Мектебіме мың алғыс

Тәрбие сағаты (2-сынып)

Тақырыбы: «Ертеңгі бақытты болашақ!»

Отан Ана тілі Отбасы Мектеп Әдеп пен адамгершілік

Мақсаты

  • Отан, ана тілі, отбасы, мектеп туралы білімдерін толықтыру.
  • Отанды қорғауға, құрметтеуге баулу.
  • Ана сүтімен дарыған қасиетті ана тілін сүюге, қастерлеуге тәрбиелеу.
  • Үлкенді сыйлауға, талмай білім алуға, әдептілікке, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке үйрету.

Көрнекілігі

«Ертеңгі бақытты болашақ!» атты плакат, суреттер, нақыл сөздер.

Қатысушылар

Мұғалім, жүргізуші, 2 «А» сынып оқушылары, хор және жеке орындаушылар.

Кіріспе сөз

Жүргізуші

Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!

Жүргізуші

Құрметті ұстаздар! 2 «А» сынып оқушылары дайындаған «Ертеңгі бақытты болашақ!» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Хор: Әнұран

Сұрақ-жауап: «Неліктен өзіңді бақытты сезінесің?»

Мұғалім

Шұғыла, сен өзіңді неліктен бақытты балдырғанмын деп ойлайсың?

Оқушы (Шұғыла)

Мен өзімді бақытты деп санаймын, өйткені менің сүйікті Отаным, қасиетті ана тілім, ардақты да аяулы ата-анам бар. Осылардың бәрін сүйіп, ардақтай білуді маған алтын ұя мектебім мен ұстаздарым үйретті.

Мұғалім

Ендеше, осы сұраққа сендер қалай жауап берер едіңдер?

Оқушылардың жауаптары

1-оқушы

Ең бірінші бақытым — халқым менің,
Соған берер ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.

2-оқушы

Ал екінші бақытым — тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

3-оқушы

Бақытым бар — үшінші Отан деген,
«Құдай деген кім?» десе, Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы, от ал менен.

Хор: «Отан»

4-оқушы

«Отан» дегеніміз — төрт әріптен тұратын сөз. Осы сөзді айтқанда, қазақ тілін білетін әр адам көз алдына өз атамекенін елестетеді.

6-оқушы

Отан дейміз — от жаққан жерімізді,
Отан дейміз — өсірген елімізді.
Отан дейміз — туған жер, атамекен,
Биік тау, орман-тоғай, көлімізді.

7-оқушы

Отаным — кең-байтақ Қазақстан,
Аман өткен талай дүлей азаптан.
Бар әлемді өз аузына қаратқан,
Кім бар, қане, «артық» дейтін Қазақстан?!

8-оқушы

О, Отаным, құлыныңмын қойныңда,
Өзіңмен өмірім, өзіңде бала ойым да.
Болашағың күлімдеген ертеңгі —
Отан-Ана, мына менің мойнымда.

Ән: «Көк тудың желбірегені»

Орындаушылар: Нұржігіт, Қуаныш, Ақтілек, Саламат

9-оқушы

Бақытты боп жүргенім — сенің арқаң, ұлы Отан.
Сарқылмайтын қуатым, тірегімсің сен, Отан.

Ана тілі — ұлттың жаны

Біз — бақытты балдырғанбыз. Өйткені ана сүтімен дарыған қасиетті ана тіліміз бар. Бауыржан Момышұлы: «Ана сүтімен дарыған ана тілін ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген. Сондықтан біз ана тілімізді ешқашан ұмытпаймыз.

Ән: «Ананың тілі»

Орындаушылар: Нұржігіт, Қуаныш

Отбасы — мейірім мен тәрбие бастауы

Жүргізуші

Біз бақытты балдырғанбыз. Өйткені бізді осы дәрежеге жеткізіп, мәпелеп, аялап өсірген аяулы ата-аналарымыз, ата-әжелеріміз бар. Сондықтан ата-анаға, ата-әжеге деген алғысымыз — мәңгі, шексіз.

Оқушы

Бастадым сөзімді «ана» деп мен,
Себебі анам ғой мені адам еткен.
Өмірдің бар асылын бойына жиып,
Дүниенің ардақтысы — анам екен.

Оқушы

Аман бол, өр тұлғалы әкелерім,
Қыран құстай болашағым мәпелеген.
Бүгін міне өз өнерін көрсетеді
Азамат боп — кешегі сәби еркелерің.

Оқушы

Айтады ертек жан атам,
Ақ сақалын салалап.
Құмарымды тарқатам,
Жер мен көкті аралап.
Ертегілер еліне бір шегетін сапарды
Ардақтаймын өмірде асқар таудай атамды.

Оқушы

Ертегісі өзінің — таусылмайды не түрлі,
Әжімдері көзінің — ақ мейірім секілді.
Кимешегін, жаулығын — теңеймін аппақ гүлге мен,
Әжемнің денсаулығын тілеп жүрем күнде мен.

Көрініс: «Атасы мен немересі»

Мектеп пен ұстазға алғыс

Жүргізуші

Ал біз келешекте өміріміздің шамшырағы болатын өнер-білімді үйретіп жатқан алтын ұя мектебіміз бен аяулы ұстаздарымыздың арқасында өзімізді бақытты балдырған деп санаймыз.

Жүргізуші

Аялаған, баптаған,
Асыраған, сақтаған,
Сақтандырып күнде еппен —
Мектебіме мың алғыс!
Мектебіме мың алғыс!

Ән: «Мектебім»

Орындаушылар: Шұғыла, Әнел

Қорытынды

Жүргізуші

Тыныштық — баршамыздың ұранымыз,
Мәңгілік таусылмайтын жыр-әніміз.
Арманның асқарына қанат қаққан —
Бақытты бейбіт елдің ұланымыз.

Хор: «Атамекен»

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Қош сау болыңыздар!