Баланы жақтаушы
Бастауыш сынып бірлестік мұғалімдеріне арналған тренинг
Үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты ұйымдастыру
Бұл материал бастауыш сынып мұғалімдеріне үлгерімі төмен оқушыларды қолдау, педагогикалық жағдаяттарды талдау және тиімді шешім қабылдау дағдыларын дамытуға арналған.
Топқа бөлу: жұмыс бағыттары
Қатысушылар төрт топқа бөлініп, әр бағыт бойынша мақсатты тапсырмалар орындайды.
I топ: Бала құқығын қорғау (дебат)
СөзсайысМақсаты: мұғалімнің құқықтық негіздерді білуін нығайту, оқушыны қолдайтын заңдық тетіктерді түсіну.
II топ: Мінездеме жазу
Жазу стратегиясыМақсаты: мұғалімнің жазба сауаттылығын арттыру, мінездеме жазу дағдысын жетілдіру.
III топ: Педагогикалық жағдаяттар
ТалдауМақсаты: мектеп тәжірибесінде кездесетін әртүрлі жағдаяттарды шешу шеберлігін дамыту.
IV топ: Сауалнама
БақылауМақсаты: педагогикалық-психологиялық негіздерді меңгеру деңгейін және теориялық білімді тексеру.
Жағдаят (көрініс арқылы): «Айгүлдің жағдайы»
Айгүл үйіне келіп, ата-аналар жиналысы болатынын хабарлайды. Анасы жиналысқа бара алмайтынын айтады, себебі мұғалім жиналыста тек оқу озаттарын мақтап, Айгүлді «нашар оқиды» деп жиі атап өтеді. Айгүл ата-анасы келмесе, мұғалім ұрысатынын ойлап уайымдайды. Анасы: «Онда мектепке бармай-ақ қой», — дейді. Содан кейін бала 2–3 күн сабаққа келмей қалады.
I топтың ұстанымы: баланы жақтау
- Айгүл сыныптастарының алдында ұялады және өзін бағаланбайтын сезінеді.
- Мұғалім тек ескерту жасап, оң қолдау көрсетпегендіктен мотивациясы төмендеген.
- Ата-анасы жиналысқа келмесе, ұрыс естимін деген қорқыныш сабақтан қалуға итермелеген.
- Мұғалім оқушы психологиясын ескеріп, отбасымен тұрақты байланыс орнатуы қажет.
II топтың ұстанымы: жауапкершілікті талап ету
- Айгүл күнделікті сабағына тұрақты дайындалып, ескертулерден қорытынды шығаруы керек.
- Ата-ана баланың оқуына жүйелі түрде көмектесуі тиіс.
- Мектепте мұғалім, үйде ата-ана — бірлескен қолдаушы орта құруы қажет.
Тапсырма
Екі ұстаным бойынша дәлелдер келтіріп, балаға зиян келтірмейтін, бірақ жауапкершілікті де күшейтетін ортақ шешім ұсыныңыз.
II топ: Мінездеме жазу тапсырмасы
Негізгі тапсырма
Сыныптағы үлгерімі төмен оқушыға мінездеме жазыңыз.
Талқылау сұрағы
«Қиын оқушы» моделінің белгілері қандай? Мінездемеде факті мен пікірді қалай ажыратып жазасыз?
III топ: Педагогикалық жағдаяттар
1-жағдаят: тоқсандық бағадағы қате
Тоқсандық баға шығаруда талас бағаны байқамай, оқушыға төмен баға қойдыңыз және оны кейін ұмытып кеттіңіз. Оқушының ата-анасы директорға шағымданып келеді, сізді шақырады.
- Директорға не дейсіз?
- Ата-анаға не дейсіз?
- Өзіңізге өзіңіз не дейсіз?
2-жағдаят: мектеп ережесі және ата-ананың ұстанымы
Талғат үлгерімі төмен, әрі мектеп ережесін жиі бұзады. Сынып жетекшісі үйіне жиі барады. Ата-анасы мектепке сирек келеді және баласын жақтап, кінәні мұғалімдерден көреді. «Баланы тамақтандырып, киіндірсек болды, оқыту мен тәрбиелеу — мектептің ісі» деген ұстанымда. Кейін Талғат сотқа тартылды. Ата-анасы бұл жағдайға мектеп кінәлі деп санайды.
- Балаға адамгершілік тәрбие берудегі отбасының жауапкершілігі неде?
- Мектеп бұл істен сырт қалуы керек пе?
3-жағдаят: сенім мен қоғамдық тапсырма
Он жасар Қуан мектепте «қиын бала» аталған. Наурыз мейрамында сынып жетекшісі оған 1–2 жолдасын ертіп, мектеп ауласына он шақты тал отырғызуды тапсырады. Қуан жолдастарымен тапсырманы тиянақты орындап шығады. Мектептегі сапта оларға алғыс айтылады. Осыдан кейін баланың өмірінде оң өзгерістер басталады.
- Педагогикалық ықпалдың нәтижелі болу себебі неде?
- Қиын бала мен педагог арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек?
4-жағдаят: диагностика нәтижесі және көшбасшылық
Мұғалім жүргізген диагностика нәтижесінде момын, үндемейтін Серік ең беделді оқушылар қатарына шықты. Ал көңілді, жарқын мінезді және үнемі белсенділік танытатын Нұрлан небәрі үш дауыс алды.
- Алынған мәлімет бойынша Нұрлан «белсенділер» құрамына бастапқыда дұрыс тағайындалған ба?
- Мұндай жағдайда мұғалім қандай шешім қабылдауы керек?
IV топ: Сауалнама (теориялық білімді тексеру)
Әр сұраққа дұрыс жауап нұсқасын таңдаңыз.
1) Педагогиканың ғылым ретінде дамуы мынаны анықтайды:
- A) ғылым мен техника прогресін
- B) қоғам өміріндегі тәрбие рөлін көтеруді
- C) ата-ананың балаларының бақыты жөнінде қамқорлығын
- D) тек жалғастырудың биологиялық заңын
2) Жеке тұлғаның дамуына әсер ететін жетекші фактор:
- A) талдап-қорыту, жинақтау
- B) өзін-өзі тәрбиелеу
- C) қоршаған орта, тәрбие, тұқымқуалаушылық
- D) отбасы
- E) жолдастары
3) Бастауыш сынып оқушыларының қарым-қатынасының қалыптасуына көбірек әсер ететін жайлар:
- A) ата-анасының пікірі
- B) жолдастарының пікірі
- C) мұғалімнің пікірі
- D) өз пікірі
- E) туыстарының пікірі
4) Жеке тұлғаның туа біткен қасиеттеріне мыналар жатады:
- A) темперамент
- B) жады
- C) ойлау
- D) қабылдау
- E) ақыл-ой тәрбиесі
5) Оқушының мінез-құлқы мен іс-әрекетін ынталандыру үшін қолданылатын:
- A) марапаттау
- B) сендіру
- C) әдеттендіру
- D) жазалау
- E) әңгімелесу
6) Тұлғаның өз жеке адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған саналы іс-әрекеті:
- A) өзін-өзі дамыту
- B) өзін-өзі тәрбиелеу
- C) өздігінен білім көтеру
- D) өзін-өзі басқару
- E) өзін-өзі жетілдіру
7) Жабыраңқы көңіл күй:
- A) депрессия
- B) импульсивтілік
- C) күлкі
- D) ашу
- E) аффект
8) Педагогика ғылымы үздіксіз байланыста:
- A) өнер тарихымен
- B) математикамен
- C) психологиямен
- D) биологиямен
- E) физикамен
9) Қазақстанның тұңғыш психолог-ғалымы:
- A) Петровский А. В.
- B) Мұқанов М. М.
- C) Жарықбаев Қ. Б.
- D) Шабельников В. С.
- E) Аймауытов Ж.
10) Депрессияға бейімділігімен сипатталатын темперамент типі:
- A) меланхолик
- B) флегматик
- C) сангвиник
- D) холерик
Қорытынды: қиын оқушымен жұмыс істеу алгоритмі
Үлгерімі төмен немесе «қиын» деп саналатын оқушымен жұмыс жүйелі, дәлелді және дамытушы болуы керек. Төмендегі қадамдар мұғалім әрекетін нақтылауға көмектеседі.
- Балаларды қызықтыра білу; жеке және ұжымдық табысты әрекетті ұйымдастыру.
- Оқушылардың танымдық әрекетін ұйымдастырудың түрлі формаларын іздеу және қолдану.
- Рефлексиялық мәдениетті дамыту; жас ерекшелігі, балалар қарым-қатынасы және шығармашылық психологиясын зерттеу.
- Ғаламдық және әлеуметтік үрдістерді тұжырымдай білу, оларды оқу-тәрбие үдерісімен байланыстыру.
- Баланың ішкі дүниесінің кеңдігі мен байлығын көре білу; болып жатқан құбылыстарға қызығушылығын қолдау.
- Ой-өрісін кеңейтуге және жаңаны игеруге ынталандыру.
- Педагогикалық-психологиялық ғылым жетістіктеріне сүйену және тәрбие мақсатына жетуде тиімді пайдалану.
Автор
Карагойшиева Сара Тұяққызы
Қ. Сәтбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі