Көптік жалғауы бар сөздерді жекешеге айналдырып жаз

Павлодар қаласы • Қ. Бекқожин атындағы №12 ЖОМ

Бастауыш сынып мұғалімі: Жомартова Назым Нурхасымовна

Пәні: Қазақ тілі • Сынып: 2 «В»

Сабақ тақырыбы

Зат есімнің жекеше және көпше түрлері.

Сабақ түрі

Жаңа сабақ

Әдіс-тәсіл

Түсіндіру, сұрақ-жауап

Көрнекілік

Кестелер, слайдтар

Сабақ мақсаты

Зат есімнің жекеше және көпше түрлері туралы түсінік беру, сөйлем ішінен таба білуге үйрету.

Сабақ міндеттері

А) Білімділік

Оқушылардың зат есімнің жекеше және көпше түрлері туралы білімін кеңейту; сөйлем ішінен тауып, сұрақ қоя білуге және сауатты жазуға дағдыландыру.

Ә) Дамытушылық

Ойын элементтері арқылы ізденімпаздық қабілеттерін, ой-өрісін дамыту; түрлі тапсырмалар орындау барысында танымдық белсенділігін және есте сақтау қабілетін арттыру.

Б) Тәрбиелік

Оқушыларды ұйымшылдыққа, ауызбіршілікке, бірін-бірі құрметтей білуге тәрбиелеу.

Пәнаралық байланыс

Әдебиеттік оқу.

Сабақ барысы

I. Қызығушылықты ояту

1) Психологиялық дайындық

Айналаға алақанмен,

Жылулықты шашайық.

Сәттілік тілеп, күлімсіреп,

Біз сабақты бастайық.

2) Үй тапсырмасын тексеру

4-жаттығу, 152-бет. Тексеру «Күннің көзін бұлттан арылту» ойын-жаттығуы арқылы жүргізіледі: күнді бұлттар жауып тұрады, әр бұлттың артында «Өтініш» мәтіні бойынша сұрақтар берілген. Оқушылар сұрақтарға жауап береді.

  1. Нұрдәулет қандай оқушы?
  2. Нұрдәулеттің қандай жаман әдеті бар? Мысалмен дәлелде.
  3. Нұрдәулеттің үндемей қалуының себебі неде?
  4. Нұрдәулет неге өкінді?
  5. Нұрдәулеттің қылығына қандай баға бересің?

Сөздік жұмысы

Өкініш — белгілі бір сәтсіздікке байланысты туған уайым, опық, реніш, кейіс; орны толмас сезім.

3) Өткенді еске түсіру

  • Зат есім дегеніміз не?
  • «Кім?» «Не?» сұрақтары қашан қойылады?
  • Жалқы есім дегеніміз не? Мысал келтір.
  • Жалпы есім дегеніміз не? Мысал келтір.
  • Зат есімнің жекеше және көпше түрлері деген не?
  • Көптік жалғауларды ата.

4) Сурет арқылы айту

Мысық

мысықтар

Аспаз

аспаздар

Кітап

кітаптар

5) Сабақтың мақсатын хабарлау

Бүгін зат есімнің жекеше және көпше түрлерін ажыратуды, сөйлемнен табуды және көптік жалғауларды дұрыс қолдануды үйренеміз.

II. Мағынаны ашу

1) Дәптермен жұмыс

  • Дәптерге күнді жазу.
  • Көркем жазу: кК, қҚ

2) Оқулықпен жұмыс

3-жаттығу, 154-бет: мәтінді мұғалім оқиды, оқушылар іштей оқиды, кейін дауыстап оқиды.

Сөздік жұмыс

Жота
1) Тау қырқасы, жал, үстірт. 2) Адамның, малдың арқасы, жоны.
Қия
Бір жағына қарай қисайған, құлама, тік (мысалы: қия жартас, қия бет, қия жол).

3) Көптік жалғауы бар сөздерді көшіріп жазу

Бұлттар, боталар, жоталар (тақтада орындалады).

4) Сөз құрамына талдау

Көшірілген сөздерге морфемалық талдау жасалады.

3) Сәйкестендіру тапсырмасы

Жұмыс түрі: жеке → жұп → жария ету.

Сөз Көптік жалғауы
Іні -лар
Қарындаш -лер
Терезе -дар
Ағаш -дер
Жіп -тар
Жүзім -тер

4) Сергіту сәті

Қысқа қимыл-қозғалысқа негізделген сергіту жаттығулары орындалады.

5) Семантикалық карта

Слайд бойынша тапсырма орындалып, тақтамен тексеріледі.

6) Ертегімен жұмыс

«Алдар Көсе мен ұры» ертегісінен үзінді көрсетіледі. Ертегідегі зат есімдерді кестеге бөліп жазады: жекеше және көпше түрлері.

Ішіне (зат есім — жекеше түрі)

  • Кітап
  • Қой
  • Ат
  • Домбыра
  • Ұры

Сыртына (зат есім — көпше түрі)

  • Шыршалар
  • Сыйлықтар
  • Гүлдер

7) Оқулықпен жұмыс (дәптерде орындалады)

4-жаттығу, 154-бет: сөйлемдерді оқып, көптік жалғауы бар сөздерді жекеше түрге айналдырып жазу.

Бақалар → бақа

Бозторғайлар → бозторғай

Саятшылар → саятшы

Аңдар → аң

Қасқырлар → қасқыр

III. Рефлексия және қорытынды

Сабақты «Күннің шуақтары» әдісімен қорытындылаймыз: оқушылар сабақтан алған әсері мен үйренгенін күннің шуақтарына жазады.

Күлімдеу және адамдарға қуаныш сыйлай білу — өзіңнің де, айналаңдағы жандардың да өмір сапасын арттырып, денсаулыққа оң әсер етеді.

IV. Үй тапсырмасы

  • 4-жаттығу, 154-бет: аяқтау.
  • Ізденушілік тапсырма: жергілікті белгілер бойынша бағдарлауға қатысты мысалдар жинақтау.

    Үлгі: Құмырсқа илеуін тастың, ағаштың күн көп түсетін оңтүстік жағына салады.

  • 5-жаттығу, 154-бет.

V. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындау сапасы және белсенділігі бойынша бағалау жүргізіледі.