Өлең Нағыз мұсылман оқу

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пәні
Дінтану негіздері
Сынып
9
Тақырыбы
Ислам дінінің тәрбиелік мәні (слайдтармен)
Көрнекілігі
Оқулық, слайдтар
Сабақтың формасы
Топтық және жұптық жұмыс
Әдіс-тәсілдері
Модульдік оқыту және сыни тұрғыдан ойлау технологиясының элементтері
Сабақ түрі
Факультатив сабақ

Мақсат пен міндеттер

Жалпы мақсат

Тақырыптың мазмұны мен идеясын ашу, оқушылардың түсінігін жүйелеу және тереңдету.

Білімділік

Мұсылман салт-жоралары мен ұстанымдары туралы білімді кеңейтіп, ислам дінінің тәрбиелік құндылығын түсіндіру.

Дамытушылық және тәрбиелік

  • Сын тұрғысынан ойлау, баяндау, іздену және салыстыру дағдыларын дамыту.
  • Халал мен харам ұғымдарын ажырата білуге үйрету және дағдыландыру.
  • Адамгершілікке, адалдыққа және имандылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

  1. 1

    Ұйымдастыру кезеңі

    Сыныпты сабаққа дайындау, жұмыс форматын нақтылау.

  2. 2

    Мақсат қою

    Оқушылармен бірге сабақтың мақсатын айқындау және күтілетін нәтижені белгілеу.

  3. 3

    Жаңа тақырыпты меңгерту

    Тақырыпты жүйелі түсіндіру және оқулық мәтінімен жұмыс арқылы оқушылардың талдау дағдысын дамыту.

    1) Мұғалімнің кіріспе сөзі

    Тақырыптың мәнін ашатын бағыт-бағдар беріледі.

    2) «Алла туралы ән» тыңдау

    Рухани-эстетикалық әсер арқылы ой қозғау.

    3) Оқулық мәтінімен топтық жұмыс (тапсырмалар)

    А тобы

    184–187 бет

    Ислам дініндегі әйел мәселесі: оқу, әңгімелеу, талдау.

    Б тобы

    181–182 бет

    Неке салттары: оқу, әңгімелеу, талдау.

    С тобы

    179–181 бет

    Туған балаға қатысты ислами шаралар: оқу, әңгімелеу, талдау.

    Д тобы

    183–184 бет

    Жаназа рәсімдері: оқу, әңгімелеу, талдау.

    Әр топ өз оқығанын ретімен сыныптастарына түсіндіріп, ортақ қорытынды жасайды.

  4. 4

    Құндылықтармен жұмыс: «Жақсы» және «жаман» қасиеттер

    Оқушыларға екіге бөлінген парақ таратылады: оң жағына өздеріне ұнайтын жақсы қасиеттерді, сол жағына жаман қасиеттерді жазады.

    • Оң жақ бөлігін жыртып алып, күнделіктің бас жағына жапсырады.
    • Сол жақ бөлігін жыртып, мұғалімге тапсырады.
  5. 5

    Өлең: «Нағыз мұсылман»

    Шыр етіп осы өмірге келген едің,

    Көз ашып жарық күнді көрген едің.

    Молдалар азан айтып ат қойғанда,

    Мұсылман қауымына енген едің.

    Мұсылман болдың алғаш шаш алғанда,

    Құран оқып, қырқыңнан шығарғанда.

    Құран-Кәрім — Алланың қорғанышы,

    Қасиетімен емдеді шошынғанда.

    Тұсау кесер тойыңа молда келіп,

    Тұсауыңды кестірді бата беріп.

    Ала жіпті кескенде қадам бастың,

    Жалғыз Алла өмірде болсын серік.

    Сүндет той — есіңді білген кезің,

    Алланың ақ жолына түскен едің.

    Осы кезден сен нағыз мұсылмансың,

    Ұмытпа тән тазалығын сақтағаның.

    Мұсылман болып келген соң осы өмірге,

    Ақ некеңді кім қиды үйленгенде?

    Мұсылманның ақ жолы — Алла жолы,

    Ақ жолмен жүр, сыйынып бір тәңірге.

    Өмірде бар оң ағын, теріс ағын,

    Абзал болар иманыңды сақтағаның.

    Әз-әзілдің соңынан ере көрме,

    Деп жазылған Құранда, мұсылманым.

    Тіл мен дінді қадірле өміріңде,

    Құран-Кәрім орнасын жүрегіңде.

    Арақ пен шарапқа тойып алып,

    Мұсылманның атына кір келтірме.

Қорытынды ой

Ислам діні адамды халал мен харамды ажыратуға, қыз баланы, әйелдерді, ер азаматтарды және үлкендерді құрметтеуге үйретеді. Ол жетім-жесірге жәрдем беруге, ұрлыққа, зорлық-зомбылыққа, адам өміріне қол сұғуға бармауға, жан мен тәнді таза ұстауға тәрбиелейді әрі білім іздеуге шақырады.

VII ғасырдан бері өзектілігін жоғалтпай, бүгінгі күнге дейін маңызын сақтап келе жатуы — осы діннің адамзатқа әкелген игілігінің айқын дәлелі. Мұны мойындайық, замандастар.