Мақал - мәтелдер және олардың айырмашылығы туралы түсінік беру

Сабақтың тақырыбы: Мақал-мәтелдер

Бұл сабақта оқушылар мақал-мәтелдердің мәнін түсініп, олардың ерекшеліктерін ажыратуға үйренеді. Жұмыс түрлері оқушыны сөйлетуге, ойландыруға және тілдік қорын байытуға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  • Мақал-мәтелдер және олардың айырмашылығы туралы түсінік беру.
  • Адамгершілік қасиеттерді дәріптеу.
  • Оқушылардың тілін, сөздік қорын дамыту.

Сабақтың сипаттамасы

Типі
Жаңа материалды меңгерту сабағы.
Түрі
Дәстүрден тыс сабақ.

Көрнекіліктер

  • Қызықты грамматикалық сұрақтар.
  • Үлестірмелі карточкалар.
  • Қосымша тапсырмалар, ойын элементтері.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

Сәлемдесу, сыныптың дайындығын тексеру, сабаққа назар аударту.

2) Қайталау: «Оқу — білімнің анасы»

Өткен тақырыптарды сұрақ-жауап арқылы пысықтау.

  • Табу сөздер дегеніміз қандай сөздер?
  • Эвфемизм мен дисфемизмнің айырмашылықтарын атаңдар.
  • Қайсысы әдеби тілге жатпайды?
  • «Жүрек жұтқан», «қас қаққанша», «ит өлген жер» тіркестерінің баламасын айтыңдар.

3) Үй тапсырмасын сұрау

Төмендегі жағдаяттарды мұқият тыңдап, тұрақты сөз тіркесімен жауап беріңдер.

1-жағдаят. Еңбек пәнінің мұғалімі кез келген істі меңгере алады: сурет салады, көлік жүргізеді, ағаштан бұйым жасайды, аспапта ойнайды, әдемі би билейді. Мұндай адамды бір сөзбен қалай атаймыз?

Жауап үлгісі: «сегіз қырлы, бір сырлы» немесе «он саусағынан өнері тамған».

2-жағдаят. Болаттың жақсы досы бар. Ол сол досы туралы үнемі айтып отырады. Мұны қалай айтамыз?

Жауап үлгісі: «аузынан тастамау».

4) Жаңа сабақ: мақал мен мәтелдің ерекшелігі

Оқушылар кішкентайынан мақал-мәтелдерді естіп, жаттап өседі. Сабақтың бұл бөлімінде оқушылар білетін мақал-мәтелдерін айтып, кейін олардың анықтамасы мен айырмашылығын талдайды.

Мақал

Мақал ойды нақты түйіндейді: «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жасайды. Айтар мағынасы анық, тұжырымы толық келеді.

Мәтел

Мәтелде ой бейнелі түрде, тұспалдап айтылады. Мағынасы бірден ашыла бермей, ойланып барып қорытынды жасауға жетелейді.

5) «Мақалбай ата» сұрақтары

Сұрақтарға жауапты міндетті түрде мақал-мәтел түрінде беріңдер.

  • Адамның қай мүшесі қорқақ, қай мүшесі батыр?
  • Тауықтың түсіне не кіреді?
  • Ер неше рет, қорқақ неше рет өледі?
  • Өтірікші кімді алдайды?
  • Ананың сүті мен баланың тілі қандай?

6) Кітаппен жұмыс

  • 124-жаттығу (56-бет) — жазбаша.
  • 125-жаттығу (57-бет) — ауызша.

7) Сергіту сәті: «Қалай дер едіңдер?»

«Есік алдындағы қалың қарды арырақ күреп тастаңдар. Күн жылынса, былғаныш болар», — деді тәрбиеші апай. «Осынша қарды қалай күреп бітіреміз?» — деп күбірлесті балалар. Олар жабылып кірісіп еді, жұмыстың қалай аяқталғанын да сезбей қалды.

Тәрбиеші апай қандай мақал айтты деп ойлайсыңдар?

Жауап үлгісі: «Көз — қорқақ, қол — батыр» немесе «Жұмыла көтерген жүк жеңіл».

8) «Жұмбақтар сөйлесе…»

Мен айтқан жұмбақтың шешуін тауып, сол сөз қатысқан мақал-мәтел айтыңдар. Дұрыс жауап толық болғанда ғана ұпай беріледі.

Судан шығады, судан қорқады

Шешуі: тұз

Зер-зер кілем, зер кілем

Шешуі: жер

Жаны жоқ болса да ақылды адам сияқты

Шешуі: кітап

9) Қорытынды: «Лото» ойыны

Ойын лото ережесімен жүреді: әр оқушының парақшасындағы сандар әртүрлі болып беріледі. Мұғалім сан айтады, сол санды тапқан оқушы сұраққа жауап берсе ғана нөмірді жаба алады. Жауап болмаса — сан жабылмайды. Лото парақшасын бірінші толтырған оқушы жеңімпаз атанады.

Мақалдарды толықтыру

  • Қыстың қамын — жаз ойла.
  • Тәні саудың — жаны сау.
  • Жері байдың — елі бай.
  • Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
  • Бірлік болмай — тірлік болмас.
  • Досы көпті — жау алмайды.

10) Бекіту: «Мақал қалай шықты?»

Ертеде еріккен хан уәзірлерін шақырып: «Ертеңге дейін маған мақал шығарыңдар. Егер бұйрығым орындалмаса, бәріңнің де бастарыңды аламын», — депті. Уәзірлер не істерін білмей дал болып, көшеге шығып бір адамды ұстап алып: «Тез, бізге бір мақал шығарып бер», — дейді. Әлгі адам мақал шығара алмайды. Уәзірлер жан сақтап қалу үшін оны өзенге апарып, суға батыра бастайды. Жаны қиналған адам: «Мені ханға апарыңдар. Сендерді де, өзімді де өлімнен құтқарамын», — депті. Уәзірлер оны ханға апарады. Сонда шыққан мақал:

«Көп қорқытады, терең батырады»

Демек, мақал-мәтелдер жайдан-жай шықпайды: олар өмір тәжірибесінен, халық даналығынан туады. Сабақты мына оймен түйіндейік: «Мақалдың да мақалы бар». Төмендегі сөздер сендерге өмірлік серік болсын.

Соғыста мылтық қандай қажет болса, өмірде білім де сондай қажет.

Білімнен қуатты күш жоқ: біліммен қаруланған адам жеңілмейді.

12) Бағалау

Оқушылардың белсенділігі, жауаптарының дәлдігі, мақал-мәтелді орынды қолдануы және топтық жұмысқа қатысуы ескеріледі.

13) Үй тапсырмасы

134-жаттығу: мәтін құрау. Мәтіннің ішінде міндетті түрде мақал-мәтел болсын.