Түлкі мен тиін көрінісін көрсету

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға мысал жанры туралы түсінік беру, мысалдағы негізгі оқиға мен идеяны ұғындыру. Сұрақ қою арқылы жан-жақты ойлауға үйрету.
  • Сөздік қорын байыту, оқу машықтарын дамыту, ой-өрісін кеңейту және мысалдан қорытынды жасай білуге жетелеу.
  • Жамандық пен жақсылықты ажырата білуге, қулық пен арамдықтан аулақ болуға, адалдыққа, еңбексүйгіштікке және тапқырлыққа тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Көрнекілігі

Түлкі мен тиіннің суреті, слайд.

Сабақтың түрі

Жаңа сабақ.

Әдісі

Сұрақ-жауап, түсіндіру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Кіріспе бөлім

Оқушылардың назарын сабаққа аудару, жұмысқа дайындығын тексеру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Өткенді қайталау

«Сүт қалай ұйықтайды?» ертегісі

  • Ертегіні оқу.
  • Сұрақ-жауап арқылы мазмұнын талдау.

Сұрақтар

  • Ертегі не туралы?
  • «Ұйықтаймын» деп сүт қандай күйге ұшырады?
  • Сүттің аянышты халін кім байқады?
  • Сарысу деген не?
  • Көп ұйқының зияны туралы өз ойың қандай?
  • Өлең неліктен ертегіге жатады?

Мақал-мәтелдер

Жалқаулық пен еріншектік туралы мақал-мәтелдер айту, мағынасын түсіндіру.

Тыйым сөздер

  • Кісіге қарап есінеме.
  • Есіней қалсаң, аузыңды қолыңмен қалқала.

Қосымша тапсырма

Сүттен жасалатын тағамдарды атау.

III. Жаңа сабақ

Негізгі бөлім

1) Қызығушылықты ояту

  • Ертегіден жалқау болмау керегін және көп ұйқының зиянын ұқтық.
  • Ауыз әдебиетінің тағы бір түрімен танысамыз: мысал.
  • Суретке қарап, не көріп тұрғанымызды айтамыз.
  • Түлкі мен тиін туралы білетіндерімізді ортаға саламыз.

2) «Күн шұғыласы» ойыны

Айлакер Еңбекқор

3) Автормен танысу

Бүгін Ә. Асылбековтың «Түлкі мен Тиін» атты мысалымен танысамыз.

Ә. Асылбеков (1938 ж. 15 қаңтар, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылы) — ақын. Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих-филология факультетін бітірген. Мектепте мұғалім болып еңбек еткен, облыстық газетте және республикалық қазақ радиосында әдеби қызметкер болған. ҚР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, сондай-ақ «Жазушы» және «Жалын» баспаларында редактор қызметін атқарған. Қазақстан Жазушылар одағындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында, Жамбыл облыстық бөлімшесінде, республикалық «Әділет», «Мәдениет», «Заң» газеттерінде қызмет еткен. Қазіргі уақытта «Көзқарас» және «Заңгер» журналдарында жауапты қызметкер. 1955 жылы республикалық басылымдарда «Бейбітшілік бақшасы» және «Жауды аяған жаралы» атты өлеңдері жарияланған. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көрген.

4) Өлеңді мәнерлеп оқу

Өлеңді оқып, кездескен қиын сөздердің мағынасын түсіндіру.

5) Сөздік жұмысы

Қиыр
алыс
Маң
өте жақын жер
Жайрады
сұлап жатты, өліп жатты

6) Оқулықпен жұмыс

  • Өлеңді мәнерлеп оқу.
  • Тізбектей оқу.
  • Рөлге бөліп оқу.

7) Венн диаграммасы

Түлкі мен тиіннің әрекетін салыстырып, ортақ және айырмашылық белгілерін анықтау.

8) Көрініс көрсету

«Түлкі мен Тиін» мысалы бойынша шағын көрініс қою.

IV. Қорытынды

Рефлексия

Талқылау сұрақтары:

  • Бұл мәтінді өлеңнің қай түріне жатқызар едің?
  • «Бір айласы тиіннің болып шықты пайдалы» деген жолдарды қалай түсінесің?

V. Үй тапсырмасы

Жұмысты бекіту

«Түлкі мен Тиін» мысалын мәнерлеп оқу.

VI. Бағалау

Қорытынды нәтиже

Сабаққа үлгілі қатысып, белсенді жұмыс жасаған оқушылар бағаланады және ауызша мадақталады.