Болымсыз етістіктің жұрнақтарын ата

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырыбы

Болымды және болымсыз етістік (3-сынып)

Түрі

Жаңа білімді меңгерту сабағы

Әдісі

Түсіндіру, топпен жұмыс

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды болымды және болымсыз етістіктермен таныстыру.
  • Танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, өз бетімен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру, ой қорыту қабілетін арттыру.
  • Сауатты жазуға дағдыландыру, өзіне деген сенімділікті нығайту; тиянақты ойлауға, ізденімпаздыққа тәрбиелеу.

І. Ұйымдастыру кезеңі

Хош келдіңдер, балалар!
Оқуға құмар даралар!
Сабағымызды бастайық,
Маған назар салыңдар!

ІІ. Психологиялық дайындық

Шынайы сыпайылық — адамдарға тілектестікпен қараудан басталады. Бір-біріміздің қолымыздан ұстап, алақан жылуы арқылы жылы лебіздер тілейік:

  1. Елімізге тыныштық тілеймін.
  2. Күніміз жарық болсын!
  3. Деніміз сау болсын!
  4. Елбасымыз аман болсын!
  5. Нанымыз көп болсын!
  6. Аспанымыз ашық болсын!
  7. Көк туымыз биік болсын!
  8. Аналарымыз аман болсын!
  9. Еліміздің тірегі — әкелеріміз аман болсын!
  10. Балалар бақытты болсын!

Осындай жақсы көңіл күймен сабағымызды жалғастырайық.

ІІІ. Үй тапсырмасын тексеру және бағалау

Үй тапсырмасы: 44-бет, 3-жаттығу.

1-топ

Берілген сөздерге -ла/-ле, -да/-де, -та/-те жұрнақтарының тиістісін жалғап, туынды етістік жаса.

2-топ

Түбір сөздердің қай сөз табына жататынын анықта.

3-топ

Өзің қалаған 2–3 туынды етістікті қатыстырып сөйлем құрастыр да, жаз.

Бағалау

Әр кезеңде оқушылар түрлі-түсті дөңгелекшелерді таңдап, өзін-өзі бағалайды:

  • Көк — 5
  • Жасыл — 4
  • Сары — 3

IV. Өткенді пысықтау (ой қозғау)

Негізгі түсініктер

  • Заттың қимылын, іс-әрекетін білдіретін сөз табы — етістік.
  • Етістіктің сұрақтары: Не істеді? Не қылды? Қайтті?
  • Туынды етістік жұрнақ жалғану арқылы жасалады.
  • Түбір сөзден жасалған етістік — негізгі етістік.

Жіктелуі

Тұлғасына қарай: негізгі етістік, туынды етістік.

Құрамына қарай: дара етістік, күрделі етістік.

V. Жаңа сабақ: болымды және болымсыз етістік

Қытайдың бір нақыл сөзінде: «Маған айтсаң — ұмытып қаламын; маған көрсетсең — есімде қалады; өзіме істетсең — сонда түсінемін» делінген. Бүгінгі тақырыпты ребус шешу арқылы ашамыз.

Ребусқа арналған сөздер

Бас, қол, ы, мақта, ыдыс; бор, балық, мата, мысық, қаз, етік, сүт, тіс, күн.

Дәптермен жұмыс арқылы түсіндіру

Оқушылар күннің жадын және тақырыпты жазады.

Мұғалім: «Тақырыпты дәптерлеріңе жазыңдар!»
Оқушылар: «Жаздық.»

Мұғалім: «Енді жазбаңдар!»
Оқушылар: «Жазбадық.»

Жазыңдар — жазбаңдар

Бірінші сөз қимылдың барын, екіншісі қимылдың жоқтығын білдіреді. Айырмашылық — -ба қосымшасы.

Ереже (кесте мазмұны)

Болымды етістік

Іс-әрекеттің жүзеге асуын білдіреді.

Болымсыз етістік

Іс-әрекеттің болмауын, жүзеге аспауын білдіреді.

Болымсыз етістік болымды етістікке -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтарын жалғау арқылы жасалады. Кейде емес, жоқ сөздері болымды етістікпен тіркесіп келіп жасайды.

Мысалдар

айт → айтпа

жаз → жазба

кет → кетпе

сөйле → сөйлеме

VI. Оқулықпен жұмыс: жаттығулар

1-жаттығу (І-топ)

  • Берілген етістіктерге -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтарын жалғап жазу.
  • Мағынаның қалай өзгергенін айту.
  • Бірнеше сөйлем құрастырып жазу.

Үлгі

жазба, санама, келме, тұрма, шақырма, киме, қайтпа, төкпе, қазба, безбе

Қорытынды: болымды етістіктер болымсыз етістікке айналып, іс-әрекеттің болмауын білдірді.

Аслан, дәптеріңе артық ештеңе жазба.

Адамдарды саусағыңды шошайтып санама.

Сергіту сәті

«Кім сауатты? Кім шапшаң? Кім көркем жазады?» — жаңылтпаштар айтқызу.

2-жаттығу (ІІ-топ)

  • Сөйлемдерді оқып, ішінен тыйым сөздерді көшіріп жазу.
  • Тыйым сөздердің маңызы мен тәрбиелік мәнін талқылау.
  • Етістіктерді сөз құрамына талдау және байланысын сызба арқылы көрсету.

Тыйым сөздер

  • Аққуды атуға болмайды.
  • Құмырсқаның илеуін, қарлығаштың ұясын бұзба.
  • Малды аяғыңмен теппе.
  • Нанды бір қолмен үзіп жеме.
  • Сүт тағамдарын жерге төкпе.

Сөз құрамына талдау (үлгі)

ат-у-ға бол-ма-й-ды; бұз-ба; теп-пе; үз-іп же-ме; төк-пе

Сергіту сәті

Тік тұрам да қос қолмен

Таянамын бүйірді.

Топылдатып аяқты,

Шапалақтап қолымды.

Басымды мен шұлғимын,

Құс қанатша қолымды

Екі жаққа жаямын.

Бір отырып, бір тұрып,

Орнымды мен табамын.

3-жаттығу (ІІІ-топ)

  • Өлеңді мәнерлеп оқу.
  • Болымды етістіктерді тауып жазу.
  • Болымсыз етістіктерді бөлек жазу және қалай жасалғанын түсіндіру.

Үлгі талдау

Болымды етістіктер (үлгі)

оқып, жиып ал, тепкілесең

Болымсыз етістіктер (үлгі)

жет-пе-й-ді, кет-пе-й-ді, күй-ме-й-ді, ти-ме-й-ді, сүй-ме-й-ді

Қорытынды: болымсыз етістіктер жұрнақтар арқылы жасалған.

Сергіту сәті

«Кім сауатты? Кім шапшаң? Кім көркем жазады?» — мақал-мәтелдер айтқызу.

4-жаттығу (барлық сынып)

  • Берілген болымды етістіктерді болымсыз етістіктерге айналдырып жазу.
  • Осы сөздерді қатыстырып мәтін құрастыру және мәтінге ат қою.

Берілген сөздер (болымсыз түрге айналдыру)

қозғалақтама, жалтақтама, жүгірме, көшірме, сығалама, мазалама, сыбырлама

Мәтін үлгісі: «Әженің ақылы»

Асқарды әжесі күнде мектепке шығарып салады. Үйден шығар алдында әжесінің айтатын ақылы: «Асқаржан, партада отырғанда қозғалақтама, жан-жағыңа жалтақтама, дәлізде жүгірме, өз біліміңе сен, көршіңнен көшірме, ешкімді мазалама, өзгенің дәптеріне үңіліп сығалама, сабақ үстінде тыныш отыр, сыбырлама», — дейді.

Мәтін үлгісі: «Ұйымшыл сынып»

Біздің сынып өте ұйымшыл. Дөрекі қылықтарға әуес емеспіз. Екінші сыныпта бізге Еркін деген оқушы келді. Ол ұшқалақ еді, сабағы да нашар болатын. Мұғалім күнде: «Қозғалақтама, жалтақтама, дәлізде жүгірме, көршіңнен көшірме, үзілісте өзге сыныптың есігінен сығалама, сабақ үстінде сыныпты мазалама, сыбырламай тыныш отыр», — деп ескертіп отыратын. Біз сынып болып жиналыс жасап, Еркінді дұрыс жолға салуды жөн көрдік.

Мәтін үлгісі: «Тәжірибелі бапкер»

Бекежанның әкесі өте тәжірибелі бапкер еді. Бір күні жылқы шаруашылығына бардым. Мақсатым — атқа мініп үйрену. Атқа отырмас бұрын Бекежан аға бірнеше ережені еске салды: «Ат үстінде қозғалақтама, жан-жағыңа жалтақтама, қорқып сығалама, мазаланба, бөгденің әдісін қайталап көшірме, асықпа, бірден жүгірме», — деді. Атпен шабуды мен осылай үйрендім.

VII. Сабақты қорыту: сәйкестендіру тест

Тест сұрақтары

  1. Туынды етістікті табыңыз:
    A) Аз B) Жүр C) Көмектес D) Бар
  2. «Не істеді? Не қылды? Қайтті?» сұрақтарына жауап беретін сөз табы:
    A) Зат есім B) Етістік C) Одағай D) Үстеу
  3. Болымды етістік нені білдіреді?
    A) Іс-әрекеттің жүзеге асуын білдіреді B) Заттың атын білдіреді C) Заттың түрін білдіреді D) Заттың санын білдіреді
  4. Сөйлемнен болымсыз етістікті табыңыз: «Ол жұмысын адал басқармады.»
    A) Ол B) Жұмысын C) Адал D) Басқармады

Тест сұрақтары (жалғасы)

  1. Күрделі етістікті табыңыз:
    A) Алып берді B) Кел C) Айтты D) Жайды
  2. Дара етістік бар сөйлемді көрсетіңіз:
    A) Біз тыңдап отырмыз B) Олар келе жатыр C) Ол оқып отыр D) Мен мектептен келдім
  3. Күрделі етістік бар сөйлемді көрсетіңіз:
    A) Арман сабақ оқып отыр B) Балалар мектепте отыр C) Сен кешке кел D) Ол келмеді
  4. Болымсыз етістік нені білдіреді?
    A) Іс-әрекеттің жүзеге асуын білдіреді D) Іс-әрекеттің болмауын, жүзеге аспауын білдіреді

VIII. Сабақты бекіту: «Зымыран сұрақтар»

Әр топ бір-біріне өткен тақырыптар бойынша қысқа, жылдам сұрақтар қояды.

1-сұрақ

Қазақ тілінде неше сөз табы бар? — 9.

2-сұрақ

Етістік дегеніміз не? — Заттың қимылын, іс-әрекетін білдіретін сөздер.

3-сұрақ

Етістіктің сұрақтары қандай? — Не істеді? Не қылды? Қайтті?

4-сұрақ

Болымды етістік дегеніміз не? — Іс-әрекеттің жүзеге асуын білдіреді.

5-сұрақ

Болымсыз етістік қалай жасалады?-ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтары арқылы.

6-сұрақ

Болымсыздық тағы қандай сөздер арқылы жасалады? — емес, жоқ.

IX. Үй тапсырмасы

Үйге: 4-бет, 5-жаттығу.
Жұмбақтарды көшіріп жаз. Етістіктерді тауып, олардың түрін ажырат.