Жел көмектестіме
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Тақырыбы
Көктем мезгіліне саяхат
Мақсаты
- Көктем мезгілі туралы білім мен дағдыларды тереңдету.
- Сөйлеу мәдениетін, ойлау мен есте сақтау қабілеттерін дамыту және бекіту.
- Ойланып, толық жауап беруге үйрету; сурет бойынша әңгімелеуге және ертегі құрастыруға дағдыландыру.
- Достық қарым-қатынасқа, қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауға, қамқорлыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Судың және құстың дауысы жазылған үнтаспа, геометриялық пішіндер, үлгі, қиылған шөп, желім, салфетка, ермексаз, тақтайша, қағаз.
Билингвальды компонент
Сабақ барысы
Кіріспе: қарсы алу және «Шаттық шеңбері»
Тәрбиеші балаларды әуенмен қарсы алып, қонақтармен сәлемдесуді ұсынады.
Шаттық шеңбері
Қуан, шаттан, алақай! Қуанатын келді күн. Қайырлы таң, қайырлы күн, Күліп шықты күн бүгін!
Бір-бірімізге тілек білдірейік: «Елімізге елеулі, халқымызға қалаулы үлкен азамат болыңдар!»
Сұрақ-жауап: жыл мезгілдері
- Бір жылда неше жыл мезгілі бар?
- Бір жылда төрт жыл мезгілі бар.
- Қандай мезгілдер?
- Көктем, жаз, күз, қыс.
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Қазір көктем мезгілі.
- Көктемде қандай өзгерістер болады?
-
- Қар ериді, су пайда болады.
- Күн жылына бастайды.
- Ағаштар бүршік атады.
- Жаңбыр жауады.
- Шөп шығады.
- Қараторғай ұшып келеді.
- Жер жыртылады, дән себіледі.
Көркем сөз: мақал-мәтел, жаңылтпаш, тақпақ
Өлең
Отырғыз ағаш көктемде, Жөн болмақ еңбек еткенің. Келмесе шамаң еккенге, Сындырма жұрттың еккенін.
Тақпақ
Балалар-ау, балалар! Шақырады далалар. Көктем келді гүл алып, Көктем келді жыр алып.
Көктем, көктем, көктемде, Құстар келіп жеткенде, Қуанып бір қаламыз, Әнмен қарсы аламыз.
Мақал-мәтел
Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.
1) Көктемнің алғашқы белгісі: қар ериді, су көбейеді
Үнтаспадан сылдырлаған судың дыбысы тыңдатылады. Балалар бұл дыбыстың суға тән екенін анықтайды.
Су туралы зертханалық жұмыс
- Таза су мөлдір болады.
- Су — сұйық: құйсаң, төгіледі.
- Суықта мұз болып қатады.
- Толқып, теңіз секілді қозғалады.
- Жылытсаң, буға айналып ұшады.
- Бояу қоссақ, түсі өзгереді.
- Судың иісі де, дәмі де жоқ.
- Ауыр зат батса, жеңіл зат қалқып жүреді.
Судың пайдасы
Жуыну мен тазалыққа, тамақ пісіруге, гүлдер мен ағаштарды, егінді суаруға қажет. Су — тіршілік көзі.
Тіл жаттығуы
Су — өмірдің көзі. Желбірейді ту, Таза болсын су, Қалың болсын ну, Сен қолыңды жу. Құлпырады бақша-бау, Болсын денің сау!
2) Көктемде құстар оралады
Үнтаспадан құстардың дауысы тыңдатылады. Балалар құстарды атап, олардың тіршілігі мен пайдасын талқылайды.
Біз білетін құстар
Қарға, сауысқан, торғай, қарлығаш.
Құстар туралы
- Биікке ұшады.
- Жемді шоқып жейді.
- Балапан басады.
Пайдасы
Ағаштарды зиянкестерден қорғайды, құрт-құмырсқаны жейді.
Тақпақ
Келіп көктем құстары, Бау-бақшада ән салды. Оларды жас достары Ұя жасап қарсы алды.
Қоныңдар, құстар, қоныңдар, Бәріңе төрден орын бар. Қанатты барлық достарға Балалар қамқор болыңдар!
Тыйым сөздер
- Құстың ұясын бұзуға болмайды.
- Құстың жұмыртқасын сындыруға болмайды.
- Құсты таспен атуға болмайды.
Дидактикалық ойын: «Өз пішініңді тап»
Мақсаты: байқампаздыққа тәрбиелеу және дұрыс орналасуын тексеру.
3) Күн жарқырайды, шөп қаулап өседі
Сергіту сәті
Қимыл-қозғалыс жаттығулары орындалады, билингвальды компонент қайталанады.
Шығармашылық жұмыс
Күнді маркермен бояу, шөпті жапсыру. Соңында жұмыстардан шағын көрме ұйымдастыру.
4) Ойын орталығы: «Даусынан таны»
Санамақ арқылы ойынды кім бастайтыны анықталады. Бір баланың көзі байланып, шеңбердегі балалардың ішінен даусына қарай кім шақырғанын табады.
Ойнайық та, ойлайық. Байлап қойып көзіңді, Қоршап тұрмыз айнала. Атыңды атап шақырған — Айтшы, қане, қай бала?
5) Қорытынды орталық: «Тіршілік қуану үшін…»
Шағын әңгіме немесе ертегі құрастыру
«Ауа», «су», «күн» сөздерінің көмегімен суретке сүйене отырып, тәрбиешінің бағыттауымен қысқа ертегі/әңгіме құрастырылады. Талқылауға арналған сұрақтар: «Ауасыз тіршілік бола ма?» «Ертеде су болмапты… Сонда құстар не істеді? Ағаштар ше? Гүлдерге не болды? Жел көмектесті ме? Одан кейін не өзгерді?»
Бәріміз бірге айтайық
Жел соғады гу-гу, Тырс-тырс, жаңбыр жауады. Тырс-тырс, тырс-тырс — Бұл дұрыс! Бұл — ырыс!
Қорытынды өлең жолдары
Көктем келді шуақты, Балаларды қуантты. Алақай, алақай! Көктем келді! Көктем қандай көңілді!
Қорытынды сұрақ: «Сендер дұрыс сөйлеп, тәртіпті болсаңдар, кім қуанады?»