Көптік жалғау. Оқушылармен сәлемдесу

Сабақтың тақырыбы

Зат есімнің түрленуі. Көптік жалғау.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: 6-сыныпта морфология бойынша алған білімдерін кеңейту, зат есім туралы білімді жүйелеу және тереңдету.
  • Тәрбиелік: оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке баулу, елжандылыққа тәрбиелеу.
  • Дамытушылық: лингвистикалық дүниетанымды кеңейту, талдау дағдыларын дамыту.

Сабақтың сипаты

Сабақтың типі
Аралас.
Сабақтың түрі
Дәстүрлі.
Әдіс-тәсілдер
Баяндау, әңгімелеу, сұрақ-жауап.

Ресурстар мен байланыс

Көрнекілігі
Кесте.
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Оқушылармен сәлемдесу.
  2. 2 Сабаққа қатысын тексеру.
  3. 3 Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

II. Үй тапсырмасын тексеру

31-жаттығу

Екі сөйлемге морфологиялық және синтаксистік талдау жасау.

III. Жаңа тақырыпты түсіндіру

1) Тақтадағы сөйлемдер арқылы түсіндіру

Сен қалмақ болсаң, мен — қазақ, қарпысқалы келгенмін.

Сен темір болсаң, мен көмір, еріткелі келгенмін...

Қонақтар шайларын ішті.

Зейнептер әлі есік алдында тұр.

2) Теориялық бөлім: зат есімнің түрленуі

Зат есімді түрлендіретін тұлғалар — жалғаулар. Жалғау бір жағынан сөзге белгілі бір грамматикалық мағына үстейді, екінші жағынан сөзді басқа сөздермен байланыстырады.

Қазақ тілінде жалғаудың төрт түрі бар:

  • көптік жалғау
  • тәуелдік жалғау
  • септік жалғау
  • жіктік жалғау

Зат есім негізінен көптеледі, тәуелденеді және септеледі. Ал жіктік жалғау көбіне адамға қатысты зат есімдерге жалғанады:

Жіктелу үлгісі

  • мен бала-мын
  • сен бала-сың
  • сіз бала-сіз
  • ол бала

Ауыспалы мағынада (адам мәнінде) да жіктеледі

Мысалы: Мен асқар таумын. Сен төбесің. Сен темірсің, мен көмірмін.

Көптік жалғау

Көптік жалғаудың алты түрі бар: -лар -лер -дар -дер -тар -тер

Бұл жалғаулар үндестік заңына сай зат есімге жалғанып, заттың көптігін білдіреді: оқушы-лар, үй-лер, қыз-дар, мектеп-тер.

Мағыналық ерекшелік

Көптік жалғау кейде тек заттың көптігін ғана емес, сол заттың бірнеше адамға ортақ екенін де білдіреді.

  • Үйлеріңе қайтыңдар, қонақтар шайларын ішті дегенде, “үй” мен “шайдың” саны ғана емес, соларға қатысты адамдардың да көп екені аңғарылады.

  • Зейнептер дегенде “Зейнеп” есімінің көптігі емес, “Зейнеп және оның қасындағы бірнеше адам” деген жинақтау мәні беріледі.

Ескерту

Лексикалық мағынасы өзінен-ақ көптік ұғымды білдіретін сөздерге көптік жалғауы жалғанбайды: мал, мұнай, газ, тары және т.б.

IV. Жаңа сабақты бекіту

34-жаттығу Ауызша.

35-жаттығу Жазбаша.

Көп нүктенің орнына көптік жалғауының тиістісін қойып жазып, оның қай үндестік заңына бағынып жалғанғанын түсіндіріңдер.

Мәтінмен жұмыс (үзінді)

Бозінген күйі деп тартқанда боз торғайдың шырылдауын, бұлбұлдың сайрауын қояды. Қазақ елі қайдағы қажыған күндерінің зәрлі зарын төгіп, шерін ақтарғандай болады. Азусыз аз ғана ел азғын күндерінің аянышты хәлдерін айта алатын мұңды күйді, зарлы үнді бізден тапқан.

Алды жар, арты жау қаумалаған ділгер ел жау жетегінде кетіп бара жатқанда, шерлі жүрегін осы Бозінген күйлерімен босатқан. Шексіз қуанышы мен түпсіз қайғысын осы күйлер арқылы жете айта алған.

Жасыған жан болсын, қалжыраған халықтар болсын, ең жіңішке, ең нәзік сезімдерін біздің мойынға артуының өзі басқа жануарлардан бір мойнымыз артық тұрғанын дәлелдейді, — деп сенеді Сары атан. Мұнысы құрғақ даукестік те емес секілді.

Бозінген күй толғауларын тоқсан толқытып, еңкелектетіп келіп еңіреткенде, тыңдаушылар бір күрсінбей қойған емес. Бозінген әркімнің шерлерін шертіп, қан қатқан жүректерін босатып жатқан секілденеді. Сулар ағуын, желдер соғуын тоқтатып, даланың қайғылы мұңын талай тыңдағаны рас.

V. Үй тапсырмасы

  1. 1 «Зат есімнің түрленуі. Көптік жалғау» тақырыбын қайталау.
  2. 2 37-жаттығу (жазбаша): көптелмейтін зат есімдермен жұмыс.

Көптелмейтін зат есімдер (мысалдар)

Мұнай, көмір, алтын, мыс, уран, жүн, мақта, астық.

VI. Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен тапсырма орындауына қарай бағалау жүргізіледі.

VII. Сабақтың аяқталуы

Қорытындылау, кері байланыс, сабақтан шығару.