Көпжасушалы жануарлардың қозғалуы
Күнделікті жоспар • Биология, 6-сынып
Сабақ: 42
Тақырып: §44. Көпжасушалы жануарлардың қозғалуы. Тірек-қимыл жүйесінің құрылысы
Сабақтың мақсаты
Омыртқасыз жануарлардың қозғалу жүйесінің ерекшеліктерін және тірек-қимыл жүйесінің құрылысын түсіндіру; оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу; өз бетімен іздену дағдыларын қалыптастыру.
Сабақтың әдісі
Түсіндірмелі
Сабақтың типі
Құрастырылған
Сабақ кезеңдері
- Ұйымдастыру кезеңі
- Үй тапсырмасын тексеру
-
Жаңа материалды түсіндіру
- Қозғалу және оның маңызы
- Омыртқасыз жануарлардың қозғалуы
Үй тапсырмасын тексеруге арналған сұрақтар
Қосмекенділер мен жорғалаушылар солтүстік аймақтарда өте сирек таралған. Мұның себебі неде? Бұған қанның қандай қатысы бар?
Құстар мен сүтқоректілер жүрегінің құрылысы жорғалаушылар жүрегінің құрылысынан қандай артықшылықтарымен ерекшеленеді?
Олардың дене температурасының тұрақты болып, орта жағдайларына тәуелді еместігін қалай түсіндіруге болады?
Жаңа материал
1) Қозғалу және оның маңызы
Ағза тіршілігін үздіксіз қозғалыс арқылы жүзеге асырады. Қимыл-қозғалыстың түрі көп: жануар тіпті ұйқыда жатқанның өзінде де денесінде әртүрлі қимылдар байқалады. Бұған тыныс алу, қанайналым, астың қорытылуы сияқты ішкі қозғалыстар жатады.
Қорғану
Қозғалыс жануарды қауіпті жағдайдан сақтайды (мысалы, амебаның тұзы ери бастаған тамшыдан тұзы жоқ тамшыға өтуі).
Қажетті жағдайды табу
Қозғалыс арқылы ағза тіршілікке қолайлы орта мен қорек көзін іздеп табады (кірпікшелі кебісшенің бактериялар көп жиналған жерге жүзіп баруы).
Күнделікті мысалдар
Ұшқан құс, аулада секеңдеп дән терген торғай, соқпақ салып жүретін құмырсқа — қозғалыстың сан алуан көрінісі.
Қорытынды: қозғалыс — жануарлардың тіршілігін қамтамасыз ететін аса маңызды әрекет.
2) Омыртқасыз жануарлардың қозғалуы
Гидраның қозғалысы
Гидра бір затқа табанымен бекінеді. Оның қозғалуында сыртқы қабат — эктодермадағы жабын-бұлшықет жасушалары маңызды рөл атқарады. Әр жасушаның түбінде жиырылғыш бұлшықет талшығы болады.
Барлық талшықтар қысқарғанда гидраның денесі жиырылады. Егер дененің бір жағындағы талшықтар жиырылса, гидра сол бағытқа қарай иіліп, қармалауыштарымен төсемікке (субстратқа) бекінеді. Содан кейін ғана табанын босатып, денесін алға тартады.
Табанымен қайта бекінген соң денесі бас жағынан бастап созылады. Осылайша гидра адымдап қозғалады. Кейде табаны мен қармалауыштарын алма-кезек тірек етіп, төңкеріле де қозғалады.
Шұбалшаңның қозғалысы
Шұбалшаңның денесі ұзарып жіңішкере де, қысқарып жуандай да алады. Жұқа мөлдір терісінің астында сақиналы бұлшықеттер, ал ішкі жағында денені бойлай орналасқан ұзын салалы бұлшықеттер болады.
Әр буылтықтың құрсақ жағында төрт жұп қысқа қылтанақтар орналасады. Сақиналы бұлшықеттер жиырылғанда дене жіңішкеріп, артқы бөліктің қылтанақтары жерге тіреледі де, алдыңғы бөлік алға жылжып ұзарады.
Кейін ұзын салалы бұлшықеттер жиырылып, алдыңғы бөліктің қылтанақтары тірек болады да, артқы бөлік алға тартылып, дене қысқарады. Осы алма-кезек жиырылу қозғалысты қамтамасыз етеді.
Экологиялық маңызы
Шұбалшаңдар топырақты бас бөлігімен қазып, тығыз топырақты аузымен асап, ішегінен өткізіп, аналь тесігі арқылы шығарады. Соның нәтижесінде топырақ борпылдап, майда түйіршікке айналады; ауа мен суды жақсы сіңіреді, құрылымы жақсарады, өсімдіктер жақсы өседі.
Ұлулардың баяу жылжуы
Жүзім ұлуы, бөгет ұлуы, айқұлақ сияқты былқылдақденелілер жұмсақ денесімен және «аяқ» деп аталатын құрсақ бөлігінің толқын тәрізді жиырылып-созылуы арқылы баяу жылжып қозғалады.
Денесін қаптайтын шырыш ұлудың аяғы мен төсемік (ағаш жапырағы, су түбіндегі тас, су өсімдіктері және т.б.) арасындағы үйкелісті азайтып, қозғалысты жеңілдетеді.
Теңіз былқылдақденелілерінің реактивті қозғалысы
Кальмар, сегізаяқ, каракатица сияқты теңіз былқылдақденелілері реактивті тәсілмен қозғалады. Шапанша саңылауы арқылы шапанша қуысына су толады.
Содан кейін аяқтың алдыңғы бөлігінен түзілген шұқырақ (воронка) арқылы су сыртқа үлкен күшпен айдалып шығарылады. Су ағыны денені серпінді түрде итеріп, жылдам қозғалтады.
Қысқаша түйін
- Қозғалыс тіршілік үшін қажет: қорғану, қорек табу, қолайлы ортаға бейімделу.
- Омыртқасыздарда қозғалыс әртүрлі құрылымдар арқылы іске асады: бұлшықет талшықтары, қылтанақтар, «аяқ», реактивті ағын.
- Қозғалу тәсілі жануардың тіршілік ортасына тікелей байланысты.
Толық нұсқасын жүктеу