Асықты іздеу алгоритмі
6-сынып: Циклдік алгоритм
Бұл сабақта оқушылар әрекеттер тізбегі бірнеше рет қайталанатын жағдайларда есепті қалай дұрыс ұйымдастыру және шешу керектігін үйренеді. Цикл ұғымы күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттер арқылы түсіндіріліп, алгоритмдік ойлауды дамытуға бағытталады.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Егер белгілі бір әрекеттер тізбегі бірнеше рет қайталанса, есептерді шешуде циклдік алгоритмдерді қолдану қажеттігін түсіндіру.
Дамытушылық
Циклдік алгоритм құру кезінде есепті жүйелеу арқылы шешіп, логикалық ойлау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік
Циклдік алгоритмдерді өмірмен байланыстыру арқылы циклдің мәнін ұғынуға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Үй тапсырмасын тексеру
Төмендегі сұрақтар оқушылардың алдыңғы тақырыптар бойынша білімін нақтылауға бағытталған.
-
1) Алгоритм дегеніміз не?
- A)Іс-әрекеттің ретсіз орындалуы
- B)Іс-әрекеттің рет-ретімен орындалуы
- C)Тармақталу алгоритмі
- D)Қандай да бір іс-әрекеттің орындалуы
-
2) Алгоритмнің түрлері қандай?
- A)Сызықтық, циклдік
- B)Тармақталу, сызықтық, негізгі
- C)Сызықтық, тармақталу, циклдік
- D)Негізгі, қосымша
-
3) «Алгоритм» ұғымын енгізген ғалым кім?
- A)Мұхаммед Әл-Хорезми
- B)Билл Гейтс
- C)Лейбниц
- D)Робертсон
-
4) Алгоритмнің қасиеттері қандай?
- A)Түсінікті, толық
- B)Негізгі, қосымша
- C)Қарапайым, күрделі
- D)Айқындылық, үзіктілік, нәтижелік, жалпылық, формалдылық
-
5) Тармақталу алгоритмінің негізгі түйінді сөздері қандай?
- A)Басы, соңы
- B)Алг, арг
- C)Егер, онда, әйтпесе, бітті
- D)Енгізу, шығару
III. Жаңа тақырып: Цикл және циклдік алгоритм
Есептерді шығару кезінде параметрлердің әртүрлі мәндерінде бір типті әрекеттерді бірнеше рет қайталау қажеттілігі жиі туындайды. Осындай қайталанатын әрекеттерді жүзеге асыратын алгоритмдер циклдер деп аталады.
Өмірден мысал: қоржындағы қызыл асықты табу
Қоржынға салынған асықтардың ішінде жалғыз қызыл асық бар делік. Оны табу үшін мына әрекеттер қайталана береді:
- 1 Қоржынға қолды саламыз.
- 2 Ілінген асықты алып қараймыз.
- 3 Бұл қызыл асық па?
- 4 Иә болса — қызыл асық табылды. Жоқ болса — қайтадан қоржынға қолды салып, асықтарды біртіндеп алып қараймыз.
Қызыл асық табылғанша осы әрекеттер тізбегі қайталана береді. Мұндай құрылым циклдік алгоритм деп аталады.
Негізгі анықтама
Алгоритмнің белгілі бір бөлігінің бірнеше рет қайталануын цикл, ал осындай қайталануға құрылған алгоритмді циклдік алгоритм деп атаймыз.
Блок-схемада шарт қалай белгіленеді?
Блок-схемада алгоритмнің шарты алтыбұрышты фигураға жазылады. (25-сурет: «Асықты іздеу алгоритмі».)
IV. Практикалық жұмыс
Оқулықтың 70-бетіндегі 4–6-тапсырмаларды орындау.
V. Сабақты бекіту (сұрақтар)
- Қандай алгоритмдерді циклдік алгоритмдер деп атаймыз?
- Блок-схемада алгоритмнің шарты қай фигураға жазылады?
- Шарттың циклдің басында тексерілуі мүмкін және соңында тексерілуі мүмкін. Осы екі тәсілдің айырмашылығы неде?
VI. Үй тапсырмасы
Ережелерді жаттап келу.
Сызықтық, тармақталған және циклдік алгоритмдерге өз ойыңнан есеп құрастырып, оның алгоритмін және блок-схемасын жасау.
VII. Бағалау
Оқушылардың бағасы үй жұмысы мен сынып жұмысының орындалуына қарай қойылады.