Ғашық жыры - тіршіліктің көкейтесті өлеңі
Ғашықтық ғаламаты - Мұхтар Шаханов
Атақты "Қорлан" әнінің авторы Естай ақын 72 - ге келіп, тіршілікпен қоштасар шағында аласұрып, жан досы Нұрлыбекті іздепті. Екікүндік қашық жерде тұратын Нұрлыбек аттан құлап, аяғын сындырып алғанына қарамастан, арбаға жамбастай жатып, досына жеткен екен. Сонда Естай әбден жұқарып тозуға айналған сұқ саусағындағы жүзігін көрсетіп: "Сүйегіме кіретін қарттарға ескерт. Мына жүзікті жарты ғасыр қолымнан тастамай келгенімді білесің. Ендеше қалған ғасырларда да саусағымда жарқырап жатсын... Ұлы сезімін кішкене жүзігіне сыйдырған қайран Қорланым - ай!" - деп ағыл - тегіл жылапты.
Бірде Евгений Евтушенконың үйінде шетелдік достармен болған басқосуда мен осы оқиғаны әңгімеледім. Кенет итальян мүсіншісі орнынан тұрды да: "Мұнда сүйгеніне қосыла алмаған Естай ақынның сағынышы мен зары ғана емес, бүкіл бір ұлттың махаббатқа деген мінезі мен ерлігі жатыр екен. Осы Естай мен Қорланды туған халықтың денсаулығы үшін тост көтеруді ұсынамын", — деді.
Сол сәтте төбем көкке екі - ақ елі жетпей тұрды.
Қартаң әйел жұмысыма іздеп келіп, жылады:
"Жалғыз қызым бар еді, айнам,
Тірлігімнің шынары
Еркелеттім,
Өмірімді желкен еттім жолына.
Тек сол гүлдеп толыссын деп,
Тек сол кисін, сол ішсін деп,
Ештеңені аяғам жоқ, бәрін бердім қолына.
Қызым сұлу бой түзеді, ой түзеді жайдары,
Ой түзеді көз жауын ап қызғалдақтай майдағы,
Алды болды құрбысының бірге өскен.
Үмітіме бақ пен қайғы қалай қатар мінгескен?
Бекер,
Бекер жіберіппін еркіне,
Ерте түсіп қалды - ау, сірә, албырт сезім өртіне.
Бақытты едім,
Бақытты едім мен қандай
Қашан қызым жолыққанша ғашықтықтың дертіне.
Күзетшімін бұл күн есік торыған,
Туар айым тумай қалды оңынан.
Үш жыл болды.
Бұйрабас бір әртістің
Сорлы қызым жүгіріп жүр соңынан.
Ал ол иттің
(бұл қорлыққа қарашы?)
Бар әйелі, баласы.
Үйленуге қайдан келсін шамасы.
Қызым соны білмейді ме?
Біледі!
Біле тұра селт етпейді жүрегі.
Небір жайсаң жігіттерді төредей
Мазақ етіп кетпеді ме елемей?!
Бұл не деген көлден табар бақытты,
Шөлден іздеп жаңылысқан шөрегей.
Деп сенсем де: бақыт алда, жол алда,
Адасқандай кейіптемін боранда.
Ал ол үшін бұйрабас сол әртістен
Артық жан жоқ ғаламда.
Тек соны ойлап беріледі арманға,
Тек соны ойлап жылайды үйде қалғанда.
Сосын қайта жымияды:
- Менен асқан бақытты
Адам жоқ деп жалғанда.
Дауа бар ма, дауа бар ма талғамға.
Жақын тартып сырласымдай бұрынғы,
Кешір, қалқам, саған аштым сырымды.
Сен ерекше сыйлы жансың қызыма.
Сыйлайтыны - жатқа оқиды жырыңды.
Өзіңе аян, қыз көңілі гүл нәзік,
Жеңе алмаспыз ер мінезбен ұр да жық.
Өтінемін,
Сол бақытсыз сорлыға
Қол ұшын бер, ой саларлық жыр жазып".
Соны айтты да шығып кетті ол қоштасып,
Тұрып қалдым ойым мұңмен астасып.
Көз алдымнан кетпей қойды мұңлы ана,
Көз алдымнан кетпей қойды жас ғашық.
Өлке даңқын артқанымен арқаға,
Әлі күнге түспей келген картаға,
Қыран ғана қалықтайтын көгінде,
Бұлттан биік заңғар аз ба,
Сұрақ, қойған таңдар аз ба,
Жазылмаған заңдар аз ба өмірде?
Күдіс пейіл кедергіден қайтқанымен меселі,
Ғашық жүрек өз тағдырын өзі ғана шешеді.
Жыға алмайды оны жұрттың өсегі.
Бұған дәлел - құдіретті "Қорлан" әні кешегі.
Қасіретті сәт соққанда әбден меңдеп кеселі
Қайран Естай, қимас досын шақырып,
Былай депті деседі:
- "Ей, Нұрлыбек, өренім!
Жетпіс екі жасымда
Тұзағына іліндірді мені өлім.
Тулағанмен амал нешік, көнемін.
Тіршілікте аз созбап ең қол ұшын
Өлген соң да қажет боп тұр көмегің.
Дәл өзіңдей қайдан ұқсын қайғымды ел,
Ғашық көңіл мәңгі жасыл айдын көл.
Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір,
Ал қалғаны жай күндер.
Көлмен көлдей, таумен таудай теңдесе,
Белдесуге талап қылдым мен неше.
Елу бір жыл ғашық болдым Қорланға,
Елу бір жыл өмір сүрдім, ендеше.
Қорланды ойлап қиял қостым тағдырға,
Қорланды ойлап шықтым қанша заңғарға.
Сірә, мендей ғашықтықтан бақ тауып,
Сірә, мендей мұңға батқан жан бар ма?
Дүниенің өзге бақыт, шаттығын
Менсінбеген
Менің мұңым тәтті мұң.
Тәтті емей не?
Он сегізге ой салып,
Жиырма бесті таңдандырса қарттығым?!
Әттең, тағдыр қоса алмадым
Сорым ба?
Заман — жылан.
Жатып алды - ау жолымда.
Бірақ менің бақытым да, барым да
Қорлан берген алтын жүзік жарқырап,
Елу бір жыл сәуле шашты қолымда.
Өр толқынға қарсы жүзген әр кеме
Мен болыппын.
Оһо, қандай мәртебе!
Бұл жүзікке елу бір жыл әйелім
Қызғанышпен қарап келді өртене.
Десе - дағы ел дәстүрі ерге сын,
Қарттарға ескерт,
Қарсыласа көрмесін.
Қорланымның көзі болған жүзікті,
Өтінемін,
Өзіммен бір жерлесін!
Серт пен сөзге ұмытшақтау өлкеде
Ғашық болып өлу қандай мәртебе.
Тірлігіме шабыт берген бұл жүзік,
Жарық беріп жатсын маған көрде де!"
Шаршатпаған арман шіркін, арман ба?
Әне, солай қайсар ақын көз жұмды.
Бұл туралы айтқан кезде Қорланға:
"Егер олай етпесе,
Естай Естай бола ма?!
Естай Естай бола ма?!
Онсыздағы жаны сұлу балаңа
Сұлу өлім сыйлапсың - ау, Жер - ана!" –
Деп жылапты кемпір байғұс еңкілдеп,
Ақ жаулығы ай нұрымен желкілдеп.
Нағыз ғашық қарттығына көнер ме?!
Қорлан өзі кейінірек қылтамақтан өлерде,
Әжімді жүзі қуарып, түнеріп,
Күйеуін сыртқа шығарып жіберіп,
Ақпалап, қозып делебесі де,
Бойжетіп қалған немересіне
Естайдың әнін салдырып,
Жанарын шоқтай жандырып,
"Бақыттымын, бақыттымын", — депті де,
Көз жұмыпты мәңгілік.
Ғашық жүрек сүйгені үшін бола алмайды жазалы.
Адам азса ғашықтықтың жоқтығынан азады.
Ғашық жыры — тіршіліктің көкейтесті өлеңі.
Ешбір геометриямен
Өлшенбейтін көлемі.
Бұл сезімнің ұшан - теңіз адамзатқа берері.
Ғашық болу келсе кімнің қолынан
Әлем соған сенеді.
Құлай сүю — ерлікпен тең себебі!
Апатай - ау,
Онда неге итереміз ғашықтарды қақпанға?
Көңілінің күні жоқтардан
Табанының бүрі жоқтардан
Жұрт онсыз да зардап шегіп жатқанда.
Апатай - ау,
Қызым батты күнәға
Деп қамығып жылама,
Жанарыңды қасіретке бұлама.
Мүмкін, жолы сәтсіз шығар...
Бірақ сүю бақыты
Кез келгенге тартылмайтын сыбаға.
Апатай - ау,
Сеніміңді жасытпа,
Қашықтықты жеңе білу — мықтылық,
Нағыз бақыт — жақында емес, шықта.
Кел, ендеше, орнымыздан тік тұрып
Тост айтайық
Қашық, қиын жол таңдаған ғашыққа:
Аспаны ашық болсын деп,
Сәулесін алысқа шашып қалсын деп,
Өлім де бөле алмас ғашық болсын деп,
Адамдар оларды соттауға
Асықпасын деп.
Мұхтар Шаханов поэзиясының қалыптасуы мен даму жолы
М.Шаханов – халқымыздың ұлттық қасиетін қастерлеуші ақын
Нұрлан Оразалин поэзиясының тілі, стилі, поэтикасы
М. жұмабаевтың шығармашылығының жалпы қазақ әдебиетінде алатын орны
Қ. Мырзалиевтың философиялық лирикасы
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫЛАРЫНЫҢ БІРІ
КҮЛӘШ АХМЕТОВА ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ
Мағжан жұмабаевтың өмірбаяны, шығармалары
Мағжанның өлеңдері туралы
Фариза Оңғарсынованың поэзиясы мен поэтикасы
Рынокқа өту жағдайларына экономиканы түрлендірудің тұжырымдық негіздері
Ғашықтар күні
ЖЫРЫН ТЫҢДА ДУЛАТТЫҢ
Эксперименттік тарау бойынша тұжырым
Мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару жөніндегі тұжырымдама
Фрейдтің психоаналитикалық тұжырымдамасы
Туған өлке жырында
Сондағы берер тәрбиесі махаббаттан баз кешкен ғашықтардың қайғылы оқиғалары
Бұлардың түжырымы бойынша жұмыртқа тек дайын организмнің дамуына қолайлы қоректік ортаның қызметін атқарады
Өзінің Жастарға атты өлеңінде