Жерден ұзап кетсең - Елден ұзап кетерсің

Ел, Жұрт, Халық туралы мақал-мәтелдер

Қалыптан безсең де,
Халықтан безбе.

Сенде болсын, менде болсын,
Менде болмаса, елде болсын.

Көпке жақын – көкке жақын.

Көп жаңылса, көнеден сұра,
Көне жаңылса, көргендіден сұра.

Халқым – қазынам, қазаным,
Туғаным – туырлығым.

Екі тау қосылмайды,
Екі ел қосылады.
Жігіті жүзге жеткен елді
Жүзіқара кемітеді.

Басшысы жоқ ел жетім,
Балығы жоқ көл жетім.

Ел қонысын тапса,
Ер ырысын табады.

Жақсылық қылсаң халыққа,
Бір қайырымын аларсың.
Жамандық қылсаң халыққа,
Жапанда жалғыз қаларсың.

Елдің күші – селдің күші.

Көп жүрген, жер таниды,
Көп қыдырған, ел таниды.

Қаланған кірпіш кәдеге асқаны,
Қағылған шеге – орнын тапқаны.
Жігіттің халыққа жаққаны
Шырақ жаққаны.

Хан сырын білгеннің,
Қаны төгіледі.

Батылдықты айт, ерлікті айт
Батырлықты айт, бірлікті айт.
Ынтымақ қосып ел болып
Жұрт жасаған тірлікті айт!

Берекелі елдің
Бетін ешкім қақпайды.
Берекелі жердің
Жыланы да шақпайды.

Айрылған ел – азар,
Қосылған ел – озар.
Күн түспеген жер көгермес,
Көсемі жоқ ел көгермес.

Көсемнің дидары –
Күннен де жарық.

Қонысты болса –
Төл семіреді.

Қордалы болса –
Жер семіреді.
Бұлақты болса –
Көл семіреді.
Ынтымақты болса –
Ел семіреді.

Ер басына күн туса,
Бұта түбі үй болар.
Ел ірісе – ыдырап,
Екі үйге бір бие болар.

Елге дұшпан жерге сыймас,
Жерге дұшпан елге сыймас.

Тау мен тасты су бұзар,
Ел арасын қу бұзар.

Кереге бойы қар жауса да,
Жұтамайды сауысқан.
Қанды қалпақ кисе де,
Қиыспайды туысқан.

Еліңді тастап шетке кетпе,
Шетке кетсең де, көпке кетпе.

Халқыңа тартпағанның
Қары сынсын.

Қонақ келсе, сайласып,
Атып тұрып, атын тұт.
Жай сұрасаң жайласып,
Алдыменен өзін күт.

Халық қорғамаған басыңды
Қалпақ қорғай алмайды.

Гүлсіз болса – жер мұңды,
Күлкісіз болса – ел мұңлы.

Елді ерке бұзады,
Етті желке бұзады.
Өзің елді сыйламасаң,
Ел де сені сыйламас.

Көшпелі елде қорған жоқ,
Көк сеңгірде орман жоқ.

Толған ел – тарихын таспен жазады,
Тозған ел – тарихын жаспен жазады.

Дәулетті ел – сәулетті.

Тау тасымен көрікті,
Ел жасымен көрікті.

Қойды серке бастайды,
Тойды ерке бастайды.

Киім жағасымен жарасады,
Ел ағасымен жарасады.

Ел батылын жасқамайды,
Момынын жұртқа тастамайды.

Тау белгісі – тас болар.
Бар белгісі – ас болар.
Азған елдің ерлері
Бір - біріне қас болар.

Елге ел қайырылса – құт,
Елден ел айрылса – жұт.

Ер қадірін білмесең,
Жесірлік берсін сазаңды.
Ел қадірін білмесең
Жалғыздық берсін жазаңды.

Көргені көп көш бастар.

Қасықпен көлді құрта алмайсың,
Қастықпен елді құрта алмайсың.
Атың барда жер таны,
Асың барда ел таны.

Даттаушы түгел жау емес,
Мақтаушы түгел ел емес.

Халқын сүйген –
Халқының қалпын сүйеді.

Халыққа қарсы жүру –
Ағысқа қарсы жүзу.

Кеңесіп іс басқару –
Келелі елдің белгісі.
Жұмыла жұмыс атқару –
Өрелі елдің белгісі.

Аспандай берме,
Жерден ұзап кетерсің.
Жерден ұзап кетсең –
Елден ұзап кетерсің.
Елден ұзап кетсең,
Барса келмеске жетерсің.

Халық қамын ойлаған,
Халық ағасы – нар кісі.
Қарын қамын ойлаған,
Қара бастың қайғысы.

Елдің іші – береке,
Көптің іші – мереке.

Жасыл киген жас - жаран
Елдің сәні,
Қызғалдақ гүл құлпырған
Жердің сәні.

Атыңнан айрылсаң да,
Ер - тоқымыңнан айрылма.
Қатыныңнан айрылсаң да,
Қазан - ошағыңнан айрылма.
Қазан - ошағыңнан айрылсаң да,
Халқыңнан айрылма!

Балық іздесең, көлге бар,
Береке іздесең, елге бар.

Елді тентек бұзар,
Басты келтек бұзар.

Елге берсең асыңды –
Ел қадірлер басыңды.
Итке берсең асыңды,
Ит мүжиді басыңды.

Елі мықтының
Белі мықты.

Еті тірі жігіт:
Елінің намысын қорғайды,
Тоғайының қамысын қорғайды.

Халықтың құшағы кең.

Халқы бірдің – салты бір.

Халық қалпына келмей,
Салтына келмейді.

Бидай – қырда,
Күріш – Сырда.
Жемістердің ғажабы –
Жетісуда.

Болмас елдің баласы
Бірін - бірі табалар.
Болар елдің баласы
Бірін - бірі ағалар.
Құт қонған елде
Қыдыр қыдырып жүреді.

Баласыз болса – ел сарқылады,
Бұлақсық болса – көл сарқылады.

Ынтымақ елді – оздырар.
Күндестік елді тоздырар.

Жібек мінезді жігіт
Жұртқа жағады.
Жылан мінезді жігіт
Жұртта қалады.

Жер шежіресі – ел шежіресі.

Елін елсінбеген,
Жерін жерсінбеген.
Жат жұрттың аяғын жалар,
Саяғын бағар.

Аюды жеңген – жарты ер,
Ауды жеңген – бүтін ер.

Жұрт көгендей қалаң болсын,
Жұт келместей панаң болсын.

Көл жайлаған үйрек - қаз
Шөл қадірін білмейді.
Шөлде өскен бұлдырық
Көл қадірін білмейді.
Тауда туып, таста өскен,
Ағайыннан басқа өскен
Ел қадірін білмейді.

Халық келіп - кеткенді сыйламайды,
Қиылып қызмет еткенді сыйлайды.

Таныған жерде өң сыйлы,
Танымаған жерде тоң сыйлы.

Үйі жыртық тамшы бар:
Бірінші – өз жұрты,
Екінші – нағашы жұрты,
Үшінші – қайын жұрты.

Қисық арба жол бұзар,
Қыңыр жігіт ел бұзар.

Ел иесіз болмайды,
Сөз жүйесіз болмайды.

Бұрынғыны айтпай,
Соңғы еске түспейді.

Әсем мінез аққуды
Айдын шалқар көлде көр.
Жаны сұлу аруды
Жадырай қонған елде көр.

Оттың қасынан от жақпа,
Елді бұзады.
Құдық қасынан құдық қазба,
Жерді бұзады.

Қарын қамын ойлаған –
Қаралықтың белгісі
Халық қамын ойлаған –
Саралықтың белгісі.

Жетесіз бала жерден алдым дейді,
Жетілмеген бала елден алдым дейді.

Жемісті ағаш,
Жерге иіліп, тәжім етеді.
Жетелі жігіт,
Елге иіліп, тәжім етеді.

Жұрпен жүрген жүдемес.

Арқанның ұзыны жақсы,
Әңгіменің қысқасы жақсы.

Екі елді жол қосады,
Екі адамды қол қосады.

Ел аралаған – сыншы болар,
Орман аралаған – үйші болар.

Құлақ баланікі,
Бас ағанікі,
Жақ қатындікі,
Жанбас батырдікі.

Ел - жұртыңның қадірін
Іс түскенде білерсің,
Сары тонның қадірін
Қыс түскенде білерсің.

Ынтымақ – елдікке жеткізер,
Елдік ерлікке жеткізер.

Қала – халқының салтанаты,
Бала – ата - ананың қолғанаты.

Бетеге, жусан – бел көркі,
Білімді ұл, қыз – ел көркі.

Халықты дана қосады,
Қатын мен ерді бала қосады.

Өсер елдің баласы
Қозысын күтіп қой қылар.
Өспес елдің баласы
Қойын сойып, той қылар.

Қартайған ата марқаяр –
Қанатын жазып қызы өссе.
Қайртайған ата марқаяр –
Халыққа жағып ұлы өссе.

Өзбек – өрістес ел,
Қырғыз – қоныстас ел.
Қарақалпақ – қарындас ел,
Түрікпен – тамырлар ел.

Көппен көрген – ұлы той.

Көп алғысы көгертер.

Көп қорқытады,
Терең батырады.

Көпке тентек,
Құдайға шет.

Көпті сөккен – көгермес.

Көпті жамандаған –
Көмусіз қалар.

Жорғаң қатты болса,
Төске сал.
Ісің ақ болса,
Көпке сал.

Тамшыдан тама - тама дария болар.

Көпке топырақ шашпа.

Шөп болса да, көп болсын.

Көп қараса, жоқ табылар.

Көптен қулық артылмас,
Көзді дария сарқылмас.

Өзім білем деген жігіттің
Басына ойран салғаны;
Көп біледі деген жігіттің
Басына қорған салғаны.

Көп жасағаннан сұрама,
Көп көргеннен сұра.
Нарды сөкпе,
Нанды теппе.

Қара жерді жамандама,
Қайтып сонда барарсың,
Қауым елді жамандама
Қарғысына қаларсың.

Аздың атасы бір,
Көптің батасы бір.

Қолы ұзын сүйгенін алады,
Қолы қысқа тигенін алады.

Көптің құрығы ұзын.

Көптен безген көгермес.

Көбікті төкпе,
Көпті сөкпе.

Көп ауызды дуалы.

Көштен бөлінсең де,
Көптен бөлінбе.

Мың ұрғанды жын ұрады.

Болсаң болаттай бол,
Болмасаң бордай тоз.

Терең құдықтың суы тәтті,
Жақсы да, жақсылық та жалпыға ортақ.

Көкті тіреуге болмайды,
Көпті мінеуге болмайды.

Көзсіз күнелтсең де,
Көпсіз күнелте алмайсың.
Көптің көзі көреген,
Көптің қолы береген.

Жер шетіне жүйрік жетпейді.
Көпке бұйрық жетпейді.

Көп жасап, күміс болғанша
Аз жасап, алтын бол.

Ырысын молдан пішкеннің
Мұртын балта кеспес.

Көпке топырақ шашпас болар.

Таршылықты көрмесең
Кеңшілікті білмессің.

Көп жүрген жер көңілді,
Көптің ісі өнімді.

Көп асқанға –
Бір тосқан.

Көпті көрген біледі,
Алыста жүрген біледі.

Өзіңді өзің тыймасаң,
Өзгені қалай тыярсың?
Құлы болсаң құлқынның,
Дүниеге қайтып сыярсың?!

Жігіттің бір басы екеу болмай,
Жиғаны жетеу болмайды.

Көптің мүлкін көргенсіз алар.

Шығыс шықпай,
Кіріс кірмес.

Сол қолыңды қазық,
Оң қолыңды тоқпақ қыл.

Әрекен көп,
Берекет жоқ.

Көппен жүрген көңілді,
Көп толтырар кеміңді.

Жарамды жігіт
Жұртына олжа салар.
Жарамсыз жігіт
Жұртына сауға сұрар.

Тобылғы қатты деп,
Қамшыға сап қылады.
Көреген жігітті әккі деп
Қосынға бас қылады.

Көңілсіз басталған іс
Көпке бармайды.
Сайда саны көптің
Қырда шаңы көп

Сараңдық пен арамдық ағайындас.

Кемеңгердің артынан көп ереді.

Көптің қолы көкке жетеді.

Қазақ және әлем халықтарының таңдамалы мақал - мәтелдері
Құрастырған
Өтебай Тұрманжанов



Ұқсас жұмыстар

Қазақ тілінен ағылшын тіліне мақал мәтелдерді аудару
Ақкете Шернияз Жарылғасұлы
Ақан Сері Қорамсаұлы лирикалық ақын
Ыбырай Алтынсариннің таңдамалы шығармалары
Ахмет Иассауи Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық поэзияның көрнеті өкілі
Көркем мәтін тіліндегі сөз-символ қолданысы
Мұхтар әуезов "Көксерек"
Қабанбай батыр туралы аңыздар
Төле бидің сөзге тоқтауы
Андрон мәдениеті
Алтай осы жерден басталады
Біз ешбір елге тәуелденбей, қой үстіне жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатқанымыз - Тәуелсіздіктің арқасы
Қай жерден директор көріп тұрсың осы тас қараңғыда
Қазақтар ежелден басқа халықтардай Отанын, ұлтын сүйген
Жеті күн жерден бер, жеті күн елден бер
Елбасы Қазақстан халқына жолдауында Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс
Қайсекең жоқ жерден шытынап
Ежелден гректер истерияны жатыр ауруларының салдарынан болатын тек әйел дерті деп санаған ( истерия аталуы содан)
Столыпиннің аграрлық реформасы және Қазақстандағы Жерден ығыстыру саясатының жүзеге асырылуы қалай жүзеге асты
Абсолюттік рента - ол барлық жерден және топырақтың құнарлығына, тұрған жеріне байланыссыз алынады