Мендегі бар кітап саны - жеті сөйлемінде сан есім қай сөйлем мүшесі

Сабақ тақырыбы

Қазақ тілі, 7-сынып. Сан есімнің сөйлемдегі қызметі (екінші сағат).

Мақсаты

  • Тақырып бойынша алған ақпаратты өмірде қолдана білу дағдысын қалыптастыру.
  • Сан есімнің сөйлемдегі қызметі туралы білімдерін кеңейту.
  • Сабақтан алған білімді күнделікті өмірде тиімді қолдануға тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже

  • Болжау жасау, сөйлемдерді талдау және салыстыру арқылы сын тұрғысынан ойлауы дамиды.
  • Ойын еркін жеткізіп, сауатты жазуға дағдыланады.
  • Топтық жұмыс барысында пікірін білдіруге және дәлелдеуге үйренеді.

Қолданылатын модульдер

АКТ Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету Оқытуды басқару және көшбасшылық

Әдіс-тәсілдер

Кім жылдам? Миға шабуыл Ойлан, тап! Тапқырлығыңды таныт!

Ресурстар

  • Жауап парақтары
  • Қима қағаздар
  • Тақта (интерактивті тақта)

Сабақ құрылымы

Сабақ оқу мақсаттарына сай кезең-кезеңімен ұйымдастырылады: ұйымдастыру, үй тапсырмасын тексеру, білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау, рефлексия.

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түрлі түсті сұрақ белгілері арқылы 3 топқа бөлу.
  • Топ басшыларын сайлау және бағалау парақтарын тарату.
  • Топ ішінде тәртіп ережелерін талқылап, сыныптың «алтын ережесін» құрастыру.

Бағалау қағидаты

Топ басшысы сабақ бойы бағалау парағы арқылы әр оқушының қатысуын, тапсырманы орындауын және дәлелдеуін бағалап отырады.

Ескерту: бағалау ашық әрі әділ болуы үшін әр тапсырмадан кейін қысқа кері байланыс беріледі.

Үй тапсырмасы

74-жаттығу. Оқушылар үй тапсырмасын оқиды, мұғалім қысқаша сұрақтар қою арқылы тексереді.

Білу кезеңі: «Миға шабуыл»

Интерактивті тақтада «Қайталау — оқу айнасы» сұрақтары беріледі. Мақсат — сан есім туралы базалық білімді белсендіру.

  1. Сан есім құрамына қарай нешеге бөлінеді? (дара, күрделі)
  2. Реттік сан есімнің жұрнақтарын ата. (-ыншы, -інші, -ншы, -нші)
  3. Сан есімнің түрленуі дегеніміз не? (жалғауларды қабылдауы)
  4. Жинақтық сан есімдер қай жалғауларды қабылдайды? (барлығын)
  5. Жетіге дейін ғана саналатын қай сан есім? (жинақтық)
  6. Топтау сан есімінің сұрақтарын ата. (нешеден? қаншадан?)
  7. Болжалдық сан есімге мысал келтір. (отызға тарта, жүзге жуық)
  8. Сан есім сөйлемде қай сөйлем мүшесінің қызметін атқарады? (барлығы)
  9. Сан есім ілік септікте заттанып тұрса, қай сөйлем мүшесі болады? (анықтауыш)
  10. Сан есім қандай жағдайда баяндауыш болады? (жіктеліп келсе немесе көмекші етістікпен тіркессе)
  1. Сан есім атау септікте тұрып қай сөйлем мүшесі болады? (бастауыш)
  2. «Біз екі-екіден бөліндік» сөйлемінде сан есім қай сөйлем мүшесі? (пысықтауыш)
  3. Сан есім атау мен ілік септіктен басқа септіктердің бірінде келсе, қай сөйлем мүшесі? (толықтауыш)
  4. «Мендегі бар кітап саны — жеті» сөйлемінде сан есім қай сөйлем мүшесі? (баяндауыш)
  5. Бөлшектік сан есімге мысал келтір. (бір бүтін оннан алты)
  6. «Жиырма бес», «қырық алты» сандары құрамына қарай қандай сан? (күрделі)
  7. Жинақтық сан есімнің сұрақтарын ата. (нешеу? қаншау?)
  8. «Шамалы, шақты, тарта, жуық» сөздері арқылы жасалатын сан есім қайсы? (болжалдық)
  9. «Біреуінің іздегені — мен» сөйлемінде сан есім қай сөйлем мүшесінің қызметін атқарады? (анықтауыш)

Түсіну: «Кім жылдам?»

Дәптермен жұмыс. Оқушылар сан есімнің сөйлемде қай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын анықтайды.

I топ

  1. Машинада үш адам отыр.
  2. Оның бірі — жалаңбас, кең маңдайлы, ғалым пішіндес адам.
  3. Сен үйдің бесіншісісің.

II топ

  1. Облыста он бес аудан бар.
  2. Алтауы осында отыр.
  3. Жиналысқа қатысушылар бір-бірлеп сөйледі.

III топ

  1. Бестен үшті алса, екі қалады.
  2. Оның жасырған саны — он екі.
  3. Ат баспаймын деген жерін үш басады.

Қолдану: бейнеролик бойынша тапсырмалар

«Сіз кіммен доссыз?» бейнеролигі негізінде тапсырмалар орындалады. Негізгі талап — сан есімдерді орынды қолданып, ойды жүйелі жеткізу.

I топ

Сан есімдерді кірістіре отырып, бейнероликке байланысты өз пікіріңді жаз.

II топ

Достық туралы мақал жазып, морфологиялық талдау жаса (тақтамен жұмыс).

III топ

Сан есімдерді кірістіре отырып, бейнероликтің тәрбиелік мәнін ашып жаз.

«Тапқырлығыңды таныт!»

Адасқан сөздерді орнына қойып, мақал-мәтел құрастыр. Әр мақалдағы сан есімнің сөйлем мүшесін анықта (тақтада қорғау).

I топ

  1. Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді.
  2. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді; алтау ала болса, ауыздағы кетеді.
  3. Отыз тістен шыққан сөз, отыз руға тарайды.

II топ

  1. Жігіт бір сырлы, сегіз қырлы болсын.
  2. Бірінші байлық — денсаулық, екінші байлық — ақ жаулық, үшінші байлық — он саулық.
  3. Біреу жаныңа жолдас, біреу малыңа жолдас.

III топ

  1. Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл.
  2. Жеті қарақшыны таныған, жеті күнде адаспас.
  3. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар.

Талдау: «Ойлан, тап!»

Көп нүктенің орнына тиісті сан есімдерді қойып жаз. Сөйлем мүшесіне талдау жаса.

I топ

Білекті жығар, білімді жығар. (мақал)

II топ

Атадан , анадан , жалғыздық көрер жерім жоқ. (Абай)

III топ

Аласыға аз, бересіге көп. (мақал)

Жинақтау: «Кім жылдам?»

Берілген сөйлемдердегі сан есімдердің сөйлем мүшелік қызметін толық талда.

I топ

  1. Екеумізді достасқан тілек қосты. Айнымайтын сенімді жүрек қосты.
  2. Кедейлердің бір-екі жүз қарасын көрдік.
  3. Қырық үйдің ортасында екі жүздей қой-ешкісі бар.

II топ

  1. Сексен көл Көкшетаудың саясында.
  2. Арада екі жаз өтті.
  3. Жиырма бесінші мамырда туыппын.

III топ

  1. Әйелің жақсы болса: бірінші — иманың, екінші — жиғаның.
  2. Екеуіне сүйсінумен өтермін.
  3. Ән айтатын өнерпаздар — осы үшеуміз.

Сабақты бекіту

Семантикалық карта

Оқушылар семантикалық карта арқылы сан есімнің сөйлемдегі қызметін жинақтап, негізгі ұғымдарды жүйелейді.

Рефлексия: «Даналық ағашы»

Оқушылар түрлі түсті алмаларды тақтадағы ағашқа жапсыру арқылы сабақтан алған әсері мен нәтижесін көрсетеді.

Түстердің мағынасы

  • Қызыл: сабақ өте қызықты өтті, маған бәрі ұнады.
  • Сары: сабақ ұнады, бірақ тапсырмаларды толық орындай алмадым.
  • Көк: бәрін орындадым, бірақ сабақ маған аса қызық болмады.
  • Жасыл: ішім пысты, ештеңе орындамадым.

Мұғалімге белгі

Рефлексия нәтижесіне сүйене отырып, келесі сабақта тапсырма деңгейі, топтық жұмыстың форматы және бағалау критерийлері нақтыланады.

Фокус: сан есімнің сөйлем мүшесі ретінде әртүрлі контексте қолданылуын дәлелмен көрсету.

Автор туралы мәлімет

Мектеп / аймақ

Маңғыстау селосы, Мұнайлы ауданы.

Пән мұғалімі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Базарбай Әсия Базарбайқызы.