Қарамен жазылған сөздердің атауыш екеніне назар аударыңдар

Қазақ тілі пәні бойынша жылдық күнтізбелік жоспар

6-сынып, II тоқсан • Аптасына: 3 сағат • Барлығы: 21 сағат

Бұл материал 6-сыныпқа арналған күнделікті сабақ жоспарын жүйелеуге көмектеседі: оқу мақсаттары, әдіс-тәсілдер, көрнекіліктер және сабақ құрылымы нақты көрсетілген.

II тоқсан тақырыптары

  1. 1 Сөздің түрлері: атауыш, көмекші және одағай сөздер.
  2. 2 Сөздерді топтастыру. Зат есім.
  3. 3 Зат есімнің жасалу жолдары. Деректі және дерексіз зат есімдер.
  4. 4 Есімдер мен етістіктерден зат есім тудыратын жұрнақтар.
  5. 5 Сын есім туралы түсінік. Сын есімнің шырайлары.

Нақты сабақ

Сабақтың тақырыбы: Сөздің түрлері. Атауыш, көмекші және одағай сөздер.

Қысқаша бағдар

  • Сөздердің мағыналық ерекшелігін ажырату.
  • Атауыш пен көмекші сөздерді сөйлем ішінде талдау.
  • Одағай сөздердің қызметін түсіндіру.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушыларға сөздің түрлері, атауыш, көмекші және одағай сөздер туралы толық мәлімет беру және олардың ой-пікірін қалыптастыру.

Дамытушылық

Ой-өрісін, ойлау белсенділігін, сөйлеу шеберлігін, тіл мәдениетін дамыту; сөздік қорын молайту; сауаттылыққа баулу.

Тәрбиелік

Елін, жерін, Отанын қадірлеуге; адамгершілікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Ұйымдастыру және ресурстар

Сабақтың түрі

Қалыпты сабақ.

Сабақтың әдістері

Түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, қорытындылау.

Көрнекіліктер

Дидактикалық материалдар, кестелер, кеспе қағаздар, тірек сызбалар.

Жұмыс формалары

Жеке оқушымен, топпен және сынып ұжымымен жұмыс.

Сабақ кезеңдері

  • Ұйымдастыру кезеңі
  • Жаңа сабақты түсіндіру
  • Қорытындылау
  • Бағалау

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1) Сәлемдесу.
  2. 2) Кезекшінің мәлімдемесі.
  3. 3) Журнал бойынша түгелдеу.
  4. 4) Жаңа сабаққа дайындық.

Жаңа сабақты түсіндіру

Сөйлемде қолданылған сөздердің мағыналары бірдей бола бермейді. Сөздердің көпшілігі белгілі бір ұғымның атауы болып, жеке тұрғанда нақты лексикалық мағына білдіреді.

Ал кейбір сөздер жеке тұрғанда мағына бере алмайды: олар сөйлемде басқа сөздің жетегінде қолданылып, сол сөздің мағынасын толықтырады немесе күшейтеді, сондай-ақ сөздерді бір-бірімен байланыстыру қызметін атқарады.

Мысал

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (Абай).

Бұл сөйлемдегі мен, жазбаймын, өлеңді, ермек сөздері жеке тұрғанда мағына береді. Ал үшін сөзі жеке тұрғанда дербес мағына білдірмейді: ол ермек сөзіне мақсаттық мән үстеп, оны жазбаймын сөзімен байланыстырып тұр.

Атауыш сөздер

Белгілі бір ұғымның атауы болып, өз бетімен мағына білдіретін сөздер. Сондықтан сұраққа жауап береді және сөйлем мүшесі бола алады.

Көмекші сөздер

Жеке тұрғанда мағына білдірмейтін, басқа сөздің жетегінде жұмсалып, оған қосымша мән үстейтін немесе сөздерді байланыстыратын сөздер. Әдетте сұраққа жауап бермейді және сөйлем мүшесі бола алмайды.

Сөйлем мүшелері бойынша талдау

  • Кім?мен — бастауыш.
  • Не істеймін?жазбаймын — баяндауыш.
  • Нені?өлеңді — толықтауыш.
  • Не үшін? (мақсатпен) — ермек үшін — пысықтауыш.

Үшін сөзіне жеке сұрақ қоюға болмайды, сондықтан ол жеке тұрғанда сөйлем мүшесі бола алмайды.

Одағай сөздер

Одағайлар адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіреді немесе жан-жануарларды шақыру мәнінде қолданылады. Олар да толық мағынаға ие болмағандықтан, сұраққа жауап бермейді және сөйлем мүшесі бола алмайды.

Мысалы: «Па, шіркін! Сөзің сөз-ақ екен!»

Жаттығу жұмыстары

Жаңа тақырып түсіндірілгеннен кейін оқушыларға жаттығу тапсырмалары беріледі. Алғашқы тапсырма ауызша орындалады, кейінгі тапсырмалар мәтінмен жұмыс арқылы бекітіледі.

114-жаттығу (ауызша)

  • Сөйлемдерді оқып, құрамындағы атауыш және көмекші сөздерді ажыратыңдар.
  • Мәтіндегі антоним сөздерді табыңдар.
  • Антонимдердің автор ойын жеткізудегі мәніне назар аударыңдар.

115-жаттығу

  • Мәтінді оқып, оған ат қойыңдар.
  • Қарамен жазылған сөздердің атауыш сөз екеніне назар аударыңдар.

77-жаттығу

  • Көшіріп жазып, көмекші сөздердің астын сызыңдар.
  • Олардың неліктен көмекші сөз деп аталатынын дәлелдеңдер.
  • I және II мәтіндердегі автор ойларын ортақ тақырыпқа біріктіріп, білім мен ғылым туралы әңгімелеңдер.

Қорытынды және бағалау

  • Сұрақ қою арқылы жаңа сабақты қорытындылау.
  • Оқушылардың жауаптарына қарай білімін бағалау.

Үй тапсырмасы

117-жаттығу: Мәтіннен одағай сөздерді тауып, олардың қандай мақсатта қолданылғанын дәлелдеңдер.

Тексерілді: толық нұсқасын қарау.

Негізгі ұғымдар

Атауыш сөз

Өз бетімен мағына білдіреді, сұраққа жауап береді, сөйлем мүшесі бола алады.

Көмекші сөз

Жеке тұрғанда мағына бермейді; басқа сөзді толықтырып, күшейтіп немесе байланыстырып тұрады.

Одағай

Көңіл-күйді білдіреді немесе шақыру мәнінде қолданылады; сұраққа жауап бермейді.