Екі топқа ортақ тапсырма берілді мәтіннен бірыңғай сөйлем мүшелері бар сөйлемдерге толық синтаксистік талдау жасау

Рефлексия Орыс тілі Диалогтік оқыту Топтық жұмыс

Қ. Жұбанов айтқандай: «Егер мұғалім пәнді жақсы білсе, онда дұрыс әдісті де табады». Осы ойды негізге ала отырып, түрлі әдіс-тәсілдерді саралап, ең тиімдісін өзімнің ой еңбегіммен ұштастырып, сабақ жоспарын құруды мақсат еттім. 8 «Ә» сыныбында жоспар бойынша «Однородные члены предложения» тақырыбына сабағымды өткіздім.

Мақсат

  • Сөйлемнің бірыңғай мүшелері туралы білімді толықтыру, жаңа тақырыпқа сай мысалдарды оқушыларға өздеріне айтқыза алу.
  • Ақпаратты өз бетінше меңгеруге үйрету; топта бірлесе жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
  • Сыни ойлау, мәселені шешу, зерттеушілік әңгімеге қатысу және пікірді көркем жеткізу.
  • АКТ арқылы ақпаратты іріктей алу және бағалауды үйрену.

Күтілетін нәтиже

  • Сыныптастарымен пікірлесіп, ортақ шешімге келуге дағдыланады.
  • Өз ойын еркін әрі сындарлы жеткізуге ынталанады.
  • Ойлаудың жоғары деңгейіне ұмтылады; өзін-өзі реттеуге үйренеді.
  • Өз жұмысын сыныптастарының жұмысымен салыстырып, қорытынды жасай алады.

Сабақтың басталуы: психологиялық ахуал

«Сәлем — сөздің басы» демекші, сабақты амандасудан бастадым. Сыныпты «тұрлаулы мүше» және «тұрлаусыз мүше» атаулары арқылы екі топқа бөліп, топпен жұмыс жасау ережелерін еске түсірдік.

«Ауа райы қандай?» сұрағы арқылы диалог бастау

Гүлжайна: «Бүгін күзгі күн».

Ғалымжан: «Бүгін күн ашық».

Саягүл: «Бүгін шуақты күн».

«Осындай шуақты күнде бізге қонаққа бір емес, үш күн келіпті» деп, тақтадан үш түрлі бейнедегі күн суреттерін көрсеттім. Әр оқушы өзіне ұнаған бейнені таңдап, таңдауының себебін айтты: І топтан Нұрқанат бірінші күнді таңдап, «шуақты нұрын мол шашып тұр» деді; ІІ топтан Ғалымжан үшінші күнді таңдап, «өте көңілді, мен де бүгін сондай көңілдімін» деп пікірін білдірді.

Оқушылардың жақсы көңіл күйі сабақ соңына дейін сақталып қана қоймай, одан әрі жақсара түсуін тіледім. Осылайша сыныпта жағымды психологиялық ахуал қалыптастырдым.

Сұрақ қою: теориялық білімді тексеру және кері байланыс

Нұсқаулықта (41-бет) сұрақ дұрыс қойылған жағдайда ғана сабақ берудің тиімді құралына айналып, оқушылардың білім алуын қолдап, оны жақсарта және кеңейте алатыны айтылады. Диалогтік оқытуды дамытуда сұрақ қоюдың маңызын ескере отырып, оқушылардың теориялық білімін тексеру үшін төмен деңгейдегі сұрақтар қойдым:

  • Сөйлемнің негізі неден тұрады?
  • Бастауыш дегеніміз не?
  • Баяндауыш қалай сызылады?
  • Қандай сұрақтарға жауап береді?
  • Тұрлаулы мүшелерді білеміз бе?

Абылай: «Сөйлем негізі бастауыш пен баяндауыштан тұрады».

Гүлжайна: «Бастауыш — сөйлемнің тұрлаулы мүшесі, кім? не? сұрақтарына жауап береді».

Сұрақтар төмен деңгейде болғандықтан, оқушылар оңай жауап берді. Сұрақ-жауап барысында тұрақты кері байланыс орнады.

Жаңа тақырыпқа шығу: сөйлем құрау және бірыңғай мүшені табу

Оқушыларға бүгінгі ауа райына байланысты сөйлем құрауды ұсындым. Құрастырған сөйлемдерінен бірыңғай сөйлем мүшелерін тауып, жаңа сабақтың тақырыбын өздері анықтауға ұмтылды. Одан кейін жай сөйлем құратып, сол жай сөйлемдерден құрмалас сөйлем құрату арқылы бірыңғай мүшелерді табуға жетеледім. Осы сәтте сабақтың тақырыбы нақты айқындалды.

ББҮ (KWL) кестесі

Оқушылар «бірыңғай мүшелер туралы не білемін, нені білгім келеді» бөліктерін толтырды. Кейін кітаптағы теориялық ақпаратты топта оқып, талдап, бірыңғай мүшелердің негізгі белгілерін атап өтті.

Зерттеушілік әңгіме: ұжымдық түсіну мен дәлелдеу

Мерсердің пайымдауынша, ұжымдық түсіну мен білімге қол жеткізуде табысты талқылаулардың негізінде әңгімелесудің зерттеушілік түрі басым болады. Барнс (1976) пен Мерсер (2000) де мұғалім оқушыларды әңгімеге тартқанда, дәл осы әңгімені дамыту қажет екенін көрсетеді.

Мәтінмен жұмыс: «Книга представилась мне сокровищем»

Бұл тәсіл тізбектелген сабақтар топтамасының бірінші сабағында, лексикалық тақырып ретінде «Книга представилась мне сокровищем» мәтінімен жұмыс жасау барысында айқын байқалды. Оқушылардан қандай көркем әдебиет оқығандарын және сүйікті кейіпкерлері туралы сұрадым.

Нұрқанат: Сәбит Мұқановтың «Саятшы Ораз» әңгімесі аңшылық өнеріне қызығушылығын оятқанын айтты.

Топтық талқылау: В. Песковтың балалық шағы және Сетон-Томпсонның «Животные-герои» кітабының жазушы өміріне ықпалы талданды.

Нұрайым ғаламтордан Сетон-Томпсонның канадалық жазушы екенін, шығармаларының көбі жануарлар әлемі туралы екенін тауып, ортаға салды.

Зерттеу барысында оқушылар шағын топтарда жұмыс істеп, ортақ проблеманы айқындады, бірлескен түсінік қалыптастырды және бірге ойланды. Талқылауда «мүмкін», «егер», «бәлкім» сияқты болжам сөздері жиі қолданылды. Мысалы, Саягүл: «Егер автор (Песков) бала кезінде Сетон-Томпсонның шығармасын оқымағанда, жазушы болуы мүмкін бе еді?» деп болжам жасағанда, сыныптастары тарапынан қолдау тапты.

Әр оқушының идеясы құнды деп қабылданып, мұқият бағалау жүргізілді. Оқушылар топтар арасында бір-біріне сұрақ қойып, айтқанын дәлелдеуге тырысты және ортақ келісімге келуді мақсат етті. Топ жұмысы «Екі жұлдыз, бір тілек» арқылы бағаланды.

Сергіту және жұптық сөйлесу: қысқаша таныстыру

Оқушылардың бір-бірімен тығыз байланыста болып, жұппен әңгімелесуін қамтамасыз ету әрі сергіту мақсатында 4–5 минут ішінде бірін-бірі қысқаша таныстыруды ұсындым. Әр оқушы көршісін өзінше сипаттап берді.

Жұптық мысал

Мақпал: «Моего соседа зовут Жайдарман. Он хорошо играет на домбре».

Жайдарман: «Макпал по гороскопу — весы».

Бұл тапсырмада оқушылардың қарапайым сөйлеу дағдылары қалыптасып, бір-бірін қаншалықты жақсы танитынын байқадым. Ортақ ынталандыру ретінде «үш шапалақ» берілді.

Неге бұл жұмыс маңызды болды?

  • Сынып ішінде қауіпсіз орта қалыптастыруға көмектесті.
  • Диалогті табиғи түрде жандандырып, тілдік белсенділікті арттырды.
  • Кейінгі топтық тапсырмаларға өтуді жеңілдетті.

Негізгі тапсырмалар және бағалау

Екі топқа ортақ тапсырма

Мәтіннен бірыңғай сөйлем мүшелері бар сөйлемдерді тауып, оларға толық синтаксистік талдау жасау.

І топ (9-жаттығу)

Сөйлемдердегі бірыңғай мүшелердің қай сөз табынан жасалғанын анықтайды. Оқушылар жұмысы жетон арқылы бағаланды.

ІІ топ (11-жаттығу)

Тыныс белгілерін қойып, бірыңғай мүшелерді тиісті шылаулармен байланыстырып жазады.

Синквейн арқылы қорытынды

«Книга представилась мне сокровищем» әңгімесін Синквейн әдісімен түйіндедік:

Книга Интересная, занимательная Учит, рассказывает, помогает Читая книгу, я испытывал странное чувство Открытие

Үй тапсырмасы

13-жаттығу: бірыңғай мүшелердің арасына үтірдің қойылу/қойылмау себептерін түсіну және негіздеу.

Сабақ соңындағы рефлексия

ББҮ кестесін қорытындылау

Оқушылар бүгінгі сабақта не үйренгенін және келесі сабақта нені білгісі келетінін ажыратып жазды.

«Қол» әдісі арқылы кері байланыс

Оқушылар параққа алақанын сызып, әр саусаққа бір ұстаным бойынша пікір жазды:

Бас бармақ

Маңызды болғаны

Балаң үйрек

Қызықты болғаны

Ортаңғы терек

Қиын болғаны

Кішкене бөбек

Жаңа ақпарат

Шылдыр шүмек

Ненің жетіспегені

Оқушылар үтір қоюда қиындық болғанын, топтық талқылаудың қызық өткенін, уақыттың жетіспей қалғанын атап өтті. Сонымен қатар жаңа тақырыпты меңгерудің маңызды болғанын және бірыңғай мүше туралы толық мәлімет алғанын жазды.

Қорытынды: мақсатқа бірлесе жету

  • Оқушылар топтық және жұптық жұмыста белсенділік танытып, бір-біріне қолдау көрсетті.
  • Идеялар екіжақты бағытта дамып, әңгімелесу мен сұрақ-жауап арқылы бірін-бірі жетілдірді.
  • Ой елегінен өткізу арқылы ойды жинақтауға мүмкіндік туды.

Мерсер (2005) құрдастар тобындағы өзара қарым-қатынас оқуда маңызды рөл атқаратынын көрсеткен. Осы сабақ барысында оқушылар бір-бірімен еркін қарым-қатынаста болып, пікір алмасты, ал білімді бірлесе алуда тең құқылы серіктес бола алатыны олардың өз ойларын ашық айтуынан байқалды. Нәтижесінде балалармен бірлесе отырып, алға қойған мақсатқа жеттік.

Пайдаланылған әдебиеттер

  • Мұғалімге арналған нұсқаулық.
  • «Тіл және әдебиет» әдістемелік журналы.
  • «Русский язык и литература в казахстанской школе».

Орыс тілі пәнінен рефлексивті есеп.
Сисенова Клара, Қарауылкелді орта мектебі.