.

2) Шылау тұрған қатарды тап.

  • A) он бес, қырық
  • B) ғана, ғой
  • C) келді, оқыды

3) Шылаудың неше түрі бар?

  • A) 4
  • B) 3
  • C) 2

4) Берілген сөйлемнен шылауды тап: «Мен де ұшқыш болғым келеді.»

  • A) мен
  • B) ұшқыш
  • C) де

5) Мақалдан шылауды тап: «Отан үшін отқа түс, күймейсің.»

  • A) Отан
  • B) үшін
  • C) түс

Жауап кілті

1 — A, 2 — B, 3 — B, 4 — C, 5 — B

Сөзжұмбақ: «Шылау»

Төмендегі сұрақтарға жауап беріп, негізгі ұғымдарды еске түсіріңдер.

1-сұрақ

Қазақ тіліне тән қанша дыбыс бар?

Жауабы: 9

2-сұрақ

Тұрлаулы мүшелерді ата.

Жауабы: бастауыш, баяндауыш

3-сұрақ

Қазақ тілінде неше септік бар?

Жауабы: 7

4-сұрақ

Сөздің мағынасын өзгертетін қосымша қалай аталады?

Жауабы: жұрнақ

5-сұрақ

Тұрлаусыз мүшелерді ата.

Жауабы: анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш

6-сұрақ

Етістіктің қанша шағы бар?

Жауабы: осы шақ, келер шақ, өткен шақ

7-сұрақ

Мағынасы бір-біріне ұқсас сөздерді қалай атайды?

Жауабы: синоним

8-сұрақ

Орфография дегеніміз не?

Жауабы: дұрыс жазу

9-сұрақ

Орфоэпия дегеніміз не?

Жауабы: дұрыс айту

Сабақты бекіту

Қадір Мырзалиевтің ой-толғауындағы сұрақ-жауап арқылы «үшін» шылауының қызметін айқындайық.

Екі көзің не үшін керек?

Жақсыларды көру үшін.

Екі қолың не үшін керек?

Елге көмек беру үшін.

Құлақ не үшін керек?

Ақыл-кеңес тыңдау үшін.

Тіл мен жағың не үшін керек?

Ақиқатты айту үшін.

Ал аяғың не үшін керек?

Шетте жүрсем, туған жерге қайту үшін.

Қорытынды сұрақ

Ал шылау не үшін қажет?

Жауабы: сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыру үшін.

Қорытынды

Туған жерге жету үшін екі аяқ қалай қажет болса, қазақ тілінің құрылымы мен мазмұнының жүйелі болуына шылау сияқты көмекші сөздердің де үлесі зор. Шылаулар ойды байланыстырып, сөйлемді тұтастырады, сөйлеудің дәлдігі мен мәнерін күшейтеді.

Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен тапсырма орындауына қарай бағалау жүргізіледі.

Үй тапсырмасы

324-жаттығу: мәтінді оқып, шылауларды табыңдар. Шылаулардың мағыналық ерекшелігі мен қызметін ауызша түсіндіріңдер.