Оқушылар толғауы

Іс-шараның мақсаты мен міндеттері

Білімділік

Ауған оқиғасының тарихи маңызын ашып, оқушыларға түсіндіру. «Ауған соғысы» туралы тереңірек танып-білу, соғыс ардагерлерінен нақты мәліметтер алу.

Дамытушылық

Тарихи деректердің ең маңызды тұстарын ажырата білуге, материалды диалектикалық тұрғыдан талдап, қорытынды жасай білуге дағдыландыру.

Тәрбиелік

Тәуелсіздік жолында күрескен аға-апаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, Отанды сүюге тәрбиелеу.

Әдісі

Кездесу кеші.

Көрнекілігі

  • Тақырыпқа сай слайдтар
  • Интерактивті тақта

Кештің бағдарламасы

  1. 1
    Ауғанстан соғысының тарихы туралы баяндама
  2. 2
    «Майданда туған жыр» (өлеңдер)
  3. 3
    Ардагермен сұхбат
  4. 4
    Оқушылар толғауы
  5. 5
    Қорытынды

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Сол Ауғанда талай досты жерледік,
Қарлы шыңға күн-түн демей өрледік.
Сұрапылда ерледік те шерледік,
Намыс туын қолдан бірақ бермедік.

Армысыздар, қымбатты ұстаздар, оқушылар және бүгінгі кездесуіміздің аса құрметті қонақтары!

1989 жылы 15 ақпанда талай ананы перзенттен айырған, мыңдаған жерлес бауырымыздың өмірін қиған қасіретті Ауған соғысы аяқталды. Жылдар өтсе де, жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел жадында сақталуда.

«Ауған соғысы қажет пе еді?» деген сауал жиі қойылады. Ал біз, жастар, сол соғысқа қатысқан азаматтарды Отан алдындағы борышын адал атқарған ерлер ретінде құрметтейміз.

Сазтерек ауылдық округі Жастар орталығының ұйымдастырушысы Қалқашев Мейрамбектің соғыс тарихы туралы баяндамасын тыңдайық.

2-жүргізуші

Соғыс — жан алып, жан беру. Соғыс — халық басына түскен қасірет, жұт.

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай «Қажетсіз соғыстың қасіреті» тақырыбындағы кешімізді ашық деп жариялаймыз.

Әнұран.

Еске алайық, құрметтейік құрбандардың рухын,
Қабірлері нұрға орансын, суық көрде жылынсын.
Есіл ерлер ескерткішке айналсаң да біз үшін,
Мәңгі бақи тірісіңдер, тірісіңдер, тірісіңдер!

Ауған соғысында қаза тапқан батыр ағаларымызды орнымыздан тұрып, 1 минут үнсіздікпен еске алуды сұраймыз. Рахмет, отырыңыздар.

«Майданда туған жыр»: өлең үзінділері

Жүргізушілер

Ардагерлер — айтса ертек көгендері,
Табандары таймаған өрден кері.
Сыңғырлап сыр шертеді жиындарда,
Кеуде толы жарқырап ордендері.

Сыныбымыздың оқушылары соғыс кезінде жазылған өлең-жырлардан үзінді оқиды.

1-оқушы

Бұлт түнеріп аспаннан,
Талай көзден жас тамған.
Тұтқиылдап жау тиіп,
Бейбіт күнде басталған.

Отаным, еркелеймін енді кімге?
Өзіңмен нені болсам, көрем бірге.
Қалайша қабырғама батпас менің,
Басыңа қатер бұлты төнген кезде.

2-оқушы

Алысып қас дұшпанмен қасарысқан,
Адалдықпен от кешті жас арыстан.
Лайық бүгін, жылдар жылжып өткенімен,
Жауынгерлер бар құрметке, алғысқа.