Оқушыларды Жыл мезгілдері шығармасымен таныстыру

Сабақтың тақырыбы: Жыл мезгілдері

Бұл сабақта оқушылар «Жыл мезгілдері» тақырыбы арқылы табиғат құбылыстарын көркем сөзбен танып, мәтіннің мазмұны мен идеясын ашуға, мәнерлеп оқуға және ойларын жүйелі жеткізуге үйренеді.

Сабақтың типі

Жаңа білімді меңгерту сабағы

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Көрнекілігі

Слайд, плакаттар, суреттер, көңіл күй смайликтері, Венн диаграммасы, маркер

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Оқушыларды «Жыл мезгілдері» шығармасымен таныстыру.
  • Шығарманың мазмұны мен идеясын меңгерту.
  • Жыл мезгілдерінің ерекшелігі мен сұлулығы туралы әңгімелеу.

Дамытушылық

  • Сауатты, мәнерлі және әсерлі оқуға баулу.
  • Шығармашылықпен жұмыс істеуге ықпал ету.
  • Ойлау шеберлігі мен сөйлеу мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік

  • Өнерге және білімге сүйіспеншілікті арттыру.
  • Адамгершілік пен ізгілік қасиеттерін бойға сіңіру.
  • Ұлттық салт-дәстүрді қадірлеуге тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру Сұрақ-жауап «Жүректен жүрекке» тренингі Топтастыру стратегиясы Түртіп алу

Сабақтың барысы

Психологиялық дайындық

«Жүректен жүрекке» тренингі

Үлкенге де сіз, Кішіге де сіз. Әдеппен бас иіп, Сәлем бердік біз.

Оқушылар бір-біріне жылы тілек айтып, сабаққа жағымды көңіл күймен кіріседі.

Ұйымдастыру кезеңі және үй тапсырмасы

Үй тапсырмасы

«Өсіп келе жатырмын» өлеңін оқушылар мәнерлеп, жатқа айтады.

«Миға шабуыл» сұрақтары

  1. Өлеңнің қандай жолдары бір-бірімен ұйқасады?
  2. «Адал тер» ұғымын қалай түсінесің?
  3. Өлеңнің соңғы шумағын оқып, жатқа жаз.

Жаңа сабақ: «Жыл мезгілдері»

Сабақтың тақырыбын оқушыларға проблемалық сұрақтар арқылы тапқызуға болады. Мұғалім жыл мезгілдеріне қатысты суреттерді таратып, оқушыларды 4 топқа бөледі: көктем, жаз, күз, қыс.

Тақырыпты ашуға арналған жұмбақ-шумақтар

Көктем

Қар кетіп, қыр көгереді, Құс қиқуы көбейеді. Жерге дән сеуіп, Қорадан жас төл өреді.

Жаз

Күн ысып, су жылынып, Егін басын тұр иіп. Жеміс тердік бақшадан, Жеңімізді түрініп.

Күз

Дала тегіс сарғайды, Шаруа қысқа қамданды. Күн қысқара бастады, Тауға тұңғыш қар жауды.

Қыс

Сұлық жатыр ақ дала, Сирек жортқан аң ғана. Көтеріп бір аяғын, Қаздарын тұр аулада.

Сұрақ-жауап арқылы бекіту

  • Бір жылда неше мезгіл бар?
  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Көктемнің қай айы?

Топтық жұмыс

Әр топқа А3 қағазы таратылады. Топтар өз мезгіліне қатысты топтастыру жасап, екі оқушы қорғап шығады. Бағалау: көңіл күй смайликтері арқылы.

Автор туралы: Ескен Елубаев

Оқушыларды слайд көрсетілімі арқылы ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныстыру ұсынылады.

Қысқаша мәлімет

Туған жылы, жері
1942 жыл, 18 ақпан. Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар стансасы.
Білімі
ҚазМУ, филология факультеті (1966).
Еңбек жолы
1966 жылдан бастап «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті, «Жалын», «Өнер», «Балауса» баспалары, «Балдырған» журналы бас редакторының орынбасары.
Алғашқы жарияланымы
1958 жылы республикалық «Ара» журналында.
Бағыты
Негізінен балаларға арналған өлеңдер жазған.

Марапаттары мен жетістіктері

  • Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1994).
  • «Ұлттық Астана – Бәйтерек» конкурсының екі дүркін I жүлдегері (2007–2008).
  • Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің II жүлдегері (2008).
  • «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.
  • Мемлекеттік грант иегері.

Қырықтан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. «Болатбек» пьесасы республикалық қуыршақ театрында қойылған. «Балабек», «Асар» пьесалары еліміздің көптеген театрларында сахналанып келеді.

Таңдамалы шығармалары

  • «Көк жейде». Өлеңдер (1967)
  • «Көкпар». Өлеңдер (1970)
  • «Баламысың деген». Өлеңдер (1981)
  • «Өжет». Пьесалар, тақпақтар (1984)
  • «Кто сильнее?». Стихи (1984)

Оқулықпен және дәптермен жұмыс

Мәнерлеп оқу

«Жыл мезгілдері» өлеңімен танысып, әр топ өзіне қатысты шумақтарды мәнерлеп оқиды.

Сөздік жұмыс

Ақырап — қазан айының ескіше атауы.

Дәптермен жұмыс

Үлгі кесте бойынша тапсырмаларды орындап, дәптерге түсіреді.

Нәтиже

Оқушылар жыл мезгілдерінің белгілерін ажыратып, шығарманың негізгі ойын дәлелмен жеткізеді.