Содан бері менің ана жүрегім нелерді бастан кешпеді дейсің

Анаң сені ауылда сағынып жүр (ана монологы)

Айналайын, жан балам! Бұл хатты саған жазайын ба, жазбайын ба деп көп ойландым. Бірақ сен менің жүрегімнен бөлініп шыққан бөлшегімсің ғой. Сағынбаймын деу мүмкін емес. Мұны сағыныштан туған сөздер деп түсінерсің.

Сен жиі сұрайсың ғой: «Ақшадан қысылып жүрген жоқсыз ба?» Жоқ, балам, ақшадан қысыла қоймаспын. Зейнетақым бар. Бірақ шынымды айтайын: сенің көңіліңді, пейіліңді, даусыңды сағынып жүрмін.

Есімде қалған ең алғашқы сәттер

Есіңде ме? Жоқ, ол кез есіңде жоқ шығар. Шақалақ кезіңде бесікте жатып, маған қарап жымиып қоятынсың. Қарның ашып қалды ма деп, дереу аузыңа ақ сүтімді тосатынмын.

Алты-жеті ай болғанда былдырлап бір нәрселерді айта бастадың. Не дегеніңді білмеймін, бірақ маған ол сөздерің «Анашым, сені жақсы көремін» деп естілетін.

Бір жастан аса бергенде қалт-құлт етіп жүре бастадың. Құлап қалсаң да, қайта тұрып, қайта жүресің. Сол сәттердің бәрі әлі күнге дейін жүрегімде сайрап тұр, балам.

Бала кезіңнің шаттығы мен сынағы

Үш-төрт жасқа келгенде қолыңа түскенді қирату «өнерің» болатын. Бір нәрсе сындырып алсаң да, өзім күлгенім есімде: қызық қой — сен бүлдіресің, мен күлемін.

Бір күні қатты ауырып қалдың. Неше күн жазылмай жаттың. Сол кезде менің күйімді көрсең ғой... «Алла Тағалам, баламның орнына мен ауырайын, балама шипа берші» деп талай рет жалбарындым.

Ыстығыңды өлшеп, дәріңді беріп, түні бойы қолымнан тастамай көтеріп жүретінмін. Көрпеңді біресе ашып, біресе жауып, әйтеуір жағдайыңды жасаумен әуремін. Ол күндерді қалай ұмытайын? Сен менің өз жүрегімнен жаралған балам емессің бе?

Ер жеткенің — менің уайымымның жалғасы

Сосын мектепке бардың. Күн сайын сен мектептен келгенше уайымдап отыратынмын. Солай жүріп ер жеттің, қарағым.

Міне, сен жұмысқа кеткеніңе бес жылдың жүзі болды. Содан бері ана жүрегім нелерді бастан кешпеді дейсің? Құдайдың құтты күні сені ойлаймын: «Не істеп жүр екен? Неге хабарласпай кетті? Денсаулығы жақсы ма? Шаршап жүр ме? Қасындағы достары қандай?» Санамдағы сұрақ бітпейді.

Бір хабарға телмірген күндер

Бес жылдан бері басқа қаладасың. Жылына бір рет келіп, он күн қасымда болғаның не болады? Мауқым содан басыла қоя ма?

Есікке қарасам, «Анашым, мені сағындың ба?» деп кіріп келетіндей боласың. Өзің әперген телефонға күніне қайта-қайта қараймын: хабарласқанда естімей қалдым ба деп қорқамын. Бірақ есік те ашылмайды, қоңырауың да көрінбейді... Сол баяғы қоңыр күйге қайта түсемін.

Ана тілегі — бір-ақ нәрсе

Жаным, балам! Мен бәріне де шыдаймын. Шыдауға үйренгенмін. Бар тілегім: қайда жүрсең де, аман бол. Мұнда сені сарғая күтіп, сағынып жүрген анаң бар екенін ұмытпа.

Қарттықтың шындығы

Білесің ғой, балам, мен қартайдым. Көңілім келген күні алыс сапарға аттанып кете баруым да мүмкін. Ол жақты білмеймін, бірақ онда да сені сағынатын сияқтымын. Ал сен жоқта кетіп қалсам, қайта сені көрмеймін бе деп қорқамын. Оны ойласам, жүрегім қақ айрылады.

Кетер кезімде құшағыма басып, маңдайыңнан иіскеп, сағынышымды бір қандырып алсам деймін. Дұрыс, сен үлкен қызметтесің. Ел сыйлайтын азаматсың. Уақытың да тар шығар. Бірақ сені дүниеге әкелген анаңның көңілі қашан да алаң екенін білгейсің.

Егер бір күні мені таппай қалсаң, мұңайма, балам. Мен адасып кетемін дейсің бе — жұрттың кеткен жеріне барармын. Артымнан Құран бағыштап тұрарсың. Шамаң жетсе, жылына бір мал құрбандық шал.

Анаңның иісін сағынсаң, мен жатқан бөлмеге кірерсің. Иісімді таппасаң, үй ішіндегі іздерімді көрерсің. Ізімді таппасаң, қабіріме барып еске аларсың. Бірақ ешқашан еңсеңді түсірме, балам. Мен үшін сенің көңілің қымбат, құлыным.

Қайда жүрсең де еңсеңді тік ұста, балапаным.

Асылбек Әуезханұлы elana.kz