Көбелекті салу жолдары

Сабақ туралы мәлімет

Пән / Сынып

Бейнелеу өнері, 2-сынып

Сабақтың тақырыбы

Көбелекті салу жолдары

Мақсаты

  • Нәрсенің пішінін, түсін, көлемін дәл таба білуге үйрету.
  • Ой-қиялын дамыту, шығармашылыққа ынталандыру.
  • Табиғатты және қоршаған ортаны бақылауға дағдыландыру.
  • Компьютермен және Paint бағдарламасымен таныстыру.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың оқу құралдарын дайындауын тексеру, сабаққа назарын шоғырландыру.

2) Кіріспе

Қоршаған орта — табиғат — бізді гүлдерімен, өсімдіктерімен, жан-жануарларымен, сан құбылған бояуларымен және алуан түрлі пішіндерімен таңғалдырады. Табиғаттың өзі — суретші.

Жаз мезгілінде айналамызда көптеген жәндіктердің — көбелек, инелік, қоңыздардың — ұшып жүргенін талай байқадық. Бір сәтке көзімізді жұмып, қиялмен гүлге толы қырға, жазғы жайлауға «шығып көрейік».

Презентация: 1-көрініс

Компьютер экранында гүлдердің үстімен қанатын қағып ұшып жүрген сан түрлі көбелектер көрінеді. Жадыраған жаз, көк шалғын, жайқалған қызыл, сары, ақ гүлдер — бәрі бірге ерекше әсер береді.

3) Жаңа сабақ

Гүлдер қандай әсем болса, сол гүлдерге ұқсас көбелектер де алуан түсті болады. Олардың пішіні мен қанатындағы өрнектері табиғатты одан әрі көркем етіп көрсетеді.

Презентация: 2-көрініс

Компьютер экранында түрлі-түсті және әртүрлі пішіндегі көбелек түрлері көрсетіледі.

Сұрақтар арқылы бақылауды күшейту

  • Балалар, көбелектің қанша түрін көріп тұрсыңдар?
  • Түстері мен айырмашылықтары қандай?
  • Қанатының өрнектері қалай орналасқан?

Презентация: 3-көрініс

Көбелекті салудың үш түрлі жолы кезекпен көрсетіледі.

1-тәсіл

Суретті қағаз бетіне дұрыс орналастыру, жалпы нобайын белгілеу.

2-тәсіл

Пішінін нақтылап, пропорциясын сақтай отырып формасын тұрғызу.

3-тәсіл

Акварельмен бояу: түс таңдау, өрнекті айқындау, үйлесімділік сақтау.

Сыныпқа тапсырма

Мұғалім тақтада көбелекті салу кезеңдерін көрсетіп түсіндіреді: суретті орналастыру, сыртқы нобайын шығару, формасын нақтылау, кейін акварельмен бояу әдістерін көрсету. Оқушылар осы жұмыстарды қатар орындап отырады.

Үй тапсырмасын тексеру және бағалау

Алдыңғы тапсырмалар қаралып, орындалу сапасы мен ұқыптылығы бойынша бағаланады.

Сергіту сәті

«Көбелек» әнімен сергіту жаттығулары орындалады.

Көбелектің көбін-ай,
Жасылын-ай, көгін-ай.
Әттең, ұстап алар ем,
Қармағымның жоғын-ай.

Қорытынды

Оқушылардың аяқтаған жұмыстарын бірге талдаймыз: пішіннің дәлдігі, түстердің үйлесімі, қанат өрнегінің көркемдігі және ұқыптылық. Нәтижесіне қарай бағалау жүргізіледі.

Үйге тапсырма

Көбелекті салу кезеңдерін қайталап, 3 кезең бойынша орындап келу:

  1. 1 Суретті қағазға дұрыс орналастыру, нобайын белгілеу.
  2. 2 Пішінін нақтылау, пропорциясын сақтау.
  3. 3 Акварельмен бояп аяқтау, өрнектерді айқындау.