Көп функционалды ойыншықтар жиынтығын пайдаланып, ойнатылатын ойын түрлері
Автор туралы мәлімет
Өңір
Атырау облысы
Қала
Атырау қаласы
Лауазым
Лекотека маманы — Каликова Айгерім
Мекеме
Атырау облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернат үйі — медициналық-әлеуметтік мемлекеттік мекеме.
Балалардың танымдық процесін және моторикасын дамыту
Қазіргі кезде мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарында, сондай-ақ жалпы және түзету мекемелерінде тәрбиеші, мұғалім-логопед, мұғалім-дефектолог, педагог-психолог сияқты мамандар үшін ойын арқылы баланың ой-өрісін дамытатын ойыншықтар жиынтықтары күнделікті жұмыста маңызды орын алады.
Неге көпфункциялы жиынтықтар маңызды?
- Танымдық белсенділікті арттырады және қоршаған ортаны танып-білуге ықпал етеді.
- Жалпы және ұсақ моториканы, психомоторлық дағдыларды дамытады.
- Сенсорлық-перцептивтік қабілеттерді қалыптастыруға көмектеседі.
- Сабақ құрылымын ойынмен ұштастырып, баланың қызығушылығын ұзақ сақтайды.
Мысалы, 1993 жылдан бастап «Альма» кәсіпорны мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарына арналған көпфункциялы құрылғылар шығара бастады. Бұл жиынтықтар медициналық-психологиялық-педагогикалық тәжірибе талаптарына сай, қолмен ұстауға жағымды, ыңғайлы және қазіргі заманғы материалдардан жоғары сапада жасалады.
Балалардың қызығушылығын ескере отырып жасалған мультисенсорлық ойыншықтар тек ашық түстерімен ғана емес, жеңілдігімен және ерекшеліктерімен де құнды: олар баланың әлемді тануына, қозғалыс белсенділігіне және денсаулығын нығайтуға жәрдемдеседі.
Методикалық нұсқаулықтардың рөлі
Ата-аналарға, педагогтарға, психологтарға, медицина қызметкерлеріне және балалармен күнделікті тығыз байланыста жұмыс істейтін барлық мамандарға арналған кешенді сабақтардың методикалық нұсқаулықтары ұсынылады. Біздің көзқарасымызша, дәл осындай нұсқаулықтар практикалық қолдануда тәрбиелеу мен дамытудың нақты нәтижесін береді.
«Гномик» көпфункциялы жиынтығы: сипаттама және қауіпсіздік
Құрамы
Қауіпсіздік талаптарына сай жасалған 28 көлемді бөлшектен тұрады.
Материалы мен түстері
Әр бөлшек мықты, жуылатын матадан тігіліп, ішіне поролон толтырылған. Негізгі түстері: қызыл, жасыл, сары.
Жас ерекшелігі
3 жастан асқан балаларға арналған.
Қолдану орны
Бөлме ішінде пайдалануға арналған.
Қауіпсіздік және күтім
- Ойын немесе сабақ алдында бөлмеде бөлшектерге зиян келтіретін өткір заттар мен жоғары температуралы (күйдіретін) заттардың жоқтығына көз жеткізіңіз.
- Бөлшектер ластанса, сабынды сумен жуып, таза сумен шайып, жұмсақ құрғақ матамен сүртіңіз.
Дамытушылық мүмкіндіктері
«Гномик» және осыған ұқсас көпфункциялы жиынтықтар — балалардың әрекетін дамытуға арналған ұсақ сенсорлық жабдық. Олар дене шынықтыру залында, лекотека бөлмесінде және ойын бөлмелеріндегі сабақтарға бейімделген қазіргі заманғы құрастырма материал ретінде тиімді.
Қандай ортада қолдануға болады?
Жиынтықты тек балабақша мен мектепте ғана емес, сондай-ақ тәрбиешіге, дене тәрбиесі нұсқаушысына, мұғалім-логопедке, мұғалім-дефектологке және педагог-психологқа кеңінен қолдану ұсынылады.
Құрастыру және қиял
Бөлшектер арқылы балалар әртүрлі құрастырма жасап, бейнелей алады, кейін ойын әрекеттерін дене шынықтыру мен ән сабақтарында да қолданады.
Мақсатты қозғалыс дағдылары
Мұндай жиынтықтар балалардың мақсатты бағытталған қозғалыстарын дамытады, салмақты қалыпты ұстауға, бір қолмен және екі қолмен ұстау дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.
Қалыптастырып, дамытуға болатын дағдылар
Бөлшектерді көру және тактильді түрде зерттеу, салыстыру.
Көру-қимыл координациясы, бұлшық ет төзімділігі.
Белгі бойынша кеңістікте қозғалу, қозғалыс бағытын таңдау.
Заттық-практикалық және ойын әрекеті (құрылыс, рөлдік ойын).
Кеңістікте бағыт-бағдар, қозғалысты дәл бақылау және басқару.
Зейін және тапсырманы орындауда тұрақтылық.
Бөлшектерді еден жазықтығына қатысты тік немесе көлденең орналастыру.
Санауға дайындық: заттардың орналасуын сезіну және салыстыру.
Көрнекі құралдағы реттік сандарды ажырату (алдыңғы және келесі).
Уақыт түсініктері: апта моделі (7 түрлі), жыл мезгілдері (4 цилиндр: қызыл — жаз, сары — күз, көк — қыс, жасыл — көктем).
Көрнекі-әрекеттік және көрнекі-образдық ойлау.
Ауызша берілген қозғалыс бағдарын түсіну.
Құрастырмалы бөлшектерді пайдаланып, топтық ойын ойнау.
Қорытынды ой
Көпфункциялы ойыншықтар жиынтығы — баланың ойын дағдысын, құрастыру қабілетін және сенсорлық тәжірибесін дамытуға арналған автодидактикалық материал. Сабақ кезінде маманның жиынтықты методикалық тұрғыдан сауатты қолдануы психомоторлық және сенсорлық-перцептивтік қабілеттердің жүйелі дамуына ықпал етеді.