Оқушыларға адам құқықтары жайлы түсініктерін қалыптастыру
Жемқорлықпен күресу — басты міндетіміз
Құрметті оқушылар, ұстаздар және қонақтар! Ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық — қоғамымызды алаңдатып отырған ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл құбылыспен қоғам болып күресу үшін көптеген іс-шара қолға алынып жатыр: құқық қорғау органдары мен сот жүйесі заңнаманы жетілдірумен қатар, алдын алу жұмыстарына да ерекше назар аударуда.
Бүгінгі тәрбиелік кездесудің тақырыбы — «Жемқорлықпен күресу — басты міндетіміз». Себебі болашақтың иесі — өздеріңіз. Жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, әділдік пен жауапкершілікті таңдау — әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымыз.
Сабақтың мақсаты
- 1 Оқушылардың адам құқықтары туралы түсінігін қалыптастыру; жемқорлықтың мәнін ашып түсіндіру.
- 2 Өз ойын еркін жеткізу қабілетін дамыту, дүниетанымды кеңейту.
- 3 Патриоттық тәрбие мен адалдық қағидаттарын нығайту.
Тәрбие сағатының құрылымы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Қонақтармен таныстыру, сабақтың мақсаты мен тәртібін түсіндіру.
2) Дөңгелек үстел
«Отан» тақырыбына топтағы әр оқушы бір сөйлемнен жазады. Әр топ өз жұмысын оқып, қорғайды.
3) «Менің көзқарасым» бөлімі
Әр топтан бір оқушы шығып, сыбайлас жемқорлық туралы өз ойымен бөліседі: оның зияны, алдын алу жолдары, жеке жауапкершілік.
Топтардың ұстанымы
1-топ: Жемқорлықтың қоғамға зияны
Сыбайлас жемқорлық — аса қауіпті әлеуметтік құбылыс. Ол экономикалық заңдардың еркін әрекетін шектеп, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіреді және пайдалы шетелдік инвестицияларға кедергі жасайды. Әсіресе, мемлекеттік органдардағы жемқорлық өте қатерлі: бақылаудың әлсіздігі мен есеп берудің жеткіліксіздігі биліктің монополиялануына, шешім қабылдау әділдігінің төмендеуіне әкеледі. Ол елдің, қоғамның және әр азаматтың мүддесіне зиян келтіреді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған.
2-топ: Заңнама және түсінік
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамаға сәйкес, мемлекеттік міндеттерді атқаратын тұлғалардың (немесе оларға теңестірілген адамдардың) лауазымдық өкілеттіктерін жеке пайда табу үшін теріс пайдалануы, сондай-ақ заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды жеке өзі немесе делдал арқылы алуы — сыбайлас жемқорлық болып танылады. Сол сияқты жеке және заңды тұлғалардың мұндай игіліктерді құқыққа қарсы түрде ұсынуы да жемқорлық әрекетіне жатады.
Заңның басты құндылығы — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және ашуға бағытталуы.
3-топ: Органдардың міндеті және азаматты қорғау
Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуге міндетті. Құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, салық, кеден, шекара қызметі, қаржы және әскери полиция органдары арқылы жүзеге асырылады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы ауызша хабарламалар мен жазбаша арыздар қылмыстың орны мен уақытына қарамастан тәулік бойы қабылданады. Мұндай факті туралы хабарлаған немесе күреске өзге түрде жәрдемдескен адам мемлекеттің қорғауында болады және заңнамада көзделген тәртіппен көтермеленуі мүмкін.
Ситуациялық тапсырмалар
Төмендегі жағдайлар арқылы құқық, жауапкершілік және моральдық таңдау мәселелері талқыланады.
1-топ: Қорқыту арқылы ақша тартып алу
Ерлан мен Марат компьютер ойнауға ақша таба алмай, асханада ақша майдалатып жүрген Қайратты қорқытып, ақшасын тартып алуды жоспарлайды. Марат Қайратты алдап шақырып, Ерлан күш көрсетіп, ақша талап етеді. Қайрат алғашында қалжың деп ойлағанымен, жағдайдың шын екенін түсініп, қалтасындағы бар ақшасын береді. Ол анасына айтатынын ескерткенде, Ерлан мен Марат «айтсаң, жақсылық болмайды» деп қорқытады.
Талқылау сұрақтары
- Осы көріністе баланың қандай құқығы шектелді?
- Ерлан мен Марат қандай қылмыс жасады?
- Оларды қылмысқа итермелеген себеп қандай?
2-топ: Білім алу құқығы және ата-ана жауапкершілігі
Нұрлан 5-сыныпта оқиды, оқуға ынтасы бар. Алайда ата-анасы бала тәрбиесіне салғырт қарап, оны сабақтан жиі қалдырады, кейде апталап мектепке жібермейді. Мектептегі ата-аналар жиналысына қатыспайды. Сынып жетекшісі бірнеше рет сөйлескенімен, нақты нәтиже болмайды: ата-анасы құр уәде беріп, жағдай қайта қайталанады.
Талқылау сұрақтары
- Нұрланның ата-анасының әрекетін қалай бағалайсыз?
- Сынып жетекшісінің орнында болсаңыз, қандай қадам жасар едіңіз?
- Ата-ананың бала алдындағы негізгі міндеттері қандай?
3-топ: Баланың таңдауы және қызығушылығы
4-сыныпты аяқтаған Жалғас 5-сыныпқа келген соң, өзін есейгендей сезініп, үйірмеге қатысып қабілетін дамытуды мақсат етеді. Ол мектептегі «Тұмар» пікір-сайыс клубына жазылғысы келетінін ата-анасына айтады. Бірақ ата-анасы қарсы болып, оны ағылшын тілі үйірмесіне өздері жаздырғанын мәлімдейді. Жалғастың жеке таңдауы ескерілмей, ол амалсыз ата-анасымен келіседі.
Талқылау сұрақтары
- Ата-ананың бұл іс-әрекетін қалай бағалайсыз?
- Осы жерде баланың қандай құқығы шектеліп тұр?
- Жалғастың ата-анасының шешімімен келісуі дұрыс па?
Талқылауға арналған мысалдар
Күнделікті өмірдегі «әдеп» пен «пара» ұғымдарының шекарасын ажырату — сыни ойлау мен құқықтық мәдениеттің маңызды бөлігі.
Мысал 1
Мұғалімге мереке күндері гүл шоғын сыйлау жемқорлыққа жата ма?
Мысал 2
Емделіп болған науқас дәрігерге алғыс ретінде сыйлық (гүл, сағат, т.б.) берсе, бұл жемқорлыққа жата ма?
Мысал 3
Емтихан кезінде оқытушыға «үстел жасау» (дастархан әзірлеу) жемқорлық белгісі болып санала ма?
Ортақ сұрақ
Егер мектеп оқушысын сағат 22:00-ден кейін көшеде жүрген жерінен жасөспірімдер инспекторлары тоқтатса, қандай заң талаптары қолданылады? Ата-анаға айыппұл салына ма? Бұл жағдайға сынып жетекші жауапты бола ма?
Шығармашылық бөлім
«Менің отбасым» тақырыбы
Музыка қосылып тұрады. Оқушылар «әке, ана, бала» бейнесін қамтитын сурет салады.
Қолөнер: оригами
Раушан гүлін бүктеу. Дайын жұмыстарды келген қонақтарға естелік ретінде ұсыну.
Н. Ә. Назарбаевтың форумдағы ой-түйіні
Бұл басқосу қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді күрес шараларына арналды. Жемқорлық — мемлекеттің де, қоғамның да дамуын тежейтін індет. Оның тамырына балта шаппайынша, тұрақты өсу мен өркендеу болмайды.
Жемқорлықпен күрес — науқандық шара емес және тек құзырлы мекемелердің міндеті ғана емес. Онымен бүкіл халық болып күресу қажет. Қоғам нақты іс-әрекетті күтеді, ал нәтиже — ортақ еңбектің өлшемі.
Жемқорлыққа қарсы күрес ашық, үздіксіз әрі әділетті түрде жүргізілгенде ғана алға қойған мақсаттарға толық қол жеткізе аламыз.
Бейнематериал
«Жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбындағы бейнеролик көрсетіледі.
Қорытынды: «Жүрек жылуы»
Әр топ бір-біріне ізгі тілек арнайды. Адалдық, әділдік және жауапкершілік құндылықтары бекітіледі.