Артериялық қан кету
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Сабақтың мақсаты — оқушыларды жүрек-қантамыр жүйесі ауруларымен таныстыру және олардың алдын алу жолдарын түсіндіру.
Білімділік
- Жүрек-қантамыр жүйесі аурулары туралы негізгі ұғымдарды қалыптастыру.
- Зиянды заттардың (темекі, алкоголь және т.б.) жүрек-қантамыр жүйесіне әсері туралы білімді кеңейту.
Дамытушылық
- Қан кетудің түрлерін (артериялық, веналық, капиллярлық) ажырата білу дағдыларын дамыту.
- Алдын алу және алғашқы көмек көрсету икемділіктерін жетілдіру.
- Ақпараттық оқыту құралдарымен жұмыс жасау қабілетін арттыру.
Тәрбиелік
- Салауатты өмір салтына оң көзқарас қалыптастыру және соған ұмтылуға ынталандыру.
- Өз денсаулығына және айналадағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
Сабақтың сипаттамасы
Әдіс-тәсілдері
Түсіндірмелі-зертханалық.
Сабақтың түрі мен типі
Дәстүрлі сабақ, қорытындылау сабағы.
Көрнекіліктер мен құрал-жабдықтар
- Интерактивті тақта
- Компьютер
- Жгут
- Дәке
- Мақта
- Йод
- Бұрау таяқша
- Таңғыш
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру және рефлексия
Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгінгі сабаққа кіріспес бұрын, алдыңғы тақырыптарды қысқаша қайталаймыз. Сабақ барысында 3 топ өз білімін сайыс түрінде көрсетеді:
-
I топ
Артерия тобы
-
II топ
Вена тобы
-
III топ
Капилляр тобы
II. Үй тапсырмасын тексеру
Оқушылардың тақырыпты түсіну деңгейі жекелеген сұрақтар арқылы анықталады.
III. Қайталау және білімді бақылау (сайыс бөлімдері)
1) «Танысу» кабинеті
Әр топ қарсылас топтан бір оқушыны жеке шақырады. Ойынның атауы — «Сен бізді білесің бе?». Шақырылған ойыншы сол топтың атауына қысқаша анықтама береді.
2) «Нақты сандар» кабинеті
Тақырыпқа қатысты маңызды сандық көрсеткіштермен жұмыс:
- 5 л
- 75–80 рет
- 120
- 80
- 60–70
- 250–300
IV. Жаңа сабақ (теориялық бөлім)
Тақырып
Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары және олардың алдын алу
Жүрек-қантамыр жүйесіндегі ең басты мүше — жүрек. Осы ойды тереңдету үшін Мұқағали Мақатаевтың «Жүрек арызы» өлеңінен үзінді тыңдалады.
Оу, ием менің,
Өзіңнен бұрын жаралғам.
Алдымен менмін,
Сонан соң — сенсің жаралған.
Басың мен миың, ақылың, есің, қимылың,
Аяқ пен қолың — барлығы менен нәр алған.
...
Ал, енді маған демалыс берші — шаршадым.
Қақың жоқ сенің дем алуға да, соқпауға,
Қақың жоқ сенің қалдырып мені тоқтауға!
Жүрек-қантамыр жүйесінің негізгі аурулары
-
Гипертония
Қан қысымының үнемі немесе жиі көтерілуі.
-
Жүрек инфаркты
Жүрек бұлшықетінің жансызданған аймақтарына байланысты жүрек қызметінің бұзылуы.
-
Атеросклероз
Артерия саңылауының тарылуы мен қызметінің бұзылуынан болатын созылмалы ауру.
-
Жүрек ақаулығы
Жүрек пен одан шығатын тамырлардың құрылымдық ақаулары салдарынан жүрек қызметінің бұзылуы.
Себептері (талқылау)
Жүрек-қантамыр ауруларының себептері бойынша сыныппен талқылау жүргізіледі (өмір салты, зиянды әдеттер, тамақтану, қозғалыс белсенділігі, күйзеліс және т.б.).
Назар аудару
Зиянды заттар жүрекке түсетін жүктемені арттырып, қан тамырларының серпімділігін төмендетуі мүмкін.
V. Практикалық бөлім (зертханалық жұмыс)
«Жедел жәрдем №10» — зертханалық жұмыс
Тақырыбы: Қан кеткенде алғашқы көмек көрсету
Мақсаты:
- Жгут салу тәсілін үйрету.
- Артериялық, веналық және капиллярлық қан кету кезінде қан тоқтату әрекеттерін түсіндіру.
Көрсетілім
Оқушыларға қан кету кезіндегі алғашқы медициналық көмек туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіледі.
Қауіпсіздік ережесі
Барлық тәжірибелік әрекеттер мұғалімнің бақылауымен және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып орындалады.
Зертханалық жұмысты қорытындылау (жазбаша)
Жгут салу ретін сипаттап жазыңдар:
- Алдымен қан кету түрін анықтау керек, себебі әр түріне сәйкес көмек көрсету әдісі әртүрлі.
- Жгутты зақымданған жерден жоғары жағына (қажет болған жағдайда) дұрыс орналастыру тәртібін көрсетіңдер.
- Жгутты шамамен қанша уақыт ұстауға болатынын және не үшін уақытты белгілеу қажет екенін түсіндіріңдер.
Жарақаттану түрлері
- Капиллярлық қан кету
- Веналық қан кету
- Артериялық қан кету
- Ірі артериялардан қан кету
Алғашқы көмек (нұсқалар)
- A. Қолды шынтақ буынынан бүгіп, таңып тастау.
- B. Жарақат айналасын йодпен өңдеп, қатты қысып таңу.
- C. Артерия лүпілі байқалған жерден қысып, сүйекке басып, таңу.
Берілген мәліметтер бойынша кестені толтырыңдар.
VI. Бекіту (бағдаршам әдісі)
Тапсырмалар үш деңгейде орындалады: қызыл, сары, жасыл. Ұран: «Ауырып ем іздегенше...»
Қызыл — есеп
Адамның жүрегі минутына 60–70 рет жиырылады. Осы уақытта жүрек өзінен 4 литрден астам қанды айдайды. Жүрек арқылы тәулігіне қанша литр қан өтетінін есептеп шығарыңдар.
Сары — шығармашылық
«Темекі шегуге қарсымыз!» тақырыбында жарнама тақтасын әзірлеңдер.
Жасыл — үндеу
Жолдастарыңды салауатты өмір салтына шақыр. Буриме бойынша өлең жолдарын толықтыр:
......................... жатпаңдар
......................... тастаңдар
......................... жадырап
......................... бастаңдар
Сергіту сәті (шарт)
- Артериялық қан кету болса — сол қолды көтеру.
- Веналық қан кету болса — оң қолды көтеру.
- Капиллярлық қан кету болса — денені бұру.
VII. Пайдалы кеңестер
Жүрек-қантамыр жүйесіне пайдалы тағамдардың қатарында алма, апельсин, лимон сияқты жемістер бар. Мысалы, алма гемоглобин құрамындағы темірдің артуына ықпал етеді. Апельсин шырыны қан тамырларының жұмысын жақсартуға көмектеседі, ал цитрусты жемістердің барлығы қан тамырлары қабырғасын нығайтып, серпімділігін арттыруға әсер етеді.
Жемістерден қуат алып, жүзіміз жадырай берсін!
VIII. Бағалау
Бүгінгі сабаққа белсенді қатысқан оқушылар «пайдалы витаминдермен» бағаланады:
-
5
Апельсин — тәтті
-
4
Алма — қышқыл
-
3
Лимон — ащы
IX. Үй тапсырмасы
§36. «Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары және олардың алдын алу»
X. Қорытынды
«Жүректерден жүректерге» — сабақ соңында әр оқушы жүрекшеге бір-біріне ақ тілегін жазып қалдырады. Деніміз сау, жүрек соғысымыз қалыпты болсын!
Сау болыңыздар!