Балық түрлерін атап бер

Сабақ: «Дүниетану» (1-сынып)

Тақырып

Балықтар

Сабақтың типі

Жаңа тақырыпты таныстыру

Сабақтың түрі

Іскерлік ойын сабағы

Көрнекіліктер

  • Суреттер, сызбалар
  • Бүктеме материалдар
  • Карта, глобус
  • Слайдтар

Пәнаралық байланыс

  • Бейнелеу өнері
  • Әліппе

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушылардың балық түрлерін тануына жағдай жасау; саны азайып бара жатқан балықтар, балық шаруашылығы және балықты қорғау туралы түсінік қалыптастыру; білімдерін кеңейту.

Дамытушылық

Іскерлік дағдыларын, танымдық белсенділігін, зейінін және шығармашылығын дамыту.

Тәрбиелік

Экологиялық мәдениетке тәрбиелеу; ізденімпаздық пен ұйымшылдыққа баулу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу.
  • Оқу құралдарын тексеру.
  • Сынып тазалығын тексеру.

II. Үй тапсырмасын сұрау

Үй тапсырмасы: қосмекенділер мен жорғалаушылар. 2–3 оқушыдан мәтін мазмұны сұралады.

III. Үй тапсырмасын қорытындылау (тест)

1) Қосмекенділерге қандай жануарлар жатады?

A) сиыр   Ә) қолтырауын   Б) құрбақа

2) Қосмекенділер қайда дүниеге келеді?

A) суда   Ә) тауда   Б) топырақта

3) Жорғалаушыларға қандай жануарлар жатады?

A) бақа   Ә) кесіртке   Б) піл

4) Жорғалаушылар қалай қозғалады?

A) суда жүзеді   Ә) ұшады   Б) жерге бауырымен жорғалайды

5) «Аяғы бар, басы бар, арқалаған тасы бар» — бұл қайсысы?

A) бақа   Ә) жылан   Б) тасбақа

IV. Жаңа сабақты таныстыру (қызығушылықты ояту)

Сөзжұмбаққа кіріспе жұмбақтар

  1. 1) Көбелек

    Ұшып жүрген гүл көрдім, қонғанда ұстап үлгердім.

  2. 2) Ара

    Еңбегі қатты, елегеңі тәтті. Тіршілік нәрін гүлдерден тапты.

  3. 3) Түлкі

    Өзі айлакер, өзі қу, жүрген жері айқай да шу.

  4. 4) Жылан

    Отырмайды, тұра алмайды, түзу жолда бұраңдайды.

  5. 5) Қасқыр

    Ит сияқты пішіні, ұнатпайды кісіні.

Негізгі жұмбақ

Қанаты бар — ұшпайды, жұрт айламен ұстайды.

Жауабы: Балық

Бұған дейін жануарлар әлемінің мына топтарымен таныстық: сүтқоректілер, бунақденелілер, қосмекенділер, жорғалаушылар. Бүгін солардың тағы бір тобы — балықтар туралы білеміз.

Сұрақ-жауап

  • Балықтар қайда тіршілік етеді? — Суда.
  • Судың түрлері қандай? — Мұхит, теңіз, өзен, көл.

Глобус және карта

Глобустан Жер шарының көп бөлігін су алып жатқанын көрсетеміз. Кейін картадан Қазақстан Республикасын табамыз.

Өлкетану байланысы

Біз тұратын қала — Атырау. Осы өңірдегі маңызды су нысаны — Жайық өзені.

Тәрбиелік мәні

Табиғатты қорғау, су айдындарын таза ұстау және балық қорын сақтау туралы ой қозғаймыз.

Жайық өзені және балық шаруашылығы

Қысқаша мәлімет

Жайық өзені бастауын Орал тауы маңынан алады. Өзен Каспий маңы ойпатын кесіп өтіп, Каспий теңізіне құяды. Бұл өңірде балық шаруашылығы жақсы дамыған.

Бекіре туралы

Бекіре — Каспий теңізі, Еділ және Жайық өзендерімен байланысты бағалы балық. Етінен түрлі тағамдар әзірленеді, сондай-ақ суытылған, мұздатылған және ысталған өнім ретінде саудаға түседі.

Назар аудару

Балықты кез келген жерде аулауға болмайды: арнайы рұқсат пен белгіленген ережелер қажет.

Балық түрлері

Мысалдар: шортан, жайын, көксерке, алабұға, аққайран, сазан.

Ескерту: дельфин мен кит — балық емес, олар сүтқоректілер.

Оқулықпен жұмыс және сергіту сәті

Оқулықпен жұмыс

Мәтінді оқып, негізгі ойды анықтаймыз. Сұрақтарға жауап береміз және балықтардың тіршілігі туралы қорытынды жасаймыз.

Сергіту сәті: «Қармаққа түскен балықтар»

Оқушылар шортан, сазан, алабұға туралы тақпақтарды кезекпен айтады.

Алабұға

Жолаң-жолаң сауыры, Балықтың бұл тәуірі. Екі көзі сап-сары, Ауыра ма бауыры. Алабұға үйірі Сияқты бір иірім. Қоңыр-жасыл жотасы, Жасыл-сары бүйірі...

Жайын

Білем десең, біліп көр, Қармағыңа іліп көр. Жайын үшін сөз бе екен: Бақа, шаян, сүліктер. Толағайы толағай, Және мешкей, қомағай. Түсе қалса қармаққа, Әрең тартар он ағай...

Сазан

Айқайлама, ұрыспа, Тіпті аңырын тыныста. Сазан — нағыз сақ балық, Жоламайды дыбысқа...

Практикалық тапсырмалар

Дәптермен жұмыс

Аквариумның суретін салу.

Салыстыру

Жайын мен шортанның ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау (қоректенуі, дене құрылысы, тіршілік ету ерекшелігі).

Қорытындылау: «Балықты құрастыр»

Оқушылар балықтың әр бөлігіне жазылған сұрақтарға жауап беру арқылы «балық» бейнесін құрастырады.

1) Балық немен тыныс алады?

2) Балықтың жұмыртқасын қалай атаймыз?

3) Балықтар қайда тіршілік етеді?

4) Уылдырықтан шыққан жас балық қалай аталады?

5) Балық түрлерін ата.

6) Балық ненің көмегімен жүзеді?

Үй тапсырмасы

Мәтінді оқу, мазмұндап әңгімелеу.

Мадақтау

Белсенді қатысқан оқушыларды атап, ынталандыру.