Айгүл қуыршақ біздің балалар жасаған доптарын қарашы

Білім беру саласы: Таным · Бөлімі: Сенсорикалық тәрбие

Дидактикалық ойын: «Ойыншықтар дүкені»

Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы, «Балауса» балабақшасы. Тәрбиеші: Асанова Чынар Эсеналиевна.

Мақсаты

  • Әр ойыншықтың атауын, түсін және пішінін ажыратуға үйрету.
  • Көңіл-күйді көтеру, жағымды эмоциялық ахуал қалыптастыру.
  • Біртекті заттарды сенсорлық белгілеріне (көлемі, пішіні, түсі) қарай байланыстырып, топтастыруға үйрету.
  • Сөздік қорын дамыту.

Міндеті

Балалардың сөйлеуін, ойлау қабілетін және байланыстырылған жауап беру дағдыларын дамыту.

Көрнекілік

Ойыншықтар, үлкен және кіші доптар.

Құрал-жабдықтар

Ермексаз, сүлгі, тақтайша.

Билингвалдық компонент

магазин
дүкен
доп
мяч

Инклюзивті тәсіл

Сұрақ-жауап арқылы әр баланы әңгімеге тарту, жауапты қолдау және толықтыру.

Мотивациялық-қозғаушылық кезең

Жылы амандасу және көңіл күйді көтеру.

Балалар топқа қол ұстасып кіреді, келген қонақтармен сәлемдеседі. Тәрбиеші табиғатпен байланысты қысқа жаттығу жүргізеді:

«Балалар, бізге күн сәулесін төгіп тұр! Қане, қолымызды жоғары көтеріп, күннен жылу алайық. Осы жылуды бойымызға төмен қарай жіберейік».

«Енді бір-біріміздің қолымыздан ұстап, күлімдеп қарап, жылы лебіздерімізді білдірейік».

Ұйымдастырушылық-ізденістік кезең

Сұхбат, рөлдік ойын және сенсорикалық тапсырмалар.

Тәрбиеші балалармен әңгіме бастайды:

  • «Сендердің қандай сүйікті ойыншықтарың бар?»
  • «Саған сол ойыншықты кім әперді?»
  • «Аналарың ойыншықты қайдан алады?»
«Олай болса, балалар, біз сендермен бірге “Ойыншықтар дүкеніне” барамыз. Дүкенге жеткенше әңгімелесіп барайық: қазір жылдың қай мезгілі? Көктемде күн қандай болады?»

«Дүкенші» рөлі және сұрақтар

Сұрақ-жауап · Тақпақ · Таңдау
Дүкенші: «Сендер ойыншық алуға келдіңдер ме? Кім менің сұрағыма жауап берсе немесе тақпақ айтып берсе, сол балаға ойыншық беремін».

Қоян туралы сұрақтар

  • Қоян қандай?
  • Қоян нені жақсы көреді?
  • Сәбіздің түсі мен пішіні қандай?
  • Қоянның құлағы нешеу?
  • Құлағы ұзын ба, қысқа ма?

Аю туралы сұрақтар

  • Аюдың түсі қандай?
  • Құлағы үлкен бе, кіші ме?
  • Қатты ма, жұмсақ па?
  • Аю нені жақсы көреді?

Көлік туралы сұрақтар

  • Бұл қандай көлік?
  • Дөңгелектің түсі қандай?
Тәрбиеші: «Енді балабақшаға қайтатын уақытымыз болды. Дүкеншімен қоштасайық».

Сергіту сәті және «Айгүл» қуыршағы

Балалар шаршағанын басып, сергіп алады. Қонаққа Айгүл қуыршағы келеді.

Айгүл: «Сендер маған мына доптардың үлкенін бір бөлек, кішісін бір бөлек етіп жинауға көмектесіңдерші».

Жұмбақ

Сол аяқ пен оң аяқ
Кезек оны тебеді.
Ол тынымсыз домалап,
Зыр жүгіре береді.

Сенсорикалық сұрақтар

  • Доптардың түсі қандай?
  • Доптардың пішіні қандай?

Топтастыру тапсырмасы

Үлкен доптарды бір бөлек, кіші доптарды бір бөлек етіп жинаймыз.

Айгүл: «Рахмет, балалар! Көмектескендеріңе рахмет».

Шығармашылық жұмыс: ермексаздан доп жасау

Балалар Айгүл қуыршағына сыйлық ретінде ермексаздан көлемі мен түсі әртүрлі доптар мүсіндейді. Тәрбиеші мүсіндеудің әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, балалардың жұмысына бағыт береді.

Талқылау

  • Біз не жасадық?
  • Қанша доп жасадыңдар?

Үлгі сұрақ

«Аяжан, сенің добыңның пішіні қандай? Түсі қандай?»

Айгүлдің таңдауы

Айгүл барлық доп ұнағанын айтады да, көйлегі жасыл болғандықтан жасыл түсті допты таңдайды.

«Сыйлықтарыңа рахмет, балалар! Енді мен өзімнің қуыршақтар әлеміме қайтайын».

Рефлексивті-түзету кезеңі

Қорытынды сұрақтар және бекіту.

  • Біз бүгін қайда бардық?
  • Қандай дүкенге бардық?
  • Дүкеннен қандай ойыншықтар алдық?
  • Ермексаздан не жасадық?
  • Доптардың көлемі қандай болды?
«Жарайсыңдар, балалар! “Ойыншықтар дүкеніне” жасаған саяхатымыз аяқталды. Енді аулаға серуенге шығайық».