Хандар тобы
Қазақстан тарихы (10-сынып): Қазақ хандығының құрылуы
Сабақтың өзегі — Қазақ хандығының дербес мемлекет ретінде қалыптасуына алып келген хандардың қызметін және тарихи алғышарттарды жүйелі түсіну.
«Өз тарихын сыйламаған халық, өзін де сыйламайды». — Н. Ә. Назарбаев
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушыларға Қазақ хандығының дербес мемлекет ретінде құрылуына негіз болған хандар мен тарихи оқиғалар туралы нақты түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық
Тарихи оқиғаларға қатысты жеке көзқарас қалыптастыру, өз бетінше қорытынды жасауға және ізденіске дағдыландыру. Тірек-сызбалар мен танымдық тапсырмалар арқылы тарихи танымды кеңейтіп, өткен мен қазіргі оқиғаларды салыстыра білуге үйрету.
Тәрбиелік
Оқушыларды өз елінің тарихын тануға, тұңғыш қазақ мемлекетінің құрылуына үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің еңбегін бағалауға тәрбиелеу; Отан тарихына құрмет сезімін орнықтыру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
Сыныпты топқа бөлу және сабаққа дайындау.
-
1) Хандар тобы
Мемлекет басқаруы мен саяси шешімдерге назар аударады.
-
2) Батырлар тобы
Әскери оқиғалар мен тарихи тұлғалардың рөліне талдау жасайды.
-
3) Билер тобы
Құқықтық дәстүр, келісім және қоғамдағы тәртіп мәселелерін қарастырады.
II. Өткен сабақты пысықтау
«Құпия ұяшықтар» тапсырмасы арқылы негізгі ұғымдарды қайталау.
«Этнос» ұғымы
«Этнос» сөзі гректің etnos — «тайпа», «халық» деген сөзінен шыққан. Ғылымда «халық» терминінің орнына «этнос» терминін қолдану орынды, өйткені ол этностың негізгі тарихи түрлерін толық қамтиды: тайпа, ұлыс (народность), ұлт.
Сонымен қатар «халық» сөзінің «көпшілік», «жұрт» мағынасында (мысалы, «халық жиналды») да қолданылатыны белгілі.
«Этноним» ұғымы
Этноним (грек. etnos — халық, onyma — есім, атау) — ру, тайпа, ел, халық, ұлт атаулары.
Көне дәуірлерде этнонимдер ұран, ру таңбасы ретінде пайдаланылып, ру-тайпа, ұлыс, ел атауларымен қатар сол қауымнан шыққан рубасы, би, ақсақал, батырлардың есімдеріне де байланысты қолданылған. Кейде жер-су атаулары ретінде де кездеседі.
Этнонимдер көбіне жинақтау, көптік мән беретін дербес мағыналы сөздер болады.
«Этногенез» ұғымы
Этногенез (грек. etnos — тайпа, халық және genozis — шығу тегі) — әртүрлі қауымдық топтар негізінде жаңа құрамдағы туыстас тайпаның немесе халықтың қалыптасу үдерісі.
Этногенез — халық тарихының бастауы және ол үнемі даму үстінде болады: кейде жаңа этностық топтар қосылып, біте қайнасып араласса, кейде белгілі бір топтар ерекшеленіп бөлініп жатады.
Мысал
Қазақстан аумағындағы көптеген түркі тектес көшпелі тайпалардың бірігуі мен араласуы нәтижесінде қазақ халқы қалыптасты.
«Қазақ» атауының шығу тегі
Бірқатар ғалымдар «қазақ» сөзінің шығу тегін б.з.д. VII–VI ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларымен және сақ, қаз, қас-пи, хаз, қасақ сияқты тайпа атауларымен байланыстырады.
Пікірді қолдаған зерттеушілер
- Академик Н. Я. Марр
- Чех ғалымы Б. Грозный
- Академик Ә. Х. Марғұлан
- Тарихшы Ш. Ақынжанов
- Жазушы С. Мұқанов
Кей деректерде қазақ атауының төркіні «қасақ» немесе «көсеқ» сөздерімен байланыстырылатыны да айтылады.