Сондағы Жамбылдың өлеңі

Сабақтың мақсаттары

Білімділік мақсаты

Оқушылардың алдыңғы сабақтарда «жүз жасаған жыр алыбы» Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы алған мәліметтері негізінде білімін, білігін және дағдыларын тексеру. Өлеңдерді мәнерлеп оқыту арқылы дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастыру. Жамбыл шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны мен маңызын түсіндіру.

Дамытушылық мақсаты

Өлеңдерді мәнерлеп оқыту арқылы тіл мәдениетін, сөз байлығын, сөздік қорын, шығармашылық және есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік мақсаты

Ж. Жабаев өлеңдерінің мазмұны, тақырыбы және негізгі идеясын меңгерту арқылы оқушылардың бойында қазақ халқына және қазақ тіліне сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру, эстетикалық әрі патриоттық тәрбие беру.

Сабақ ресурстары мен әдіс-тәсілдері

Көрнекіліктер

  • Жамбыл Жабаевтың портреті
  • Өмірі мен шығармашылығы кезеңдерін бейнелейтін көркем суреттер
  • «Жамбыл» тірек-сызбасы

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап, түсіндіру
  • Венн диаграммасы
  • ИНСЕРТ әдісі
  • Сын тұрғысынан ойлау стратегиялары

Сабақтың барысы

  1. I

    Ұйымдастыру кезеңі

    Сабаққа назар аударту, мақсатты нақтылау, жұмыс ырғағын белгілеу.

  2. II

    Үй жұмысын тексеру

    Үй тапсырмасы: Ж. Аймауытовтың «Әнші» әңгімесі.

    Талқылау сұрақтары

    • Әңгіме не себепті «Әнші» деп аталған?
    • Әңгіменің негізгі кейіпкері кім?
    • Әмірқан қандай адам? (Оқушылар дайындаған диалог негізінде.)
    • Әңгімеде Әмірқаннан өзге қандай әнші, сал-серілер аталады?
    • Шығарма аяқталмай қалғандай әсер қалдырады. Сендер қалай аяқтадыңдар?
    • Мұғалім қорытынды сөзді «Көңіл толқыны» күй әуенімен байланыстыра айтады.
    • Франция сахнасына ең алғаш шыққан қазақ әншісі кім?
    • Әмірқанның өмірдегі прототипі кім деп ойлайсыңдар?
  3. III

    Жаңа сабақ

    Кіріспе: «Бәйтерек» ұғымы

    Жаңа сабақты бастамас бұрын «бәйтерек» сөзінің мәніне тоқталайық. Қазақ дәстүрінде бәйтерек — тамырын тереңге жіберген, көп жыл жасаған, ыстықтағанға сая, шаршағанға демеу, жолаушыға тоқтау болатын қасиетті үлкен ағаш.

    Елордамыздың қақ төріндегі Бәйтерек монументі де осы киелі ағаш бейнесі негізінде жасалған және Қазақстанның символына айналды. Ал «жүз жасаған бәйтерек» атану — халқымыздың жыр әлеміндегі жалғыз дара тұлға, Жамбыл Жабаевқа тән теңеу. Осы үш образды салыстыра айтуымыз да сондықтан: табиғаттағы бәйтерек, Астанадағы Бәйтерек және Жамбыл — үшеуі де ел жадындағы биік нышан.

    Бүгінгі сабағымыздың «Жүз жасаған бәйтерек» деп аталу себебі де осында. (Тақтаға бәйтеректің суреті, Бәйтерек монументі және Жамбыл Жабаевтың портреті ілінеді.)

    Жамбыл Жабаев (1846–1945)

    Эпиграф

    «Жамбыл дүниеге екі рет келді: тоғыз ай, тоғыз күнде — ана құрсағынан, тоқсан жасқа келгенде — заман құрсағынан туылды». — Ғ. Мүсірепов

    Ақын Түстіктегі Жамбыл тауының бөктерінде, боранды ақпан айында, осыдан бір жарым ғасыр бұрын дүниеге келіп, кейін сол таудың да, бүкіл қазақ халқының да атын айдай әлемге танытты.

    Қақаған қара аралас соқса боран, Ел үрей — көк найзалы жау торыған. Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым содан.

    Ақындық жолының басталуы

    Жамбыл 13 жасынан бастап өлең шығара бастайды. Әкесінің келісімінсіз-ақ атақты Сүйінбай ақыннан бата алғаны — оның ақындық тағдырына жол ашқан маңызды кезең.

    Жамбыл әртүрлі жанрда қалам тербеді. Соның ішінде айтыс өнері оның шығармашылығында айрықша орын алады.

    Айтыс — Жамбыл өнерінің биігі

    Жамбыл айтыста да, жыраулық өнерде де аса жоғары дәрежеге көтерілді. Ақынның оннан астам айтысы сақталған. Әсіресе Құлманбетпен, Досмағамбетпен, Шашубаймен айтыстары кең танымал. Ол айтыс ақыны Шөжемен де дидарласқан.

    Жамбыл — айтыстың асқан шебері. Ол өз дәуірінің көптеген атақты ақындарымен сөз сайысына түсіп, ешкімнен жеңілмеген.

    Жамбыл мен Құлманбет айтысы — мазмұны кең, күрделі айтыс. Бұл айтыста Жамбыл жеңіске жетеді. Оның артықшылығы Құлманбетке бағытталған: «Байлығыңмен мақтанба, ерлікті айт, татулықты айт, бірлікті айт» деген ойларынан айқын көрінеді. Жамбыл біржақты емес, ойы кең, жан-жақты тұлға.

    Тақырып кеңістігі: ерлік, сатира, азаттық

    Жамбыл батырлықты, ерлікті, адамгершілікті — халықтық құндылықтарды жырға қосты. Сонымен бірге сатиралық туындылары да бар. Соның бірі — «Кәдірбайдың төбеті» (өлең оқылады).

    Патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыс тұсында Жамбыл елді азаттық күреске шақырған. Оның бұл тақырыптағы өлеңдеріне «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» жатады.

    Эпикалық жыр-дастандары қатарында «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» бар.

    Қоғамдық-мәдени ортадағы орны

    Жамбыл Верный қаласында өткен Жетісу ақындарының тұңғыш слетіне қатысады. Сондай-ақ Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, халық өнерінің биік үлгісін танытады.

    Соғыс жылдары және Алғадай тағдыры

    1941–1945 жылдар — Отан үшін ең ауыр кезеңдердің бірі. Гитлер бастаған неміс басқыншылары соғыс жарияламай жерімізге басып кірді. Сол шақта ел азаматтары ақсақалдардан бата алып, майданға аттанды.

    Осы тұста халық поэзиясындағы тұрмыс-салт жырларының түрлері — бата, жұбату, қоштасу — ерекше мәнге ие болады. Оқушылардан: «Кім қандай бата біледі?» деген тапсырма арқылы ауыз әдебиетімен байланыс жасалады.

    Жамбылдың жалғыз ұлы Алғадай да майданға аттанады. Әкенің баласына берген батасы «Аттандыру» өлеңінен көрініс табады (өлең кітаптан оқылады).

    Соғыста Алғадай ерлікпен қаза табады. Жамбыл бұл қайғыны ауыр қабылдап, ұзақ уақыт оңала алмайды. Халық ақындары, қазақ жазушылары мен өнер адамдары, шәкірті Кенен Әзірбаев ақынға келіп көңіл айтады.

    Сол кезеңдегі мұңға толы туындыларының бірі — «Алғадай туралы әрбір ой» (оқушылар өлеңді кітаптан тауып оқиды).

    Үміт сәулесі: Қуаныш және «Атаның әлдиі»

    Алғадай майданға аттанғаннан кейін жеті күн өткен соң, Жамбыл әулетіне ұл бала дүниеге келеді. Ақын немересінің атын ырымдап Қуаныш қояды. Осы қуаныш ақынның жанын жұбатып, «Атаның әлдиі» өлеңінің тууына себеп болады (өлең оқылады).

    «Ленинградтық өренім» — үміт пен рух жыры

    Соғыс жылдарында Ленинград қаласы 900 күн қоршауда қалды. Бұл — халық үшін аса ауыр, зұлмат күндер еді. Осы жағдайға байланысты Жамбыл «Ленинградтық өренім» өлеңін арнайды.

    Өлең Ленинградтың әр жеріне ілініп, қала тұрғындарына күш-жігер беріп, рухын көтергені айтылады. Сабақта өлеңнің қазақша және орысша нұсқалары оқылады.

    Домбыра аманаты: ұрпақ сабақтастығы

    Жамбыл өнер адамдарымен кездесіп, өз домбырасын Нұрғиса Тілендиевке табыстай отырып, қасиетті қара домбыраның киесін аманат етеді: қазақтың қара домбырасын көздің қарашығындай сақтап, бар әлемге асқақтата танытуды тілейді.

    Нұрғиса Тілендиев бұл аманатты өнердегі сабақтастық ретінде жалғап, қазақ күйі мен домбырасының даңқын кең жайып, өзі де өшпес мұра қалдырды.

    Өмірінің аяқталуы және мәңгілік мұрасы

    Жеңіс хабарын естіп, бірақ жүрегіндегі ауыр қайғыдан толық айыға алмаған Жамбыл Жабаев 1945 жылы 22 маусымда, сағат 7:55-те дүниеден өтті.

    «Жамбыл өлсе де, аты өлген жоқ, хаты өлген жоқ» — өйткені оның өлеңдері мен жырлары халық жадында өмір сүріп келеді.

    «Неге біз Жамбыл өлген жоқ дейміз?» деген сұраққа дәлел ретінде: Жамбыл есімімен аталған өңір, Жамбыл атындағы мәдениет ордалары (театр және өзге мекемелер) бар екені айтылады.

Бекіту және талдау

Өлең құрылысына талдау

«Алғадай туралы әрбір ой» өлеңінің II шумағын талдау:

  • Ұйқас түрі
  • Шумақ, тармақ
  • Бунақ, буын саны
  • Өлең ырғағы

Негізгі түйін

«Алғадай туралы әрбір ой», «Аттандыру», «Атаның әлдиі» өлеңдерінің ортақ өзегі — Алғадай бейнесі.

Сөздікпен жұмыс

Сабақ барысында кездескен тірек сөздер мен ұғымдарды түсіндіру, сөйлемде қолдану.

Сын тұрғысынан ойлау: шығармаларды жүйелеу

Төмендегі шығармаларға тоқталып, тақырыптық байланысын анықтау:

Сұраншы батыр Өтеген батыр Алғадай туралы әрбір ой Аттандыру Ленинградтық өренім Жаныс ақынға Атаның әлдиі

Сергіту кезеңі

Әуен тыңдай отырып, қысқа жаттығулар жасау.

Қорытынды

Жамбыл — өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды тұтастырған ұлы жырау. 13–14 жасынан бастап сөзінің көбін өлеңмен өрген ақынның XIX ғасыр шегінде шығарған жырлары мен айтыстары өте мол. Бұл мұрадан дәуір шындығы, Жамбылдың ақындық мұраты мен зор таланты айқын танылады.

Ерлік пен елдікті дәріптеген, халықтың жоғын жоқтап, әлсізді күштілердің зорлығынан арашалаған, әділдік пен бостандықты жыр еткен қуатты поэзиясы арқылы Жамбыл қазақ әдебиетінде көрнекті орын алды.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев Жамбыл бабамыздың туып-өскен жері Ұзынағашта өткен 150 жылдық мерейтойға арнайы қатысып, Жамбыл рухына тағзым еткені атап өтіледі.

Венн диаграммасы арқылы қорытындылау

  • Бүгін не білдік?
  • Нені білгіміз келеді?

ИНСЕРТ әдісі

Ақпаратты белгілеу және қорытындылау: таныс дерек, жаңа дерек, түсініксіз тұс, қосымша ізденісті қажет ететін ойлар.

Үй тапсырмасы

  • «Аттандыру», «Алғадай туралы әрбір ой», «Атаның әлдиі» өлеңдеріне ортақ кейіпкер — Алғадай бейнесін құрастырып жазу.
  • «Аттандыру» өлеңін жаттау.
  • «Атаның әлдиі» және «Алғадай туралы әрбір ой» өлеңдерін мәнерлеп оқу.